September 8

﴾Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті﴿.

﴾Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!﴿ («әл-Исра» сүресі, 23 аят).

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«﴾Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді үкім етті﴿:

Кейбір ғалымдар бұл аяттағы ﴾... үкім етті﴿ деген сөзді — "шешім шығарды" деп түсіндірген. Басқалары: бұл жерде оның мағынасы — "бұйырды", яғни Раббың тек Оған ғана құлшылық етуді бұйырды, дейді. Тағы біреулері: бұл сөз "өсиет етті" деген мағынада, яғни Аллаһ сендерге тек Оған ғана құлшылық етуді өсиет етті, дейді. Кейбір риуаяттарда Ибн Мәсғуд пен Убайдың Құран оқу нұсқаларында бұл жер "өсиет етті" деп келгені айтылған. Тағы бір топ ғалым: бұл сөздің мағынасы — "міндеттеді" немесе "уәде етті" деп түсіндірген.

Қутаби былай деген: бұл аяттағы ﴾... үкім етті﴿ деген сөз — "Раббың міндеттеді" деген мағынада. Бұл — парыз ету мен міндеттеу мағынасынан алынған, яғни Аллаһ сендерге тек Оған ғана құлшылық етуді парыз етті әрі міндеттеді. Сондай-ақ, бұл үкім шығарды деген мағынаны да білдіреді — бұл түсінікке жақынырақ. Себебі басқа бір аятта былай делінеді: ﴾Аллаһ және елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда, бірде-бір мүмін ер адам мен мүмін әйелдің өздеріне тікелей қатысы болған сол мәселеде (Аллаһ мен елшісінің үкімін былай қалдырып, басқа үкімді) таңдау құқығы жоқ﴿. Одан кейін: ﴾Кімде-кім Аллаһқа және елшісіне қарсы келіп, асылық қылса, онда ол анық адасушылыққа ұрынды деген сөз﴿ — делінген. Осы соңғы сөйлемнен ұғынылады: ﴾Аллаһ және елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда﴿ деген сөздің мағынасы — Аллаһ пен Елшісі бір істі парыз етті әрі нақты түрде шешім шығарды дегенді білдіреді.

Сондай-ақ, ﴾Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді үкім етті﴿ деген сөз — сендер тек Аллаһқа ғана құлшылық етуге міндеттісіңдер, соған бұйрылғансыңдар, парыз дегенді білдіреді. Тек құлшылыққа лайық жалғыз шынайы құдайға ғана құлшылық етулерің керек, Одан өзге ешкімге емес.

Аллаһ бізге анық етіп түсіндірді: Ол ғана құлшылық пен тәңірлікке, сондай-ақ Рабб болуға лайық. Одан өзгені, яғни сендердің пұттар мен мүсіндерді құдай тұтып, Одан өзге етіп құлшылық қылып жүргендерің құдайлық пен тәңірлікке лайық емес. Аллаһ бұл ақиқатты бізге үш түрлі жолмен ашық етіп түсіндірді:

Біріншісі: ақылдың өзі мен өзге ақылдардың табиғатын түсініп білуге шамасы жетпейді. Өйткені ақыл иелері — өз ақылдарының қалай жұмыс істейтінін, табиғатын және мәнін біле алмайды. Алайда олар — жақсы мен жаманды, әдемі мен ұсқынсызды айыра алады. Сондықтан олар Аллаһтың Құдай екенін, Оған құлшылық жасаудың жақсы іс екенін, ал өзгеге құлшылық жасаудың — жаман іс екенін біледі.

Екіншісі: бүкіл жаратылыс иелерінен Аллаһтың Құдайлығы мен Раббтығының белгілері көрініп тұрады. Сондықтан Оған құлшылық ету — Оның нығметтеріне шүкірлік білдіру болып саналады. Осыған орай, адамның әрбір дене мүшесіне Оған арнап құлшылық ету жүктелген — бұл сол мүшелерде Оның Құдайлығының белгілері бар болғаны үшін.

Үшіншісі: есту арқылы (яғни, Құран мен хадистен) келген дәлел. Бізге Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық ешкім жоқ екені, Одан басқа ешкімнің тәңірлік құқы жоқ екені хабар берілген. Бұл — Аллаһтың адамдарға құлшылықты тек Өзіне ғана арнауды парыз еткенінің және соған бұйырғанының мәні.

﴾... үкім етті﴿ дегеннің тәпсірі — Ол барлық адамдардың табиғатына Өзінің жалғыздығы мен Раббтығының дәлелдерін орнатып қойған. Сол арқылы адамдар Оған ғана құлшылық жасау керектігін түсінеді. Сондықтан кейбір ғалымдар: ﴾үкім етті﴿ деген сөз — «үкім шығарды, шешім қабылдады» деген мағынада деген.

