Күн және ай тұтылғанда оқылатын намаздар
КҮН ТҰТЫЛҒАНДА ОҚЫЛАТЫН «КУСУФ» НАМАЗЫ:
• (Егер күн тұтылса, имам) немесе оның орынбасары (адамдармен намаз оқиды, нәпіл намаз секілді): яғни: құтпа оқылмайды, азан шақырылмайды, қамат айтылмайды, рукуғ бірнеше рет қайталанбайды, бәлки (әр ракағатта тек бір рукуғ болады), бірақ (Құранды ұзақ етіп оқиды). Сондай-ақ, рукуғ, сәжде және намазда келген дұғалар да ұзақ оқылады.
• (Құранды іштен оқиды) – бұл Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша. Ал Әбу Юсуф пен Мухаммад дауыс шығарып оқиды деді.
«Ат-Тасхих» кітабында айтты: «Имам әс-Сижистани «Зәду әл-Фуқаһа» кітабында, Имам әл-Әләу «әт-Тухфа» кітабында айтты: «Дұрыс көзқарас – Әбу Ханифаның сөзі».
Мен (автор) айтамын: «Бұл (яғни, Әбу Ханифаның көзқарасы) – ән-Нәсәфи, әл-Махбуби және Садру әш-Шәриға секілді (аса сенімді) ғалымдардың сүйенген пікірі.
• (Намаздан кейін имам күн толықтай ашылғанша) құбылаға қарап отырып немесе адамдарға қарап тұрып (дұға етеді), ал халық барлығы бірдей дұғаға «әмин» деп тұрады.
• Жамағатқа жұма намазына имам болып жүрген адам имамдық етеді.
• (Егер имам болмаса: адамдар өз алдына) екі ракағат немесе төрт ракағат өз үйлерінде (жеке оқиды). Бұл «Шарху ат-Тахауи» кітабында айтылғанындай.
АЙ ТҰТЫЛҒАНДА ОҚЫЛАТЫН «ХУСУФ» НАМАЗЫ:
• (Ай тұтылғанда жамағатпен оқылатын намаз жоқ¹) өйткені ай тұтылуы түнде болғандықтан адамдардың жиналуы қиындық туғызғандықтан (әркім өз алдына жеке оқиды). «Джауһара» кітабында солай келген. Аллаһ Елшісінің ﷺ: «Сендер бұл қорқынышты құбылыстардан бір нәрсе көрсеңдер, онда намазға асығыңдар» деген.
• (Күн тұтылу намазында құтпа жоқ) өйткені бұл жайында ешбір риуаят келмеген. «Һидая» кітабында айтылған.
¹Яғни, жамағатпен оқу шариғатталмаған, яғни жеке оқыған дұрыс. «Ән-Нәһр» (1\334) кітабында: «Жамағатпен оқу рұқсат, бірақ сүннет емес», - деп айтылды.
Имам Абдул-Ғани әл-Ғунайми әл-Майдани әд-Димашқи әл-Ханафи, «әл-Любаб фи шархи әл-Китаб», «Кусуф және Хусуф намаз бабы».