Yesterday

Нәзір ету мәселесі.

▪️ Кімде-кім: «Егер әкем ауруынан жазылса, пәленше мөлшерде малымнан садақа етемін» деп, Аллаһқа құлшылық болып саналатын (парыз және уәжіп) істі нәзір етсе, онда оған бұл нәзір міндет болады. Шарт орындалған кезде (яғни, әкесі жазылғанда) нәзірін орындауы уәжіп.
Ал егер мубах (рұқсат етілген) немесе күнә іске нәзір етсе, онда оған нәзір міндет болмайды әрі оны орындау да уәжіп емес.

▪️ Егер адам: «Егер ауруымнан жазылсам, Аллаһ үшін бес күн қатарынан ораза тұтамын» деп нәзір етсе, немесе «қатарынан» деп айтпаса да соған ниет етсе, кейін ауруынан жазылса – оған бес күн қатарынан ораза ұстау уәжіп болады.
Егер осы бес күннің арасында бір күн ауызын ашып қойса, онда бес күнді қайтадан басынан бастап ұстауы уәжіп.
Ал егер «қатарынан» деп айтпаса және қатар ұстауға ниет те етпесе, онда оразаны қатарынан ұстау уәжіп болмайды.

▪️ Егер: «Аллаһ үшін жұма күні ораза ұстаймын» деп нәзір етіп, кейін жұма емес басқа күні ораза ұстаса – рұқсат.
Сол сияқты, егер: «Аллаһ үшін мұхаррам айынан он күн ораза ұстаймын» деп нәзір етіп, кейін басқа айда он күн ораза тұтса – рұқсат.
Ал егер: «Аллаһ үшін мұхаррам айының алғашқы он күнінде ораза ұстаймын» десе – онда кез келген басқа айда қатарынан он күн ораза ұстау уәжіп болады.

▪️ Егер адам нақты бір айды атап нәзір етсе, мысалы: «Мұхаррам айында ораза ұстаймын» десе – оған сол айда қатарынан, үзбей ораза ұстау уәжіп болады, «қатарынан» деп айтсын немесе айтпасын, айырмашылық жоқ.
Егер сол айда бір күн ауызын ашып қойса, тек сол күннің қазасын өтейді, ал айды басынан бастап қайта ұстау міндет емес.
Сондай-ақ, бұл оразаны басқа айда өтеуі де рұқсат.

▪️ Егер біреу: «Егер жоғалған затымды тапсам, сегіз ракағат намаз оқимын» деп нәзір етсе, кейін жоғалғанын тапса – ол сегіз ракағатты:
– бір сәлеммен,
– немесе төрт ракағаттан екі сәлеммен,
– немесе екі ракағаттан төрт сәлеммен
оқыса болады.
Ал егер: «Төрт ракағат намаз оқимын» деп нәзір етсе, онда төрт ракағатты бір сәлеммен оқу уәжіп болады. Егер оны екі сәлеммен екі ракағаттан оқыса, нәзірін орындаған болып есептелмейді.

▪️ Егер біреу: «Аллаһ үшін бір ракағат намаз оқимын» деп нәзір етсе, оған екі ракағат намаз оқу уәжіп болады.
Ал егер: «Аллаһ үшін үш ракағат намаз оқимын» деп нәзір етсе, оған төрт ракағат намаз оқу уәжіп болады.

▪️ Егер біреу: «Аллаһ үшін он дирһам садақа беремін» деп нәзір етсе, оған он дирһам садақа беру уәжіп болады.

▪️ Егер біреу жүз дирһам садақа етемін деп нәзір етіп, қолында он дирһамнан басқа ақшасы болмаса, оған тек қолындағы он дирһамды садақа ету уәжіп, басқа мүлкін беру міндет емес.
Ал егер қолында жүз дирһамға тең келетін зат болса, оған жүз дирһам садақа беру уәжіп болады.
Егер қолында он дирһам ақша және жиырма дирһамға тең келетін зат болса, оған отыз дирһам садақа ету уәжіп.

▪️ Егер біреу он міскінді тамақтандырамын деп нәзір етсе, әрі таңғы немесе кешкі ас беруді ниет етсе, сол ниетіне сай орындау уәжіп болады.
Ал егер ешбір ас түріне ниет етпесе, онда оған он міскінді әрі таңертең, әрі кешке (тойдырып) тамақтандыру уәжіп.
Егер әр міскінге жарты сағ (шамамен 1,6 кг) бидай берсе, бұл да тамақтандырудың орнына жүреді.

▪️ Егер біреу: «Ауруымнан жазылсам, бір дирһамға нанды садақа етемін» деп нәзір етсе, кейін ауруынан жазылса, онда оған нанның өзін садақа етуге де, оның құнын садақа етуге де рұқсат.

