July 30

{Сонда Перғауын Һаманға: «Әй, Һаман! Маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз!}

Тура жолдың имамы болған имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-Сунна» тәпсірінде «Ғафир» сүресінің (36-37 аяттың) тәпсірінде айтты:

«{Сонда Перғауын Һаманға: «Әй, Һаман! Маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз! Бәлкім, сол арқылы көктегі жолдарға жетермін». Күллі аспан әлемін сүзіп шығуға болатын жолдарға жетермін. Кім біледі, бәлкім Мұсаның құдайын да көрермін} («Ғафир», 36-37 аят). Мушаббиһтер (Аллаһты жаратылысқа ұқсатушылар): «Егер Муса перғауынға Аллаһтың аспанда екенін айтпаған болса, онда перғауын Хаманға аспанға көтерілетін мұнара салуды бұйырмас еді», - дейді. Аллаһу Тағала хабар бергендей, қарғыс атқыр перғауын сөйтіп Мусаның құдайына көз жеткізбек болды.

Бірақ біз оларға былай деп айтамыз: «Бұл аяттар олар [мушәббиһтер] үшін ешқандай дәлел емес. Өйткені, бұл оның Муса пайғамбар туралы өз халқын шатастыру үшін айтқан өтіріктерінің бірі болуы әбден мүмкін. Мысалы, оның [перғауынның]: {Мұса жайлы: «Бұл бір әккі сиқыршы әрі барып тұрған өтірікші!» – десті} («Ғафир», 24 аят), {Демек, [Муса] бәріңе сиқыр үйреткен пірлерің сол болды ғой} («Таха», 71 аят) және {«Ол сендерді ата-мекендеріңнен қуып шығуды көксейді. Ендеше, оған қатысты не бұйырасыңдар (не айтасыңдар)?» – деді} («әш-Шуғара», 35 аят) және тағы басқа Муса жайлы айтқан алдаулары секілді.

Сол сияқты оның (яғни, перғауынның): {Сонда Перғауын Һаманға: «Әй, Һаман! Маған арнап, көкпен таласқан зәулім мұнара салғыз! Бәлкім, сол арқылы көктегі жолдарға жетермін». Күллі аспан әлемін сүзіп шығуға болатын жолдарға жетермін. Кім біледі, бәлкім Мұсаның құдайын да көрермін}, - деген сөзі де өз халқын Муса туралы шатастырып, алдаған бір қулығы болды. Перғауын өз халқына былай деп айтқандай болды: «Ақиқатында Муса сендерді аспандағы (яғни, біздің арамызда жоқ болған) құдайына шақырып жатса, мен (қазір сендердің араларында бар болған) жердегі құдайымын». Осылайша Муса пайғамбар оған Аллаһу Тағала аспанда деп айтпаған болса да, перғауын мұны өз бетінше ойдан шығарып, басқа да қулықтары секілді халықты алдау үшін айтты. Дұрысын Аллаһ білуші.

Тағы бір пікір бойынша, перғауын берекет пен ризық көктен түсетінін көрген соң Аллаһ аспанда деп ойлады».