Ал енді басқа ғалымдардың айтуынша: ﴾үкім етті﴿ деген сөз — «бұйырды, міндеттеді» деген мағынада. Мұндай жағдайда бұл — Аллаһтың адамдарға Өзіне құлшылық етуді бұйырғанын, әрі өзгеге құлшылық етуді тыйғанын білдіреді. Яғни, бұл аяттың мағынасы: «Раббың сендерге: Маған ғана құлшылық етіңдер, Өзгеге құлшылық етпеңдер!» деп бұйырды дегенді меңзейді.

Сондай-ақ, «бойсұну» мен «құлшылық» ұғымдарының арасында айырмашылық бар. Біреуге бойсұну рұқсат етіледі, бірақ құлшылық ету тек Аллаһқа ғана жарасады. Себебі бойсұну дегеніміз — бұйрықты орындау. Мысалы, мына аяттағыдай: ﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ, өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар﴿. Яғни, олардың бұйрығына құлақ асыңдар.

Ал «құлшылық» — өзін оның билігіне\әміріне толықтай беру, бой ұсыну әрі оған шүкіршілік білдіру деген мағына береді. Мұндай мойынсұну мен шүкірлік тек Аллаһқа ғана тән, өзгеге жараспайды.

Немесе құлшылық ұғымының өз ішінде бізге беймәлім, түсініксіз хикмет жатуы да мүмкін. Мысалы, «Рахман» есімін басқа біреуге беру тыйым салынғандай, бұл да ерекше, тек Аллаһқа ғана тән мәнге ие болуы мүмкін. Аллаһ жақсырақ білуші.

﴾... ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті﴿:

Бұл аяттағы мағына мынаған саяды: «Раббың сендерге тек Оған құлшылық етуді ғана емес, ата-анаға жақсылық жасауды да парыз етті және міндеттеді. [Яғни, ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды]».

Адамдар арасындағы әдеттегі түсінікте «жақсылық» емес, яғни, адамның өз қалауымен басқаға істейтін игілігі. Бұл — тілдік және тұрмыстық мағынадағы «жақсылық». Бірақ бұл аяттағы «ата-анаға жақсылық» дегеннің мағынасы — шүкірлік. Себебі басқа бір аятта: ﴾ Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет!»﴿ делінеді («Луқман» сүресі, 14-аят). Шүкірлік дегеніміз — көрсетілген жақсылыққа қарымтасын қайтару, жасалған игіліктің өтеуін беру. [Бұл жай ғана адамдардың әдеттегі мағынасындағы «жақсылық» емес]. Өйткені шүкірліктің мәні — [ата-ананың балаға жасаған еңбегіне, қамқорлығына, сүйіспеншілігіне және оны түрлі қауіп-қатерден қорғағанына] қарымта қайтару, орнын толтыру.

Осыған орай, Құранда бірнеше жерде: ﴾Ең алдымен, Оған ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар﴿ («Әнғам» сүресі, 151-аят), және: ﴾Бір Аллаһқа құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар﴿ («Ниса» сүресі, 36-аят) деп қайталанады. Мұның бәрінде меңзелген мағына, дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші, — ата-анаға шүкір ету, аятта келгендей: ﴾Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет!»﴿ делінеді («Луқман» сүресі, 14-аят).

Олар құрсақта жүргенде де, дүниеге келгеннен кейін де баланы барлық қиындық пен қауіптен қорғады; өздерін құрбан етіп, баланың амандығын өздерінен жоғары қойды; қуанышты да, қайғыны да баласымен бірге бөлісті. Сондықтан Аллаһ балаға ата-анасына шүкір етуді, яғни оларға алғыс білдіріп, жақсылық қылуды бұйырды. Бұл — олардың еңбегіне жасалған қайтарым.

Бұл ескерту — ата-ананың өздеріне қажетті істерін, мұқтаждарын өздері атқара алмайтын хәлінде айтылған. Бұның себебі — Аллаһ жақсырақ білуші — егер олар күш-қуатқа ие болып, өз қажеттіліктерін өзі орындай алатын жағдайда болса, онда олар балаларына қамқорлық көрсетіп, жақсылық жасайды. Осындай қамқорлық пен жақсылық баланы ата-анаға қарсы жақсылық жасауға, оларға құрмет көрсетуге ынталандырады.

Әдетте, адамдар арасындағы дағды да солай: біреулер бір-біріне жақсылық жасаса, бұл олардың арасында өзара қайтарым жасауды тудырады, сол арқылы жақсылық жалғасып, үзілмей тұрады.

Сондықтан — Аллаһ жақсырақ білуші — ата-ананың әлсіздік пен қауқарсыздық халінде оларға жақсылық жасауға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты аятта: ﴾Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса...﴿ деп айтылды.