▪️ Егер біреу он міскінге он дирһам садақа беремін деп нәзір етсе, оны бір ғана міскінге берсе де рұқсат, сол сияқты жиырма міскінге бөліп берсе де рұқсат.

▪️ Егер біреу нақты бір міскінге садақа беремін деп нәзір етсе, кейін оны басқа міскінге берсе, бұл рұқсат етіледі.

▪️ Егер біреу нақты бір дирһамды Меккеде немесе жұма күні беремін деп нәзір етсе, оны басқа дирһаммен беруі де, Меккеден басқа жерде немесе жұмадан басқа күні беруі де рұқсат.

▪️ Егер біреу үлкен мешітте немесе Меккедегі Харам мешітінде намаз оқимын деп нәзір етсе, оған ол мешіттерден басқа жерде намаз оқуы рұқсат.

▪️ Егер біреу: «Егер бауырым ауруынан жазылса, бір қойды құрбандыққа шаламын» немесе «қойдың етінен садақа етемін» деп нәзір етсе, кейін бауыры жазылса – нәзірі міндет болады.
Егер құрбандыққа шаламын десе, онда құрбандық күндерінде союы уәжіп. Бұл еттен өзі жеуі де, байларды тамақтандыруы да болмайды, мейлі малды құрбандық күндері сойсын немесе басқа күні сойсын.
Егер сол еттен өзі жеп қойса немесе байларға жегізсе, онда жеген немесе жегізген еттің құны мөлшерінде садақа беруі уәжіп болады.

▪️ Кімде-кім: «Аллаһ үшін сиыр соямын» немесе «Аллаһ үшін сиырдың етін садақа етемін» деп нәзір етсе, кейін сиырдың орнына жеті қой сойса, бұл рұқсат етіледі.

▪️ Егер біреу: «Егер әкем келсе, он дирһам садақа беремін» деп нәзір етіп, әкесі келмей тұрып он дирһамды садақа етіп жіберсе, оның нәзірі орындалған болып есептелмейді. Әкесі келгеннен кейін тағы да он дирһам садақа беруі уәжіп болады.

▪️ Егер адам нәзірін сол істің болуын қалаған шартқа байлап айтса, мысалы: «Егер ауруымнан жазылсам…» немесе «Егер әкем келсе…», кейін ол шарт орындалса – онда нәзірі міндет болады.
Ал егер нәзірін болуын қаламаған шартқа байлап айтса, мысалы: «Егер пәленшемен сөйлессем, он дирһам садақа етемін» немесе «Егер бүгін намаз оқымасам, он дирһам садақа етемін», кейін ол адаммен сөйлессе немесе намаз оқымаса – онда ол адам таңдау құқығына ие: қаласа он дирһам садақа етеді, қаласа анттың кәфәратын өтейді.

▪️ Егер біреу: «Күніне мың рет Пайғамбарымызға ﷺ салауат айтамын» немесе «Ләә иләәһә иллАллаһ» деп айтамын деп нәзір етсе – оған нәзірін орындау міндет болады.
Ал егер: «СубхәнАллаһ» немесе «Ләә хәулә уә ләә қууәтә иллә билләһ» деп айтамын деп нәзір етсе – онда нәзір міндет болмайды.

▪️ Кімде-кім: «Құранды он рет хатым етемін» немесе «Құраннан бір бөлігін оқимын» деп нәзір етсе – оған нәзірін орындау уәжіп болады.

▪️ Кейбір қара халықтың өлілерге немесе әулиелерге жақындау мақсатымен айтатын нәзірлері, сондай-ақ ақша, балауыз, май және сол сияқты нәрселерді әулиелердің мазарларына апаруы – ғалымдардың бірауызды келісімі бойынша жарамсыз әрі харам.

▪️ Әулиелер үшін ораза ұстаймын деп нәзір ету – ширк болып табылады.

▪️ Кімде-кім: «Мешіт жөндеймін» немесе «көпір саламын» деп нәзір етсе – оған нәзірін орындау міндет болмайды.

▪️ Күнә болып саналатын іске нәзір айту дұрыс емес. Мысалы: «Егер әкем ауруынан жазылса, концерттен қалмаймын» деу секілді.
Мұндай нәзір жарамсыз, нәзір болып есептелмейді, алайда осылай нәзір айтқаны үшін адам күнәкар болады.

▪️ Кімде-кім: «Егер мынадай нәрсе болса, мәуліт өткізбей қалмаймын», немесе «пәленшенің қабіріне шапанымды қоямын», немесе «пәленшенің атынан қой соямын», немесе «пәленшенің атынан садақа беремін» деп, әулиелердің бірінің атын атап нәзір етсе, онда мұндай нәзір жарамсыз.
Бұл нәзірді орындау уәжіп емес.

Айтудың ең аз деңгейі өзін еститін деңгейде айту, жүрекпен айтылған\ниет еткен нәрсе нәзір/қасам болмайды.

Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 328-331 бет.