September 6

«Расында әйел шайтан бейнесінде көрінеді. Кімнің көкірегінде сол нәрсе пайда болса, әйеліне барып қосылсын. Себебі сол арқылы ол ішіндегісін басады».

Бізге Муслим ибн Ибраһим, Һишам, ол Әбу әз-Зубәйрден, ол хазіретті Джәбирден риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ бір әйелді көріп қалады да, Зейнеп бинт Джәһш анамыздың үйіне кіріп, өз мұқтажын өтейді. Сосын сахабаларына шығып: «Расында әйел шайтан бейнесінде көрінеді. Кімнің көкірегінде сол нәрсе пайда болса, әйеліне барып қосылсын. Себебі сол арқылы ол ішіндегісін басады» – деді». Хадисті Муслим 1403/3, Тирмизи 1158, Ахмад 7/90, Дарими 2330/3 жеткізді.

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (2151-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Хазіретті Джәбирден риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ бір әйелді көріп қалады да) Ибн Масғудтың Дарими риуаят еткен хадисінде былай делінеді:
«Аллаһ Елшісі ﷺ бір әйелді көріп, оны таңқалдырады. Сонда Пайғамбар ﷺ Сауда анамызға кіреді, ол әтір жағып отырған болатын, қасында әйелдер де бар еді. Олар оны оңаша қалдырады, сонда Пайғамбар ﷺ мұқтажын өтейді. Сосын былай дейді: «Кімде-кім бір әйелді көріп, оны таңқалдырса, дереу өз әйеліне барсын. Себебі, оның жұбайында да сол әйелдегідей нәрсе бар». Пайғамабрдың ﷺ әлгі әйелді көруі кездейсоқ болған еді.

(Зейнеп бинт Джәһш анамыздың үйіне кіріп) бұл – Джәбирден келген Муслим мен Тирмизи риуаятындағы нұсқа. Ал Ибн Масғудтың Дарими жеткізген риуаятында: «Сәуда анамыздың үйіне кірді» – деп келтірілген.

Бұны екі түрлі оқиға деп түсінуге де болады, немесе Дарими риуаятындағы әйелдің аты шатасып кеткен болуы мүмкін. Бұл — кейбір риуаятшылар тарапынан болған жаңсақтық болуы ықтимал. Аллаһу Тағала жақсырақ біледі.

(Сосын сахабаларына шығып: «Расында әйел шайтан бейнесінде көрінеді) Бұл жерде Пайғамбар ﷺ әйелді шайтанға ұқсатуы — шайтанның іштей азғыруы мен адастыру сипатында ұқсату болып табылады. Себебі, әйелге қарау — жүректе бұзықтыққа жол ашады. (Кімнің көкірегінде сол нәрсе пайда болса) яғни, ол әйел оны таңқалдырса\құштарлық пайда болса, (әйеліне барып қосылсын) яғни, жұбайымен жыныстық қатынас жасасын. (Себебі сол арқылы ол ішіндегісін басады» – деді») — «басу» сөзі «әлсірету, жүдету» мағынасында. Яғни әйелге деген құмарлықты әлсіретеді және әйелдерге ұмтылу, оларға қараудан ләззат алу сияқты сезімдерді азайтады».