May 18

«Жердегілерге мейірімді болыңдар, сонда көктегі де сендерге рақым етеді».

Хазіретті Абдуллаһ бин Амрдан – Аллаһ олардың екеуіне де разы болсын – риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ: «Мейірімділерге Аса Рақымды (Аллаһ) рақым етеді! Жердегілерге мейірімді болыңдар, сонда көктегі де сендерге рақым етеді» (хадисті Әбу Дауд және Тирмизи риуаят етті).

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4969) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Мейірімділерге Аса Рақымды (Аллаһ) рақым етеді!) өйткені мейірім олардың сипаты және адамдар олардың мінез-құлықтарын қабылдайды. (Жердегілерге мейірімді болыңдар) Ат-Тыйби айтты: ««Жердегілер» деп барлық жаратылыстарды қамту үшін жалпылама келді: әділдер мен зұлымдарға, адамдарға, жануарлар мен құстарға мейірім көрсету»; (сонда көктегі де сендерге рақым етеді) хадистің басқа нұсқасында: «Оның көктегі кең патшалығы және теңдесіз құдіреті» немесе «көктер мен жерге жүретін әмірі сендерді рақым етеді». Хадисте «көктегі» деп аспанды ерекшелеп айтуы, өйткені аспан жерге қарағанда шарапатты болғандықтан, немесе аспан деген уақытта жер онымен бірге түсінілетін болғандықтан немесе аспан жерді қоршап, жер аспан әлемінің ортасында қалып, аспанның жанында сақина тәрізді болғандықтан жер аспанмен бірге айтылмады. «Көктегі дегеніміз - періштелер, өйткені олар иман келтіргендер үшін кешірім тілейді: ﴾«Уа, Раббымыз! Сенің шексіз рақымың мен ілімің барлық нәрсені толық қамтыған! (Яғни, Сен әрбір жаратылыстың мұң-мұқтажын шексіз іліміңмен білесің әрі оларды шексіз рақымыңа бөлеп, мұң-мұқтажына қамқорлық жасайсың)! Олай болса, тәубеге келіп, Өзіңнің жолыңа түскендерді кешіре көр, оларды жаһаннам азабынан сақтай көр!»﴿ («Ғафир», 7 аят)». Әл-Мазһар айтты: «Хадисте келген «көктегі» деген сөзінің мағынасында ғалымдар хиләфқа түсті: «Ол – Аллаһу Тағала, яғни: «Жер бетіндегілерге мейіріммен рахым етіңдер, көктегі де сендерді мейіріммен рахым етеді» делінді. Бұл сөздің мағынасы: «Көктегі де саған рақым етеді», яғни Оның патшалығы мен құдіреті. «Көктегі» деп аспанға жатқызу себебі, өйткені ол жерден кеңірек және үлкен болғандықтан немесе аспан жерден биік және жоғары болуына байланысты немесе дұғаның құбыласы және пәк рухтардың мекені болғандықтан», - деді. Басқалары: ««Көктегі» сөзінің мағынасы – періштелер, яғни: періштелер Аллаһтың әмірімен сені дұшпандардан, жамандықтан қорғайды, Мейірімді Аллаһтан сендер үшін кешірім мен мейірім тілейді» деді. Мен (Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди) айтамын: «Бірінші мағынасы – хадистің басы көрсеткендей, бұл (яғни, ««көктегі» дегеннің мағынасы – періштелер» деген) негізгі мағына, өйткені періштелердің рақымы Аллаһу Тағаланың рақымдылығының бір тармағы»; (хадисті Әбу Дауд және Тирмизи риуаят етті) және былай деп қосылған: «Туыстық қатынас – Рахманның бір бұтағы. Кім туыстармен байланысты сақтаса, Аллаһу Тағала онымен байланысты сақтайды, кім туыстармен байланысты үзсе, Аллаһу Тағала онымен байланысты үзеді». Имам әт-Термизи: «Бұл хадис жақсы және сахих», - деді».