October 12

«Аршының Раббысы аршының үстінде, бірақ орнығу немесе жанасу сипаттарынан пәк».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Дау әл-Мәғәли шарх Бәдәи әл-Әмәли» (54 бет) кітабында «истәуә» мәселесінде айтты (және астында сол кітапқа қосымша түсіндірме берген Шейх Абдул-Хамид ат-Туркмани әл-Ханафи әл-Матуридидің түсіндірмелерін келтіреміз):

«Аршының Раббысы аршының үстінде, бірақ орнығу немесе жанасу сипаттарынан пәк»

««Аршының Раббысы» дегені — аршты жаратқан және иелік етуші деген мағынада. Мұндағы «Рабб» сөзінің аршқа байланыстырылып айтылуы құрмет мақсатында, дәл «Қағбаның Раббысы» немесе «Жәбірейілдің Раббысы» деген секілді. Аршы — жаратылғандардың ең ұлысы және бүкіл бар болмысты қамтушы. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: ﴾Рахман Аршыға истиуа етті﴿ («Таһа» сүресі, 5-аят).

Кейінгі келушілердің (хәләф) мәзһабы бойынша, «истиуа» — «бағыну, иелік ету» (استولى) мағынасында тәпсірлеу рұқсат. Ал алдыңғы буын (өткен ізгілердің) мәзһабының таңдауы — бұны тәпсірлемеу, керісінше, Құранда қалай келген болса, солай сену¹, әрі Аллаһты барлық ұқсастықтан пәктеу, мағынасын және ілімін Аллаһқа тапсыру.

Имам Мәлик айтқандай: «Истиуа – белгілі, қалай екендігі – белгісіз, бұл жайында сұрау – бидғат, оған сену – уәжіп»². Имам Әбу Ханифа да дәл осы жолды таңдаған».

Шейх Абдул-Хамид ат-Туркмани әл-Ханафи әл-Матуридидің түсіндірмесінде:

¹Яғни, Құранда қалай келген болса, соған иман келтіру және соны ғана айту, бірақ соынмен қатар Аллаһу Тағаланы ұқсастықтан (تشبيه) пәктеу.

²Имам Мәлік ибн Әнәстен, Аллаһ оны рақымына алсын, сахих иснадпен жеткен нақтыланған сөз мынандай:

1. Хафиз әл-Бәйһақи, Аллаһ оны рақымына алсын, «әл-Әсмә уә ас-Сифат» кітабында (379-бетте, сондай-ақ 2-том, 304–305-беттер, №866 хадис), Абдуллаһ ибн Уәһбтен мына риуаятты келтіреді:

«Біз Мәлик ибн Әнәс ибн Мәликтің қасында отырған едік. Бір адам кіріп келіп: "Уа, Әбу Абдуллаһ! ﴾Рахман Аршыға истиуа етті﴿ деген аяттағы «истиуа» қалай?» — деп сұрады. (Мәлик) төмен қарап үнсіз қалды. Тер басып. Сосын басын көтеріп былай деді: «Аршыға истиуа — Құранда қалай айтылса, дәл солай. «Қалай» деген сұрақ қойылмайды. «Қалай» деу — Аллаһқа лайықты емес. Сен — бұзық, бидғат иесісің. Шығарыңдар мұны!» — деді де, ол адам шығарылып жіберілді».

— Хафиз әз-Зәһәби, Аллаһ оны рақымына алсын, «Мухтасар әл-Улу» (141-бет, №131) кітабында: «Әл-Бәйһақи бұл хабарды сахих иснадпен, Әбу ар-Рабиғ әр-Рушдайни арқылы, Ибн Уәһбтен келтірген: “Мен Мәликтің қасында болғанмын...” — деп, осы хабарды келтіреді» — дейді.

— Хафиз Ибн Хажар, Аллаһ оны рақымына алсын, «Фәтху әл-Бәррий» кітабында (13-том, 406–407-беттер): «Әл-Бәйһақи бұл риуаятты жақсы (جيد) иснадпен Абдуллаһ ибн Уәһбтен келтірген: “Біз Мәликтің қасында болған едік...” — деп, сол риуаятты келтіреді» — дейді.

