October 14

«Пайғамбарымыз ﷺ бір адамның етбетімен жатқанын көріп, былай деді: «Расында, бұл – Аллаһ ұнатпайтын жатыс».

Хазіретті Әбу Һурайра (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте айтты: «Пайғамбарымыз ﷺ бір адамның етбетімен жатқанын көріп, былай деді: «Расында, бұл – Аллаһ ұнатпайтын жатыс»». Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4718) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Пайғамбарымыз ﷺ бір адамның етбетімен жатқанын көріп, былай деді) яғни Пайғамбарымыз ﷺ бұл сөзді тікелей сол адамға айтуы болуы мүмкін — сыртқы көрініске қарағанда солай немесе әлгі адам насихатты қабылдамайтын болғандықтан, бұл сөзді оған емес, өзгеге қарата айтуы мүмкін: («Расында, бұл –) яғни, осы жатыс түрі (Аллаһ ұнатпайтын жатыс») — өйткені адам кеудесі мен жүзін, адамның ең қадірлі ағзаларын, жерге қойып жату, бұл — сәжде емес жағдайда қорлану болып саналады. Немесе бұл жату қалпы — лұт қауымының (гомосексуалдардың) жату үлгісіне ұқсас болуы мүмкін, сол себепті оларға ұқсау — айыпты іс. Кейінгі хадистердің бірінде бұл жату түрі — «Аллаһтың жек көретін жату түрі» деп айтылады. Ал басқа бір хадисте: «Бұл – тозақ иелерінің жату түрі» деп келген».