Әйел адам мешітке немесе басқа жерге әтір сеуіп шығуы
Хазіретті Әбу Һурайра айтты: «Мен сүйікті Әбу әл-Қасимнен ﷺ былай деп айтқанын естідім: «Жүніптіктен ғұсыл алып шыққанға дейін мешітке әтір себініп шыққан әйелдің намазы қабыл емес»» (Әбу Дәуіт, Ахмад, ән-Нәсәи және басқалары риуаят етті).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1064) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Жүніптіктен ғұсыл алып шыққанға дейін) яғни, егер әйел адам үйінен шыққысы келсе, онда денесіне себілген әтір (немесе бояу) толық кетуі үшін ғұсыл секілді толық жуынып шығады. Ал егер әтір (немесе бояу) денесінің белгілі бір жерлеріне себілген болса, онда тек сол жерді ғана жуып кетірсе жеткілікті. Ал егер киімінде болса, онда киімін ауыстырады немесе әтірді жуып кетіреді, әйтпесе үйінен шықпайды. Ибн Мәлик айтты: «Бұл сөгістің қатты түрі. Өйткені бұл (олардың үйлерінен шығуы) ер адамдарда нәпсілерін оятып, фитна есіктерін ашады. (... мешітке әтір себініп шыққан әйелдің) яғни, мешітке шығу. «Әл-Масабих» кітабында ибн Мәлик хадисте келген «мешіт» деген нақты бір мешітті емес, жалпы сол жыныстан болған нәрселерге ишара екенін айтқан. (...намазы қабыл емес) яғни, намазы кәміл емес».