September 2

Намаздан кейін қол көтеріп дұға ету мәселесі

Ғасырымыздың Имамы Ануар Шаһ әл-Кәшмири әл-Ханафи әл-Матуриди, Аллаһ оны рақымына алсын, өзінің «Сахих» әл-Бухариге жазған әйгілі «Фәйду әл-Бәрри» (2\213) түсіндірмесінде намаздан кейін қол көтеріп дұға ету мәселесінде айтты:

«Пайдалы ескерту. Біліп қой: осындай белгілі бір қалыппен (яғни әрқашан намаздан кейін белгілі тәртіппен) жасалатын дұғалар Пайғамбарымыздан ﷺ сахих жолмен жеткен емес. Сол сияқты, намаздардан кейін дұғада қол көтеру де Оның ﷺ тарапынан өте сирек болған, өте аз рет риуаят етілген. Алайда, бұл мәселеде кейбір сөздік түрде ынталандырулар (тарғиб) келген. Сондықтан, мұндай амалды бірден бидғат деп үкім беруге болмайды.

Күнімізде жасалып жүрген дұғалар (намаздан кейін, жамағатпен де, жалғыз өзі де, әрдайым қол көтеріп дұға ету) – сүннет емес, яғни Пайғамбардан ﷺ нақты бекіген амал емес. Бірақ бұл – бидғат та емес, өйткені ол дінде түбірі жоқ нәрсе емес. Бұл мәселедегі негізді мен өзімнің «Нәйл әл-Фирқадәйн» атты рисаламда түсіндірдім: Пайғамбарымыздың ﷺ дұғаларының көбі зікір сипатында болған – Оның тілі әрдайым зікірде болатын. Бұл зікірлер адамның әртүрлі жағдайларына байланысты кеңейтіліп айтылатын: ﴾Олар тікесінен тұрып та, оытырп та, бір бүйірлеп жантайып жатып та үнемі Аллаһты еске алады﴿ («Әли Имран», 191 аят).

Осындай әртүрлі хәлде үздіксіз зікір ететін адам үшін дұғаны тек қол көтерумен (яғни арнайы бір қалыппен) ғана шектемеуі керек. Өйткені қол көтеру – (онсыз дұға қабыл болмайтын дұғаның өзегі емес, бәлки) ерекше бір жағдай үшін, сұраныстың формасы ретінде ғана келген. Егер осы айтылған мағынаға терең бойлай алсаң, көкірегіңдегі күмән мен түсінбеушілік сейіледі.

Қол көтеру – бидғат емес. Оған қатысты көптеген сөздік риуаяттарда рұқсат бар. Пайғамбарымыз ﷺ намаздан кейін кейде қол көтеріп дұға еткен, бірақ бұл өте сирек. Оның зікір мен уирдтерге (күнделікті дұғаларға) қатысты жолы – өзіне Аллаһ таңдағанды ғана таңдау еді. Ал үмбетке келер болсақ, ол қол көтеріп дұға етуге ынталандырып (тарғиб), өзі жиі істемесе де, рұқсат берген.

Сондықтан, егер біреу намаздан кейін қол көтеріп дұға етуді әдетке айналдырса – бұл Пайғамбар ﷺ өзі көп істемесе де, үмбетін ынталандырған амалды орындаған болып саналады. Осыны біліп ал!».