2. Хафиз әз-Зәһәби «Мухтасар әл-Улу» (141-бет) кітабында былай дейді:

Яхья ибн Яхья әт-Тәйми, Жағфар ибн Абдуллаһ және басқа да бір топ риуаят етушілер былай деген: «Бір кісі Имам Мәлікке келіп: «Уа, Әбу Абдуллаһ! ﴾Рахман Аршыға истиуа етті﴿ – қалай истиуа етті?» – деп сұрады. Мәліктің бұл сұрақтан қатты ренжігеніндей, мен оны бұрын-соңды еш нәрседен онша ренжігенін көрген емеспін. Оны тер басты, жиналғандар төмен қарады. Біраздан соң Мәлік сабасына түсіп: «Қалай (екендігі) – ақылмен түсінілмейді, ал истиуа – белгісіз емес (яғни Құранда бар). Оған иман келтіру – уәжіп, ал бұл жайында сұрау – бидғат. Мен сенің адасқан болуыңнан қорқамын» – деді де, оны шығарып жіберуге бұйырды». Риуаятты келтіргеннен кейін Имам әз-Зәһәби айтты: «Бұл риуаят Мәліктен нақты түрде келген (ثابت عن مالك)».

Бұл риуаят Имам Мәліктің “қалайлық” (كيفية) ұғымын түбегейлі терістейтінін көрсетеді. Бір нұсқасында «كيف عنه مرفوع» (яғни «қалай» деу — Аллаһқа лайықты емес»), ал екіншісінде «الكيف غير معقول» (яғни «қалай (екендігі) ақылмен түсінілмейді») деп келуі – өткен ізгілердің мәзһабының айқын ұстанымы. Ал кейбір түсіндірушілердің Имам Мәлікке «الاستواء معلوم، والكيف مجهول» («истиуа белгілі, ал қалай екені беймәлім») деген сөзді теліп жүргені – сенімді риуаят емес.

Доктор Сухайб Саққар өзінің «Рисала фи әт-таджсим» (33-бет) атты еңбегінде былай дейді:

«Ибн Тәймия, Аллаһ оны рақымына алсын, Имам Мәліктен келтірген жоғарыдағы сөздерді мен оның еңбектерінен таппадым. Бұл сөз ойдан шығарылған тізбекпен Уәһб ибн Мунаббиһтен – Исламға кірген адамнан кітаб иесі – риуаят етіледі. Ол бұл сөз Тәуратта бар деп жорамалдайды (бұл риуаятты Әбу Шәйх «әл-Азама» атты кітабында (2/706) келтірген. Бірақ әз-Зәһәби бұл риуаяттың тізбегін «әл-Улу» кітабында (125-бет) жалған деп бағалаған және оның мәтінін де өте әлсіз (ركيك) деп сынаған)».

Біз жоғарыда Имам Мәліктен нақтыланған риуаятты келтірдік – онда Аллаһтың және Оның сипаттарының қалайлығын терістеу ашық айтылған».

Сондай-ақ, сол кітаптың 40-бетінде ол былай дейді:

«Ибн Тәймия, Аллаһ оны рақымына алсын, Аллаһтың сипаттарына қатысты «қалайлығы бар, бірақ бізге беймәлім» деген тұжырымына қатысты өткен ізгі ғалымдарынан бірде-бір нақты дерек келтірмеген».

Толығырақ түсіну үшін Доктор Сухайб Саққардың аталмыш еңбегінің 21–66-беттеріндегі кіріспесін қараңыз».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди:

«Сондай-ақ Құран мен хадистерде келген қол (اليد), көз (العين), жүз (الوجه) сияқты мутәшабиһ сипаттарда осыған жатады. Бұған Құрандағы «үстінде»³ (فوق) деген сөз де кіреді. Мәселен, Аллаһ Тағала: ﴾Ол құлдарын Өзіне толық бағындырушы﴿ («Әнғам» сүресі, 18-аят) және ﴾Олар өздерінің үстіндегі Раббысынан қорқады﴿ («Нахл» сүресі, 50-аят) деп айтқан.

Өткен ізгі ғалымдары бұл аяттардағы «فوق» (үстінде) сөзін кейінгілер (хәләфтар) сияқты «ұлылық» немесе «биіктік» мағынасында тәпсірлемеген».

Шейх Абдул-Хамид ат-Туркмани әл-Ханафи әл-Матуридидің түсіндірмесінде:

³«Әһли сүннет ғалымдары «үстінде» (فوق) сөзін айтуға рұқсат еткен, бірақ оны «Затымен бірге үсінде» деген шектеумен айтуға болмайды. Яғни «Аллаһ Аршының үстінде Өз Затымен бірге» деу – рұқсат емес.

Ән-Нәфрауи «Шарху рисалати Ибн Әби Зәйд әл-Қайрауани» түсіндірмесінде айтты:

««Аллаһу Тағала Аршының үстінде Өз Затымен бірге» деу — рұқсат етілмейді, өйткені мұнда адасушылыққа итермелейтін түсінік бар. Негізінен, «үстінде» (فوق) сөзін «Затымен» (بذاته) деген сөзбен байланыстырмай қолдану рұқсат. Мысалы, «Аллаһ көктерінің үстінде» немесе «Аршысының үстінде» деуге болады, бірақ бұл – ұлықтық, мәртебелік, билік және үстемдік тұрғысынан «үстінде» деген мағынада. Ал кеңістік пен орын тұрғысынан «үстінде» деу – Аллаһ жайлы айтуға болмайды, өйткені бұл Оның жаратылысқа ұқсас (денелі, шектеулі) болуы мен жаратылған секілді кейіннен пайда болуын білдіріп қояды. Ал Аллаһ Тағала бұлардан аса пәк».

