May 23

«Тәшриқ күндері – ішіп-жеу және Аллаһты еске алу күндері»

Нубиша әл-Хузәлли риуаят еткен хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Тәшриқ күндері – ішіп-жеу және Аллаһты еске алу күндері». Хадисті Муслим риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2050) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Тәшриқ күндері) бұл Құрбан айттан кейінгі үш күн, («тәшриқ» деп аталу себебі: өйткені) адамдар сол күні құрбандық еттерін күнге жайып кептіретін. Бұл күндері құрбандықтың еті Минада кептірілетін. «Тәшриқ деп аталу себебі, өйткені құрбандықты күн шыққанша соймайтын», - деп те айтылған (бейшара аудармашыдан: яғни, «тәшриқ» сөзі араб тілінде «етті кептіру» және «күннің шығуы» деген мағыналарды қамтиды). Солай «ән-Ниһая» кітабында келген; (ішіп-жеу) өйткені Құрбан айт күні де (Ораза айт секілді) ішіп-жеу күні, бәлки ішіп-жеу Құрбан айт күнінің негізі. Ибн әл-Малик айтты: «Ғалымдар айт күні ораза ұстаудың харам екендігіне бірауыздан келісті және ташриқ күндерінде ораза ұстауға тыйым салды, өйткені сол күндері адамдар Аллаһтың қонағы». Ибн әл-Һумам айтты: «Наурыз күні және Махраджан күні ораза ұстау мәкруһ, өйткені сол күндері ораза ұстауда екі күнді ұлықтау бар, ал бізге бұл күндерді ұлықтауға тыйым салынған. Бірақ егер әдетте ұстап жүрген ораза сол күнмен сәйкес келсе, онда ораза ұстауда ешқандай әбестік жоқ»; (және Аллаһты еске алу күндері!) бұл Аллаһу Тағаланың мына сөздеріне ишара: ﴾Санаулы күндерде (яғни, Арафат және құрбан айт күндері) тәкбір айтып, Алланы ұлықтап еске алыңдар﴿ («Бақара», 203 аят). Әл-Әшраф айтты: «(Айт тойлап) ішіп-жеп болған соң, мерекелетіп нәпсісіге беріліп кетпес үшін және Аллаһу Тағаланың хақысын ұмытып кетпеуі үшін Аллаһу Тағаланы еске ал». (Хадисті Мусим риуаят етті) және Ахмад риуаят етті. Ибн әл-Һумам айтты: «ат-Табарани Ибн Аббастан риуаят еткен хадисте: «Алла Елшісі ﷺ Мина күндерінде: «Бұл күндерде ораза ұстамаңдар, өйткені бұл ішіп-жеу және әйелдеріңмен қосылатын күндер» деп айқайлап айтатын елші жіберді». Әд-Дарақутни Әбу Һурайрадан, сондай-ақ Абдуллаһ ибн Хузафа әс-Сәһмиден риуаят еткен хадисте былай деді: «Аллаһ Елшісі ﷺ Мина күндері мені халыққа дауыстап былай айт деп жіберді: «Ей, адамдар, бұл күндер ішіп-жеу және әйелдеріңмен қосылатын күндер». Ибн Әби Шәйба «әл-Хадж» кітабында және Исхақ ибн Рахауиһ жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ: «Мина күндері – ішіп-жеу күндері», - деп дауыстап айту үшін Әлиді жіберді. «Сахих Муслимде» ол ﷺ: «Тәшриқ күндері – ішіп-жеу күндері», – десе, тағы бір риуаят: «Аллаһу Тағаланы еске алу күндері», - деп қосты»