Сосын Аллаһ адамға өзінің өткен халін еске түсіруді бұйырды — яғни, бала кезін, әлсіз шақтарын: ата-анасы оны қалай тәрбиелеп, бағып-қақты, аялап, мейірімін төкті. Олар оған сөзбен де, іспен де жұмсақтық танытып, ешбір адам бір-бірінен жиіркенетін нәрселерден жиіркенбестен, баласының жанына жақын болды. Оны адамдарды алыстататын түрлі қиындықтар мен кір-қоқыстан жиренбестен, барынша қамқор болды.

Сондықтан Аллаһ адамға бұйырды: ата-анасы қартайып, әлсіздік пен дәрменсіздікке түсіп, бұрын өзі болған халге — надандық пен әлсіздікке, өз қажеттіліктерін орындай алмайтын хәлге жеткенде, бала оларға сол кездегідей қарасын. Яғни, ата-анасынан жиіркенбесін, олардан алыстамасын — қалай олар бала кезіндегі оны жиіркенішті нәрселерінен жиіркенбеген болса, қалай олар одан алыстамаған болса, солай. Олар мұқтаждықпен бір нәрсе сұрағанда бала оларды зекімесін — қалай олар бала кезіндегі оны зекімеген болса. Керісінше, оларға жұмсақтық танытсын, кішіпейіл болсын — олар оған қалай мейірім танытып, кішіпейіл болған болса, дәл солай.

Бұл мағынаны Аллаһ Тағала басқа аяттарда да баяндаған: ﴾Аллаһ сендерді жоқтан жаратты және (белгілі уақытқа дейін өмір сүргізгеннен) кейін жандарыңды алады﴿ («Нахыл» сүресі, 70-аят). Тағы бір аятта: ﴾Аллаһ сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады. Кейін сол әлсіздіктен соң (буындарыңды бекітіп) күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатыңды кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады. Ол қалағанын жаратады﴿ («Рум» сүресі, 54-аят).

Аллаһ хабар берген: адам күш-қуат пен білімге ие болғаннан кейін қайтадан әлсіздік пен надандық хәліне қайтарылады. Сол жайында тағы былай дейді: ﴾Аллаһ сендерді аналарыңның құрсағынан түк білмейтін күйде шығарды...﴿ («Нахыл» сүресі, 78-аят). Сондай-ақ: ﴾Аллаһ сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратады﴿ («Рум» сүресі, 54-аят).

... тіпті «Түу!» деп те кеюші болма!﴿:

Кейбір ғалымдар: ﴾... тіпті «Түу!» деп те кеюші болма!﴿ деген сөздің мағынасы — ата-ананың бетіне жақтырмағандықты білдіру, деді. ﴾... сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа!﴿ дегені — оларға қатты сөйлеп, ауыр сөз айтпаңдар, өйткені олар сендерге ондай қаталдық танытқан жоқ, дегенді білдіреді.

Тағы біреулер: «түу» деген сөздің мағынасы дәл сол — «түу» дегеннің өзі ғана. Ал «оларға зекіп ұрыспа!» дегені — оларға дөрекі сөйлеп, қаталдық танытпаңдар дегенді білдіреді. Бұл жерде ең әуелі жақтырмаушылық пен салғырттықтың алғашқы сатысы айтылып отыр. Сондықтан сендер ата-анаға «түу» деп айтпаңдар, себебі ол кейіннен оларға қатты сөйлеуге, дөрекілікке, зекіп тастауға алып келуі мүмкін.

Осы мағынаға ұқсас түсіндірмені басқа аятта да келтіреді: ﴾(Уа, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын!﴿ («Нұр» сүресі, 30-аят). Кейбір ғалымдар бұл жерді: «Көздерін төмен түсірсін және ұятты жерлерін сақтасын» деп тәпсірлеген. Өйткені көзбен харамға қарау адамды артынша зинаға алып барады. Зина осылайша көзден басталып, арсыздыққа жетелейді.

Кейбір ғалымдар: ﴾(Уа, Мұхаммед!) Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын!﴿ («Нұр» сүресі, 30-аят) деген аятта ең әуелі істің басы мен соңы айтылды деген. Яғни, адам барлық осы жамандықтардан сақтансын деген мақсат бар. Сол сияқты, «Ата-анаңа “түу” деп айтпа және оларды зекіме» деген аятта да істің басы мен соңы ескертілді.

Екінші түсінік: «Түу» деген — ата-ананың бетіне жақтырмағандықты немесе ауырсынғандықты білдірме. Өйткені мұндай белгі кейіннен қаталдық пен зекіп тастауға апарып соқтыруы мүмкін.

