Сәлде және жамалғы үстінен мәсіх тарту мәселесі.
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (146-ші хадистің түсіндірмесінде) осы мәселеге қатысты айтты:
«Әш-Шәукани «ән-Нәйл әл-Аутар» кітабында айтты: «Адамдар сәлде үстінен мәсіх тартуға қатысты әртүрлі көзқараста болған. Оның рұқсат екендігін Имам әл-Әузағий, Ахмад ибн Ханбал, Исхақ, Әбу Сәур және Дәуіт ибн Әли мақұлдаған.
Алайда олар мәсіх тартушының сәлдені дәреттің үстінен киюі шарт па, әлде шарт емес пе – деген мәселеде пікір таласты.
Әбу Сәур былай деген: «Сәлде үстінен тек оны дәретпен киген адам ғана мәсіх тарта алады. Бұл – мәсі үстінен мәсіх тарту үкіміне қияс (ұқсату)». Ал қалғандары мұны шарт деп есептемеген».
Сол секілді ғалымдар мәсіх тарту уақыты жайында да пікір таласты. Әбу Сәур былай деді: «Сәлде үстінен мәсіх тартудың мерзімі мәсі үстінен тарту уақыты секілді». Ал көпшілік ғалымдар, – Хафиз ибн Хаджар «әл-Фатх» кітабында айтқанындай, – тек сәлде үстінен мәсіх тартумен шектелуге болмайды деген көзқарасты ұстанды.
Әт-Тирмизи айтты: «Пайғамбар ﷺ сахабаларының бірқатары: «Сәлде үстінен мәсіх тарту тек бастың бір бөлігін (яғни, біздің мәзһабта 1\4) қамтып тартылса ғана рұқсат. Бұл — Суфиян әс-Сәури, Имам Мәлик, Ибн әл-Мубарак, Имам Шәфиғи, сондай-ақ Имам Әбу Ханифаның да көзқарасы. Олар бұл пікірлеріне дәлел ретінде: «Аллаһу Тағала Құранда басты мәсіх тартуды парыз етті (﴾Бастарыңа мәсіх тартыңдар﴿ («әл-Мәида» сүресі, 6 аят)). Ал сәлде туралы риуаяттар жорамал түсіндіруге мұқтаж. Сол себепті жорамал түсіндіруге ие риуаят үшін нақты үкім (Құран аяты) қалдырылмайды. Себебі сәлде үстінен мәсіх тарту – тікелей бастың өзін мәсіх тарту емес», – деп уәж келтірген.
Шаш бас деп аталмаса де, шашқа тартылған мәсіх (басқа тартылған мәсіх секілді) жарамды. "Шаш – басқа жапсарлас орналасқаны себепті, бас деп аталады", – десе, онда дәл солай сәлде де "бас" деп аталды. Өйткені адамдар біреудің сәлдесінен сүйсе де: "Мен оның басынан сүйдім" дейді (яғни, хадисте сәлде үстінен мәсіх тарту айтылғанымен, оны «басқа мәсіх тарту» деп түсінеміз. Өйткені араб тілінде бір нәрсе белгілі бір ағзаға жапсарлас, өте жақын орналасса, сол ағзаның атымен атала беруі қалыптасқан тілдік тәсіл)».
Мен (Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди) айтам: «Имам Мухаммад ибн әл-Хасан риуаят еткен «әл-Муатта» хадис жинағында айтты: «Біз осыған амал етеміз: жамылғы мен сәлде үстінен мәсіх тартуға болмайды. Бізге жеткен хабар бойынша, сәлде үстінен мәсіх тарту болған, бірақ кейіннен ол тәрк етілген. Бұл — Имам Әбу Ханифаның және фиқһ ғалымдарымыздың көпшілігінің көзқарасы».
Хазірет Абдул-Хай (әл-Ләкнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди) өзінің «әл-Муатта» еңбегіне жазған түсіндірмесінде (1\287) айтты: «Бұл мәселеге қатысты риуаяттарда айырмашылық бар. Пайғамбарымыздың сәлдесіне мәсіх тартқаны жайлы Амр ибн Умайя әд-Дамри, Биләл, әл-Муғира ибн Шуғба және Әнас арқылы риуаяттар келген. Бірақ олардың барлығында сенімділікке нұқсан келтіретін жасырын кемшіліктер бар (сондықтан дәлел ретінде алынбайды)».
Дәлел — Аллаһ Тағаланың: ﴾Бастарыңа мәсіх тартыңдар﴿ («әл-Мәида» сүресі, 6 аят) деген ашық бұйрығы. Өйткені кімде-кім шашының үстінен мәсіх тартса, ол шариғатта бастың үстінен мәсіх тартқан болып есептеледі. Пайғамбарымыздың ﷺ шашының көп болғаны белгілі және Оның ﷺ шашының үстінен мәсіх тартқаны дәлелмен бекіген.
Ал сәлде үстінен мәсіх тарту – ғұрыптық тұрғыда бастың үстінен мәсіх тарту болып есептелмейді. Бұл шындықты жоққа шығару – қасарысу.
Егер біреу: «Сәлде де сондай ғой, өйткені “басындағы сәлдеден сүйсе де, оның басынан сүйдім” деп айтылады», – десе, біз айтамыз: «Иә, сәлде арқылы сүю – ғұрыпта бастан сүю деп есептелуі мүмкін, бірақ бұл ғұрыптық үкім мәсіхке қатысты жүрмейді. Себебі мәсіх тарту үкіміне келгенде, сәлде үстінен тарту бастың үстінен тарту болып есептелмейді».