Мені нәпсімен қас қағым сәтке де оңаша қалдырма.
Хазіретті Әбу Бакра (Аллаһ одан разы болсын) жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Қиындыққа түскен адамның дұғалары: "Уа, Аллаһым! Сенің рақымыңды үміт етемін. Мені нәпсімен қас қағым сәтке де оңаша қалдырма. Барлық жағдайымды оңда. Сенен басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ!"». Хадисті Әбу Дәуіт риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2447) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Қиындыққа түскен адамның дұғалары) яғни, уайым-қайғыға түскен, кеудесін мұң басқан адамның дұғасы. Бұл дұғада көптеген мағыналар қамтылғандықтан, көпше түрде «дұғалар» деп аталған: ("Уа, Аллаһым! Сенің рақымыңды үміт етемін) яғни, мен Сенің рақымыңнан өзге ештеңеден үміт етпеймін. (Мені нәпсімен) яғни, мені өз еркіме, қарауыма (қас қағым сәтке де оңаша қалдырма) бір мезетке де, бір сәтке де. Себебі, адам баласының нәпсісі — оның ең қауіпті дұшпаны. Ол өте әлсіз, менің қажеттерімді орындай алмайды.
Ат-Тыйби айтты: ««Мені нәпсімен қас қағым сәтке де оңаша қалдырма» деген «Сенің рақымыңды үміт етемін» деген сөйлемге байланысты тұр. Яғни, бұл — сол үмітпен байланысты нәтиже, жалбарынудың жалғасы. Рақым — жалпылама ұғым, ал бұл жерде адам өз жағдайының бәрін Аллаһқа тапсырып, Оған ғана жүгінетінін білдіреді. Бұл дұғаның мағынасы былай: «Егер мен бар шаруамды Саған тапсыратын болсам, онда мені өзіме қалдырма. Себебі, мен не жақсы, не жаман екенін білмеймін. Кейде өзіме пайдалы деп ойлаған нәрсе зиян болып шығады, ал зиян деп ойлағаным пайдалы болуы мүмкін». Сосын, Аллаһтан өз жағдайын өзіне қалдырмауды сұрап болған соң, басқа біреуге емес, тек Аллаһқа ғана істерін тапсырып, былай дейді: (Барлық жағдайымды оңда) яғни, барлық істерімді түзетіп, дұрыс ете гөр! (Сенен басқа құлшылыққа лайық Тәңір жоқ!"») бұл дұғаның түйіні: Сенен басқа құлшылыққа лайық ешбір тәңір жоқ. Бұл сөйлем — дұғаның бар мағынасын түйіндейтін ақиқат: Аллаһ жалғыз құлшылыққа лайық. (Хадисті Әбу Дәуіт риуаят етті) сонымен қатар, Ибн Хиббан, Ибн Әби Шәйба, Ибн әс-Сунни және ат-Табарани де «барлық» сөзіне дейін ғана келген».