Ал егер «түу» сөзі — тек «түу» дегеннің өзі ғана деп түсіндірілсе, онда бұл Имам Әбу Ханифаның, Аллаһ оны рақым етсін, пікіріне дәлел болады. Ол кісі: «Егер намаз оқып тұрған адам сәжде орнына қарай «түу» деп үрлесе, бұл — сөз болып есептеледі, сондықтан намазын бұзады» деген. Себебі Аллаһ: ﴾... тіпті «Түу!» деп те кеюші болма!﴿ — деп бұйырды. Яғни, оларға қарсы «түу» деп сөйлеме деген. Аллаһ жақсырақ білуші.

﴾Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!﴿:

Аллаһ Тағала адамға ата-анасына «түу» деп айтуға тыйым салды, әрі оларды зекуге де тыйым салды. Сондықтан егер адам «түу» демей, зекімей өзін ұстаса, бұл оның ата-анасына жұмсақ әрі сыпайы сөздермен сөйлеуіне жол ашады.

Әбу Ғаусаджа айтты: «Оны зекіттім» немесе «оны қатты зекіттім» деген тіркестер — дөрекі әрі қорқытуға ұқсас сөздерге жатады».

Әбу Бәкір әл-Кайсани айтты: «Нағыз жомарт адам — өзгені нығметке бөлеп, оған зиян келтірмей, бергенін бетіне баспай құрметтейтін адам. Бұл ﴾Уа, иман келтіргендер! Мал-пұлын ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын, Аллаға һәм ақирет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) ренжітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар﴿ деген аяттағы мағынаға сай келеді («Бақара» сүресі, 264-аят)».

Басқалары жомарт дегенді былай сипаттаған: «Жомарт — өзінде бар нәрсені мұқтажға еш ойланбастан бере алатын, ал өзі мұқтаж болған кезде — өзгелердің қолындағы нәрсеге үміт артпайтын әрі сұрамайтын адам. Мұндай сипатқа ие адам — «жомарт» деген ұғымға өте жақын».

Егер біреу: «Ата-ана баласына жақсылық пен мейірім жасауға табиғатынан бейім әрі жаратылысы солай. Ал балаларда ондай бейімділік жоқ. Ендеше, табиғатынан балаға жақсылық жасауға бейім ата-ананың жақсылығы мен ондай бейімі жоқ баланың ата-анаға жасаған жақсылығы қалай бір-біріне ұқсайды?» — десе.

Оған жауап мынадай: сондықтан бұл жерде Аллаһ бұл бұйрықты ата-анаға емес, балаға арнап айтты. Өйткені ата-ананың балаға жасаған мейірімі мен жақсылығы — табиғи, ішкі бейімділікке негізделген. Ал балада ондай табиғи бейімдік жоқ. Сондықтан Аллаһ балаға ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Аллаһ жақсырақ білуші.

Сол себепті де, шариғат баласын өлтірген ата-анаға өлім жазасын бекітпеген¹. Өйткені бұл жағдайда (яғни ата-ана баласын өлтірсе), олардың арасында «қасастың (тең жазаның) өмірлік мәні» болмайды². Ал керісінше, егер бала ата-анасын өлтірсе, шариғат оған өлім жазасын бекітті. Себебі ата-анада балаға деген табиғи мейірім мен шапағат бар — бұл оларды баласын өлтіруден тыяды. Ал баланың бойында ондай табиғи мейірім жоқ. Сондықтан егер бала ата-анасын өлтірсе, оған өлім жазасы тағайындалады, ал керісінше жағдайда — тағайындалмайды.

Егер тағы да біреу: «Неліктен Аллаһ Құранда бірнеше жерде Өзінің шүкірлігімен бірге ата-анаға шүкір етуді бірге келтіреді? Мысалы: ﴾«(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет!»﴿ («Луқман» сүресі, 14-аят)» — десе.

Жауап: Себебі адамның бастапқы халінен соңғы жетілген кезіне дейінгі өсуі, қоректенуі, тәрбиеленуі, әртүрлі жамандықтан қорғалуы мен апаттардан сақталуы — бәрі ата-ана себепті жүзеге асады. Аллаһ жақсырақ білуші».

¹Себебі: ата-ананың балаға деген табиғи мейірімі мен шексіз қамқорлығы — оларды әдетте баласын өлтіруден тыяды. Яғни, бұл өте сирек, табиғи болмысына қайшы әрекет. Сондықтан шариғат бұған ерекше үкім берген.

²Шариғаттағы қасастың («кек алу», «тең жаза» дегенді білдіреді) мақсаты — кек алу, адам өлтіруден тыю, қоғамға өмір сүру қауіпсіздігін беру. Бірақ ата-ананың баласын өлтіруі — табиғи түрде өте сирек жағдай. Мұндай оқиға — қоғамда жиі болмайтын жағдай. Сондықтан бұл жерде қасас жазасының тыюшы мәні («кек алу», «тең жаза») болмайды.