August 9

«Жас жігіт қарт кісіні оның жасы үшін құрметтесе, жасы үлкейген шағында Аллаһ оны құрметтейтін адамды нәсіп етеді».

Хазіретті Әнәс, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Жас жігіт қарт кісіні оның жасы үшін құрметтесе, қартайған шағында Аллаһ оны құрметтейтін адамды нәсіп етеді». Хадисті әт-Тирмизи риуаят еткен.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4971) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Жас жігіт қарт кісіні оның жасы үшін) яғни, оның көп жасағаны себепті, өйткені әдетте жасы үлкен кісілер иманға ертерек келген және ілімі мен амалы көбірек болады.(құрметтесе) яғни, дәріптесе, қадірлесе, (жасы үлкейген шағында ) яғни, қартайғанда (Аллаһ оны) яғни, ол жас жігітті (құрметтейтін адамды нәсіп етеді») яғни, оны дәріптейтін және құрметтейтін бір адамды тағдырлайды. Өйткені кім біреуге қызмет етсе, оған да қызмет етіледі. Мұнда сондай-ақ, жасы үлкен кісіні құрметтеген жасқа Аллаһу Тағала ұзақ өмір беретініне ишара бар.

Былай хикая қылынған: «Бір мюрид Хорасаннан Мысырдағы бір шейхқа шәкірт болу үшін шығады. Ол кісімен біраз уақыт бірге болды. Бірде шейхқа бір топ үлкен қадірлі адамдар келді. Мюрид қонақтардың жануарларын байлап қоямын деп шейхына ишара етіп, қызметін жасайды. Бірақ, ол іштей: «Ұзақ сапар шегіп, осы шейхпен жылдар бойы бірге болғанымның нәтижесі – міне осы», – деп ойлады. Кейін үлкен қадірлі кісілер кетіп, мюрид ұстазының жанына кіргенде, ұстаз оған: «Уа, балам! Саған да бір күні үлкен қадірлі кісілер келеді, және Аллаһ саған да оларға қызмет ететін адамдарды нәсіп етеді», – деді.

Шейхул-Ислам, «Мәнәзил әс-Сәирин» кітабының авторы әуиле Абдуллаһ әл-Ансари, Аллаһ баршамызды олардың берекеттерінен пайда алуымызды нәсіп етсін, былай деді: «Бәрі Шейх айтқандай болды: оның (яғни, ұстазының қызметінде болған мюридтің) есігінің алдында әрдайым бір қашыр немесе ат тұратын, өйткені оған үлкен қадірлі кісілер өте жиі келетін».

Бұл хадисті жеткізген (хазіретті Әнәс, Аллаһ одан разы болсын) – Аллаһ осы мәртебелі қызметке лайық қылған сахаба, ол он жасында-ақ Пайғамбарға ﷺ қызмет еткен. Аллаһ оған ұзақ өмір, мол дүние және көп бала нәсіп етті. Ол – Басрада қайтыс болған соңғы сахаба еді. Оның жасы жүз үшке жетті, жүз баласы болды және одан көптеген адамдар хадис риуаят етті. (Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті) және Мирак айтты: «Әт-Тирмизи бұл хадисті «ғариб» деді».