«Әдептіліктің белгісі — ер адамның өз жұбайының есімін бөгде ер адамдардың көзінше тікелей атамай, тұспалдап немесе жанама түрде айтуы».
﴾Содан Юсуф тұрған үйдегі әйел онымен ашына-жай болуды қалады. Оны азғыруға тырысып, есіктердің бәрін іштен іліп алды да, «Қане, келші маған!» – деді. Ол: «Аллаһ сақтасын! Расында, (сіздің күйеуіңіз) менің қожайыным маған пана болып, көп қамқорлық көрсетті. Опасыз залымдар әсте мақсат-мұратына жетпейді һәм оңбайды», – деді﴿. «Жүсіп» сүресі, 23-аят.
Әлемге әйгілі «әл-Джәләләйн» тәпсірінде:
﴾Содан Юсуф тұрған үйдегі әйел﴿ бұл әйел — Зулейха еді ﴾онымен ашына-жай болуды қалады﴿ яғни, ол одан өзімен жыныстық қатынасқа түсуін сұрады. ﴾Оны азғыруға тырысып﴿, үй ﴾есіктердің бәрін іштен іліп алды да,«Қане, келші маған!» – деді. Ол: «Аллаһ сақтасын! Расында, (сіздің күйеуіңіз)﴿ мені сатып алған ﴾менің қожайыным маған пана болып, көп қамқорлық көрсетті﴿ ол маған жағдай жасап отырғанда, мен оның отбасына қиянат жасамаймын. ﴾Опасыз залымдар әсте мақсат-мұратына жетпейді һәм оңбайды», – деді﴿
Имам ас-Сауй әл-Мәлики, Аллаһ оны рақымына бөлесін, бұл жайында түсіндіріп отырып былай дейді:
«Автордың: «Бұл әйел — Зулейха еді» дегені — Аллаһ Тағаланың оның есімін Құранда тікелей атамағанын білдіреді. Аллаһ Тағала оның есімін Құранда ашық атамай, тек тұспалдап жеткізді. Бұл оның ісін айыптау әрі әйелдің есімін жасырын ұстау арқылы үмметке әдептіліктің үлгісін көрсету үшін жасалған.
Бұл арқылы Аллаһ Тағала былай дегендей болады: «Әдептіліктің белгісі — ер адамның өз жұбайының есімін бөгде ер адамдардың көзінше тікелей атамай, тұспалдап немесе жанама түрде айтуы».
Құранда Мариямнан басқа ешбір әйелдің аты аталмаған. Бұған дейін бұның себебі түсіндірілген болатын. Ол себеп — христиандар Мариямды Аллаһтың жұбайы деп айтуы еді. Сондықтан оның есімі тікелей аталып, олардың бұл сөзін теріске шығару мақсат етілген.
Сонда Құран оларға былай дегендей болады: «Сендердің әрбірің өз әйеліңнің есімін бөгде еркектердің көзінше атауды ар көресіздер. Егер Мариям шынымен де Аллаһтың жұбайы болғанда, сендердің айтқандарыңдай, онда Ол да (Аллаһ Тағала) оның есімін ашық айтпай, басқа ер адамдар өз әйелдерін ишарамен ғана айтатындай, тұспалдап жеткізер еді».