November 2

Жаман ойға жол бермеу үшін күмәнді іс-әрекетті түсіндіру – сүннет!

Бізге Ахмад ибн Мухаммад ибн Шәббубә әл-Мәруәзий, ол Абдур-Раззақтан, ол Мағмардан, ол әз-Зуһриден, ол Әли ибн әл-Хусейннен, ол Сафияның былай деп айтқаның жеткізді: «Аллаһ Елшісі ﷺ иғтикафта отырған кезінде мен түнде оған барып, сәлем беріп сөйлестім. Сосын тұрып, қайта қайттым. Аллаһ Елшісі ﷺ мені шығарып салуы үшін менімен бірге тұрды. Сафия анамыздың үйі Усама ибн Зайдтың үйінде болатын. Сол кезде екі ансарлық ер адам жанымыздан өтіп бара жатты. Олар Аллаһ Елшісін ﷺ көрген кезде жылдамдатты. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ оларға: “Баяу жүріңдер! Бұл – Хуайейдің қызы Сафия”, – деді. Олар: “Субханаллаһ, уа, Аллаһтың Елшісі!” – деді. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: “Адам баласының бойында шайтан қанмен бірге жүреді. Сондықтан сендердің жүректеріңе (маған қатысты) бір күмән немесе жаман ой салып жібере ме деп қорықтым”, – деді». Хадисті Әбу Дәуіт жеткізді.

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (2470-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Бізге Ахмад ибн Мухаммад ибн Шәббубә әл-Мәруәзий, ол Абдур-Раззақтан, ол Мағмардан, ол әз-Зуһриден, ол Әли ибн әл-Хусейннен) Зәйнул-Әбидиннен (ол Сафияның) яғни, мүміндердің анасы Сафия анамыздың (былай деп айтқаның жеткізді): («Аллаһ Елшісі ﷺ иғтикафта отырған кезінде мен түнде оған барып, сәлем беріп сөйлестім). Буухари Шуғайбтен риуаят еткен хадисте: «Сафия анамыз Аллаһ Елшісіне ﷺ иғтикаф кезінде, Рамазан айының соңғы он күндігінде мешітке келіп, біраз уақыт сөйлесті». (Сосын тұрып, қайта қайттым) яғни, үйіме қарай беттедім. (Ол ﷺ мені шығарып салуы үшін менімен бірге тұрды. Сафия анамыздың үйі Усама ибн Зайдтың үйінде болатын). »

Хафиз Ибн Хажар айтты: Хишам ибн Юсуф, ол Мағмардан, ол әз-Зуһри тізбегімен келген риуаятта былай делінеді: «Пайғамбарымыз ﷺ мешітте отырған кезінде қасында басқа жұбайлары да бар еді. Олар қайтып кеткен соң, ол Сафия анамызға: "Асықпа, мен сенімен бірге қайтамын", – деді».

Мұндағы Пайғамбарымыздың ﷺ Сафияға арнайы айтуының себебі ретінде мынадай жорамал бар: Сафия анамыз өзгелерден кешірек келген болуы мүмкін, сондықтан Аллаһ Елшісі ﷺ оған: «Күте тұр, мен сені шығарып салайын» – деп, басқа жұбайларымен тең болу үшін қосымша уақыт бөлгісі келген. Немесе басқа жұбайларының үйлері мешітке жақын, ал Сафия анамыздың үйі алысырақ болған, сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ оның қауіпсіздігі үшін бірге барғысы келген. Немесе, ол кезде Аллаһ Елшісі ﷺ басқа бір іспен айналысып жатқан болуы мүмкін, сондықтан Сафия анамызға: «Тос, бітіріп сені шығарып салайын», – деген.

Ал риуаяттағы «Сафия анамыз Усама ибн Зайдтың үйінде тұрған» деген сөзге келсек: Бұл «үй кейіннен Усамаға тиесілі болды» деген мағынада. Себебі оқиға кезінде Усама ибн Зайдтің жеке үй болмаған.

(Сол кезде екі ансарлық ер адам жанымыздан өтіп бара жатты). Ал, Бухаридегі Шуғайб әз-Зуһриден жеткізген риуаятта: «Ол мешіттің есігіне, яғни Умму Сәләмәның есігіне жеткенде, ансарлардан екі адам өтті» – делінген.

Хафиз Ибн Хажар айтты: «Мен бұл екі адамның есімі ешбір хадис кітабында келтірілгенін көрмедім. Бірақ Ибн әл-Аттар «Шарх әл-Умда» кітабында: «Олар — Усайд ибн Хузайр мен Аббад ибн Бишр еді» – деп тұжырым жасаған. Алайда ол бұл сөзін нақты бір дерекке сүйенгенің айтпаған.

Суфйан риуаятында: «Ансарлық бір кісі көрді» – деп жекеше түрде келген.

Ибн әт-Тин бұл – күмән деп айтып, былай деген: «Бәлкім, бұл оқиға бірнеше рет қайталанған болуы мүмкін».

Мен (Ибн Хажар) айтамын: «Негізінде оқиғаның қайталануын негізсіз жорамалдауға болмайды. Бұл – бір адамның екінші біреуге еріп жүруі, немесе Пайғамбардың ﷺ тікелей біреуіне ғана сөз айтуы, екіншісіне емес, дегенге саяды. Немесе әз-Зуһридің өзі күмәнданып, кейде «бір адам», кейде «екі адам» деп айтып кеткен болуы мүмкін».

(Олар Аллаһ Елшісін ﷺ көрген кезде) қасында әйелдің байқаған кезде, жүрістерін (жылдамдатты. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ оларға: “Баяу жүріңдер!) Яғни, сол қалпыларыңда жүре беріңдер, бұл жерде сендер ұнатпайтын ештеңе жоқ! (Бұл – Хуайейдің қызы Сафия”, – деді. Олар: “Субханаллаһ, уа, Аллаһтың Елшісі!” – деді). Бухари риуаятында мына қосымша да бар: «Бұл жағдай екеуіне ауыр тиді (яғни, Пайғамбарымыз ﷺ оларда күмән туар деп ойлады деген сөз олар үшін ауыр болды)». (Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: “Адам баласының бойында шайтан қанмен бірге жүреді). Мұндағы «Адам баласы» — жалпы ерлер мен әйелдерге ортақ, дәл Құрандағы: ﴾Ей, Адам баласы﴿ — деген сияқты, ол да ер тегінде келгенімен, әйелдер де соған кіреді. (Сондықтан сендердің жүректеріңе (маған қатысты) бір күмән) хадис риуаят етушінің күмәні (немесе жаман ой салып жібере ме деп қорықтым”, – деді»).

Хафиз Ибн Хажар айтты: «Осы риуаяттардан шығатын қорытынды — Пайғамбарымыз ﷺ бұл екі кісіні өзіне жаман ойлайды деп айыптамаған. Өйткені ол олардың шынайы иман иесі екеніне сенімді еді. Бірақ Пайғамбарымыз ﷺ олардың шайтанның азғыруынан толық қауіпсіз емес екенін білді — өйткені олар күнәдан пәк емес. Егер шайтан азғырса, ол оларды үлкен қауіпке душар етіп қоюы мүмкін еді.

Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ оларда ондай ой тумай тұрып, алдын ала жағдайды түсіндіру арқылы себепті жойды және бұл ісімен кейінгілерге де тәрбие мен үлгі көрсетті».