«Әшғари-матуридилер Аллаһу Тағаланың тек жеті ғана сипатына сенеді...»
Уаһаби-хауаридждердің кезекті өтіріктеріне жауап:
- Пайғамбар ﷺ айтты: «Дәлел айыптаушы тараптан». Осы хадиске сай, айыптаушы тарап сүннет иелері Аллаһу Тағаланың тек жеті ғана сипатына сенеді және Аллаһтың сипаттарын шектейді деген сөздерін дәлелдеуі керек (қай кітапта, қай бетте дегендей)!
- Сүннет иелері (Әшғари мен Матуридилер) Аллаһу Тағаланың барлық есім-сипаттарына иман келтіреді және бекітеді, бәлки біздің құзырымызда Аллаһу Тағаланың есім-сипаттарын нақты бір санмен шектеу жоқ!
- «Егер Аллаһу Тағаланың сипаттарына шектеу қоймасаныздар, онда не үшін халыққа жеті сипатты ғана үйретесіздер?», деген сұрақтың жауабы: «Біз халыққа тек жеті сипатты ғана үйретпейміз, бұл жала! Ғалымдар жеті сипатты қара халыққа Аллаһтың сипаттарын үйрету жеңіл болуы үшін, бастауыш ретінде, ықшамдалған білім жүйесі ретінде ғана қарастырған. Өйткені халық Аллаһу Тағаланың барлық сипаттарын мағынасымен бірге үйренуі екі талай, тіпті намазхандардың өздері Аллаһу Тағланының 99 есімін жатқа білмейді. Мысалы біз сіздерден «егер сахабалар, тәбиғиндер, тіпті төрт имам да таухидты үшке бөлмеген болса, онда сіздер не үшін тахидты үшке бөлесіздер?» деп сұрасақ, сіздер: «Ақиданы халыққа түсіндіру жеңіл болу үшін, білім беру жүйесі ретінде бөлеміз» деген сөздеріңіз секілді ғой (бұл мәселеде айтатын нәрсе көп, бірақ мына жерде емес).
- Ал сол (негізі 14) сипатқа келсек, «субути сипаттар»: «Хаят: Тірі болу. Аллаһ мәңгілік тірі; Ілім: Білу. Аллаһ өткенді, келешекті, жасырын мен ашықтың барлығын біледі. Жүректегіні де біледі; Самиғ: Есту. Аллаһ барлық нәрсені естиді; Басар: Көру. Аллаһ барлық нәрсені көреді; Ирада: Қалау. Аллаһ қалайды, қалағанын орындайды; Құдірет: Құдірет иесі. Аллаһ шексіз құдіретке ие, барлық нәрсеге күші, қуаты жетеді; Кәлам: Сөйлеу. Аллаһ кәлам иесі, сөзін пайғамбарларына естірткен. Құран – Аллаһтың сөзі». Енді «зати сипаттар»: Ужуд: Бар болу. Аллаһ бар, жоқ болуы мүмкін емес; Қидәм: Аллаһтың бар болуының бастауы жоқ. Аллаһ кейіннен пайда болған жаратылыс емес. Еш нәрсе жаратылмай тұрып Аллаһ бар болатын; Бәқа: Аллаһтың бар болуының соңы жоқ. Әр нәрсе жоқ болып кетсе де Аллаһ бар болып қала береді; Уахданият: Аллаһ жалғыз дегенді білдіреді. Аллаһ жалғыз, ұқсасы, серігі жоқ; Мухаләфәтун лил-хауадис: Кейіннен болғандарға ұқсамау. Аллаһ жаратқандарының ешбіріне ұқсамайды; Қиям бинафсиһи: Аллаһтың бар болуы өздігінен. Жаратушы ие еш нәрсеге мұқтаж емес, барлық нәрсе Аллаһқа мұқтаж. Бұл сипаттар басқа сипаттардан ерекшеленіп айтылуы, біз тек осы сипаттарға ғана сенеміз деген емес, өйткені Аллаһу Тағаланың басқа барлық бекітілген сипаттары осы сипаттарға қайтады. Мысалы: «жоқтан бар етуші», «қайта тірілтуші» және тағы сол сияқты сипаттар Құдірет сипатына қайтатыны секілді.
- Сүннет иелері: «Аллаһу Тағаланың «ар-Рахман», «ар-Рахим»... деген секілді басқада сипаттары жоқ демейді, бәлки бұл сипаттарды жоққа шығаруды күпірлік дейді.
Кезінде бұл сипаттар барлық мешіттерде қара халыққа және медреселерде балаларға бастауыш ретінде үйретілетін. Сонда көшеде жүрген кез-келген мұсылманнан «сенің Аллаһқа деген сенімін қандай?» деп сұраса, әлгі мұсылман жоғарыдағы сипаттарды ықшамдап былай деп жауап беретін: «Аллаһ бар және жалғыз. Бар болуының басы не соңы жоқ. Аллаһ жаратылғандардың ешбіріне ұқсамайды. Жаратушының бар болуы өздігінен. Ешбір нәрсеге мұқтаж емес. Бүкіл жаратылыс Аллаһқа мұқтаж. Аллаһ мәңгі тірі. Ол барлық нәрсені біледі, естиді, көреді. Аллаһ қалайды, қалағанын орындайды және ешкім араласа алмайды. Аллаһ шексіз күш, қуат иесі. Барлық нәрсеге құдіреті жетеді, қалағанын жоқтан жаратады, қалаған жоқ етеді. Аллаһтың кәләмі хақ, пайғамбарларына сөзін естіртіп, бұйрықтарын жеткізген. Дініміздің киелі кітабы – Құран Кәрім, Аллаһтың сөзі».
Енді шыныңды айтшы, иә уаһаби, бұл ақиданың қай жерінде проблема бар?