May 6

«Араларыңызда муғаррибун дегендерді көрдіңіздер ме?»

Айша анамыз айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ маған: «Араларыңызда муғаррибун дегендерді көрдіңіздер ме?», - деп сұрады. Мен: «Муғаррибун деген не?», - деп сұрадым. Ол ﷺ: «Жындар араласқандар», - деді. (Әбу Дәуіт).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4564) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Айша анамыз айтты: «Аллаһ Елшісі ﷺ маған: «Араларыңызда) яғни, бұл сөз адамзат тегіне қатысты айтылған. Мұнда еркектер әйелдерге қарағанда басымдықпен (жалпылықпен) аталып тұр (муғаррибун дегендерді көрдіңіздер ме?», - деп сұрады) бұл сөздің мағынасы – «алыстатылғандар» немесе «қуылғандар». Ал олардан кімнің нақты меңзеліп тұрғаны түсініксіз (жалпы, көмескі) болғандықтан, Айша анамыз бұл сөздің мәнін анықтауды қажет деп, былай деді: (Мен: «Муғаррибун деген не?», - деп сұрадым). Сұрақ сипатқа қатысты қойылды, яғни «тағриб» (тегінен алыстату) мағынасына. Сондықтан да Айша анамыз: «Муғаррибун кімдер?» деп емес, «Муғаррибун деген не?» деп сұрады. Сонда Пайғамбар ﷺ нақты жауап берді: (Ол ﷺ: «Жындар араласқандар», - деді) яғни, олардың адамның ұрығына немесе балаларына араласу дегенді білдіреді. Бұл – ерлі-зайыптылар қосылған кезде Аллаһты еске алмағандары үшін. Сол сәтте шайтан өз мүшесін адамның мүшесіне орайлап, онымен бірге жақындасады (яғни, жыныстық қатынасқа түседі). Аллаһу Тағала айтты: {Олармен мал-мүлік пен бала-шағаға ортақтас бол...}. Сондықтан хадисте айтылғандай, адам әйелімен қосылғысы келгенде былай деуі керек: «Аллаһтың атымен, уа, Аллаһ, бізді және бізге бергеніңнен (яғни, балаларымыздан) шайтаннан алыстата гөр!». Егер бұл дұға немесе «Бисмилләһ» айтылмаса, шайтан ол жақындасуға қатысады. Сонда осындай жақындасудан туылған бала «муғарраб» деп аталады, өйткені оған бөтен (жат) қан араласқан, немесе тегі алыстан, жат нәсілден келген деп есептеледі.

Тағы бір пікір бойынша: «Жындардың араласуы» деген – олардың адамға зина жасауды бұйырып, соны әдемі етіп көрсетуі. Соның салдарынан олардан дүниеге келген балалар дұрыс бағытсыз, яғни некесіз дүниеге келеді. Сондай-ақ бұл сөздің мағынасы – жанына жын серігі ерген, сол арқылы ғайыптан хабар алатын адам болуы да мүмкін деген жорамал бар».