August 10

«Біздің қасымызда бір жетімнің шарабы бар еді. «Әл-Мәида» сүресі түскен кезде, мен Аллаһ Елшісінен ﷺ ол туралы сұрап: «Бұл — жетімнің (шарабы)» дедім. Ол ﷺ: «Төгіп тастаңдар» — деді».

Хазіретті Әбу Сәид әл-Худри риуаят еткен хадисте айтты: «Біздің қасымызда бір жетімнің шарабы бар еді. «Әл-Мәида» сүресі түскен кезде, мен Аллаһ Елшісінен ﷺ ол туралы сұрап: «Бұл — жетімнің (шарабы)» дедім. Ол ﷺ: «Төгіп тастаңдар» — деді». Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3648) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Біздің қасымызда бір жетімнің шарабы бар еді. «Әл-Мәида» сүресі түскен кезде) әл-Музһир айтты: «Мұнда шарапты харам еткен аят меңзеліп тұр. Ол — Аллаһ Тағаланың: ﴾Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар. Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер) һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Аллаһты еске алудан һәм намаздан қақпайлауды (тыюды) ғана көксейді. Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!﴿ деген екі аяты («Әл-Мәида» (90-91 аят)).

Бұл екі аятта шараптың харамдығын білдіретін жеті дәлел бар:

  1. ﴾Лас﴿ (арам нәрсе) — «Лас» дегеніміз — нәжіс. Ал, барлық нәжіс — харам.
  2. ﴾Шайтанның ісінен﴿ — Шайтанның ісінен болған нәрсе — харам.
  3. ﴾Бұлардан аулақ болыңдар﴿ — Аллаһ аулақ болуға бұйырған нәрсенің барлығы — харам.
  4. ﴾Мақсат-мұраттарыңа жету үшін﴿ — Егер бір нәрседен аулақ болу құтылуға себеп етілсе, оны істеу — харам.
  5. ﴾Шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды﴿ — Мұсылмандардың арасына дұшпандық пен өшпенділік тудыратын нәрсе — харам.
  6. ﴾Шайтан сендерді Аллаһты еске алудан һәм намаздан қақпайлауды (тыюды) ғана көксейді﴿ — Мұсылмандарды Аллаһты еске алудан және намаздан тыятын нәрсе — харам.
  7. ﴾Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!﴿ — Мағынасы: «Тыйылыңдар!» Ал, Аллаһтың тыйылуға бұйырған нәрсесін жасау — харам.

«Әл-Кәшшаф» кітабында: «﴾Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!﴿ — ең күшті тыйым салу тәсілдерінің бірі. Былай деп айтқан секілді: «Сендерге барлық түрлі себептер мен тыйымдар баяндалды. Енді осы себептерден кейін тыйыласыңдар ма, әлде бұрынғыдай ескерту мен тыйымды елемей жалғастыра бересіңдер ме?»».

Мен айтамын: «Сегізінші — бұл аятта шараптың пұттармен қатар аталуында. Өйткені Аллаһ: ﴾Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары табыну үшін орнатылған пұттар ...﴿ — деді. Күпірлікпен қатар айтылған нәрсе, ең аз дегенде, харам болады. Сондықтан да хадисте: «Арақ ішуші — пұтқа табынушы» және былай делінген: «Арақ ішуші — Лат пен Ұззаға (арабтар құлшылық қылған ежелгі пұт атаулары) құлшылық қылушы». Бұл туралы кітапта (келесі жерде) дәлел болатын нәрсе келтіріледі; (мен Аллаһ Елшісінен ﷺ ол туралы сұрап) яғни, шарап жайлы сұрадым. («Бұл — жетімнің (шарабы)» дедім. Ол ﷺ: «Төгіп тастаңдар» — деді»). «Төгіңдер» деген сөз тура мағынада қолданылады».