Құрылыс тұрғызу және оны әшекейлеудің үкімі.
«Үй салудағы сүннет — үй тек қажетті деңгейде болу керек. Үй салғанда адам өзін және отбасын ыстық пен суықтан қорғауды, оларға пана болуды ниет етуі қажет. Мұндай ниет — сауапқа жеткізетін дұрыс шығын болып саналады.
«Малды су мен лайға (яғни құрылысқа) жұмсауда қайыр жоқ» деп келген сөгіс хадис — адамның қажетінен артық сәнқойлыққа жұмсағаны және жақсылық пен сауапты мақсат етпегені туралы.
Адамға үйін гипспен, күйдірілген кірпішпен, сапалы ағашпен, алтын немесе күміс суымен әшекейлеуіне, тіпті есігін алтындатуына немесе күмістеуіне болады.
Алайда үйдің ешбір жеріне — төбесіне де, қабырғасына да, еденіне де — жаны бар тірі бейненің суретін салу рұқсат етілмейді.
Үйдің еденіне қалаған төсенішін төсеуге болады: жүннен, мақтадан, зығырдан, боялған немесе боялмаған жібектен жасалған, өрнекті немесе өрнексіз кілемдерден.
Ыстық пен суықтан сақтау үшін қабырғаларды киізбен немесе басқа материалдармен қаптауға да рұқсат.
Жаны бар суреті бар кілем-төсенішті еденге төсеуге болады — өйткені бұл суретті қорлау болып есептеледі.
Ал жаны бар тірі бейне суреті бар затты қабырғаға ілуге болмайды».
Имам Әләуд-Дин ибн Мухаммад Әмин Әбидин әл-Ханафи, «әл-Һадийяту әл-Ғәләия» (Шейх Башар Бәкри Араби әд-Димашқидің түсіндірмелерімен), 521-522 бет.