«Жәмиғу әл-Ләәли», 113-бет.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди:

«Мәтіндегі назым (өлең авторы) «үстінде» (الفوقية) деген сөзді қолданғанда, Құрандағы түпнұсқа тіркесті өлең өлшемінің қажеттілігіне байланысты өзгертті. Сондықтан ол бірден: «... бірақ орнығу немесе жанасу сипаттарынан пәк» деп толықтырды.

Яғни, Аллаһ Тағалаға қатысты «орналасу» (الاستقرار) немесе «жанасу» (الاتصال) сипаттарын айтуға болмайды, себебі мұның екеуі де Аллаһқа қатысты мүмкін емес нәрселер.

Бұл сөз – әл-Карамия мен муджассимә ағымдарының «бағыт, тарап» (جهة) ұстанымдарын жоққа шығару үшін айтылған. Өйткені:

  • Карамия тобы Аллаһқа жоғары бағытты\тарапты (جهة العلو) бекітеді, бірақ «Аршыға орналасты» демейді.
  • Ал муджассимә (немесе хашуия) болса, аяттың сыртқы мәтініне сүйеніп, Аллаһ Аршыда орнығып отыр деп ашық айтады.

Алайда бұған ешбір дәлел жоқ, өйткені Құрандағы «استوى» (истиуа етті) сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – «бағындырды, иелік етті» (استولى) деген мағына.

Осыны ақын да келесі өлең жолымен дәлелдеген:

«Бишр (есімді патша) Иракқа қан төгусіз, соғыссыз (استوى) билік құрды».

Сондай-ақ «истиуа» сөзі «толық болу, кемелге жету» мағынасында да келеді. Мысалы, Аллаһ Тағала ﴾Сөйтіп, ол ер жетіп (استوى)﴿ («Қасас» сүресі, 14-аят) дейді.

Тағы бір мағынасы – «орналасу»: ﴾Кеме Жуди тауына тұрақтады﴿ («Һуд» сүресі, 44-аят).

Сондықтан «истиуа» сөзінің мағынасы көп түрлі болуы себепті, оның бір мағынасына сүйеніп арқылы нақты дәлел жасауға болмайды.

Егер былай деп сұраса:
– Егер мағынасы анық емес болса, онда мұндай мутәшабиһ (ұқсас, көп мағыналы) аяттардың түсуінде қандай пайда бар?

Жауабы:
– Оның даналығы – жаратылыстың әлсіздігін және олардың Раббысының сөзін толық түсіне алмайтынын көрсету. Сондай-ақ бұл арқылы оларды иманмен сынау: білімде терең болғандар былай дейді: ﴾«Біз бұған толық иман келтірдік. Мұның барлығы Раббымыздан келген» - деп айтады﴿ («Әли Имран» сүресі, 7-аят).

Мағынаны Аллаһқа тапсыру (тафуид) және Аллаһ мақсат еткен мағынасына сену, бірақ оның нақты қай мағынаны мақсат еткенін білмеу — бұл құлдың құлдық дәрежесінің кемелдігіне жатады. Сондықтан осы жолды өткен ізгі ғалымдар таңдаған.

Ал кейінгілер (хәләф) мутәшабиһ аяттарды түсіндіруге және тәуил жасады, бірақ олар да өз түсіндірулерін Аллаһ нақты осы мағынаны мұрат етті деп нақты бекітпеген. Бұл да бір тұрғыда құлшылықтың бір түрі.

Алайда, құлдық (عبودية) — құлшылықтан (عبادة) да жоғары дәрежеде (яғни, өткен ізгілердің (тафуид) жолы — муташаббиһ аят пен хадистердің мағынасына кірместен, толық мойынсұну. Ал тәуил жасау — ғибадаттың бір түрі болғанымен, бәрібір тафуидтегі толық мойынсұнуға жетпейді демекші). Өйткені: құлшылық (عبادة) — Раббының разылығын тудыратын істерді істеу; ал құлдық (عبودية) — Раббы не істесе де, соған разы болу.

Разылық (رِضا) — амалдан да жоғары, өйткені разылықтан бас тарту — күпірлік, ал амалды тастау — пасықтық (күнә).

Сол себепті құлшылық (ғибадат) ахиретте жойылады, ал құлдық (عبودية) — бұл дүниеде де, ақиретте де жалғасады».