August 10

Баласын, қызметшісін, шәкіртін немесе солар секілді адамдарды тәрбиелеу, жамандықтан тыю және нәпсісін тәрбиелеу мақсатында жағымсыз атпен атау туралы тарау.

Шейхул-Ислам имам ән-Нәуәуи әш-Шәфиғи әл-Әшғари өзінің әйгілі «әл-Әзкәр» кітабында айтты:

Ибн әс-Суннидің кітабында сахаба Абдуллаһ ибн Буср әл-Мәзиниден (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етті:

«Анам мені бір шоқ жүзімді Аллаһ Елшісіне ﷺ апарып беруге жіберді. Бірақ мен оны жеткізбей тұрып, одан аздап үзіп жедім. Жүзімді алып барғанымда, ол ﷺ құлағымнан ұстап: “Уа, опасыз!” — деді».


Имам әл-Бухари мен Муслимнің «Сахихтарында» Әбу Бәкір әс-Сыддықтың баласы Абдур-Рахманнан Әбу Бәкірдің (Аллаһ оларға разы болсын) айқын кереметін қамтыған ұзақ хадисін риуаят еттік.
Жалпы сол хадистің мазмұны мынадай: Әбу Бәкір әс-Сыддық (Аллаһ оған разы болсын) бір топ адамды қонаққа шақырып, оларды үйіне отырғызады да, өзі Аллаһ Елшісінің ﷺ қасына кетіп қалады. Сөйтіп хазіретті Әбу Бәкір үйіне өте кеш келеді. Үйіне оралған кезде үйдегілерге: «Оларға кешкі ас бердіңдер ме?» — деп сұрайды.
Үйіндегілер: «Жоқ», — дейді. Сонда ол ұлы Абдур-Рахманға бұрылып:
«Әй, арамза! Мұрның түсіп қалғыр!» — деді де, баласын сөгеді.
Аллаһ жақсырақ біледі.

Ғұлама ғалым Мухаммад Али ибн Мухаммад Аллан әл-Бәкри әс-Сыддиқи әш-Шафиғи өзінің әйгілі «әл-Футухат әр-Раббания әлә әл-Әзкар ән-Нәуауия» кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Анам мені бір шоқ жүзімді Аллаһ Елшісіне ﷺ апарып беруге жіберді. Бірақ мен оны жеткізбей тұрып, одан аздап үзіп жедім. Жүзімді алып барғанымда, ол ﷺ құлағымнан ұстап:) яғни құлағын бұрады. Ол ﷺ мұны оны тәрбиелеу үшін істеді. Өйткені ол аманатты тиісті жеріне жеткізбей тұрып, одан жеп қойған еді. (“Уа, опасыз!” — деді»).

«Ас-Сихах» кітабында: «Опасыз — уәдеге берік болмау. “Ол оған опасыздық жасады” делінеді. Бұл сөз көбінесе біреуді сөгіп, қаратпа түрде: “Уа, опасыз!” деп айтуда қолданылады», — делінген.