Сутра туралы тарау.
Имам әш-Шурунбуләли әл-Ханафи өзінің әйгілі «Мәрақи әл-Фәләх» кітабыда айтты:
Егер намаз оқитын адам біреудің алдынан өтіп кетуі мүмкін деп ойласа, оған сутра қадау мустахаб болады. Бұған жоғарыда келтірген риуаятымыз және Пайғамбарымыздың ﷺ: «Сендердің бірің жебемен болса да сутра қойсың», – деген сөзі дәлел.
Сутраның ұзындығы бір шынтақ және одан жоғары болуы керек. Өйткені Аллаһ Елшісінен ﷺ намаз оқушының сутрасы туралы сұралғанда, Ол ﷺ: «Ер-тоқымның артқы мухирі секілді», – деп жауап берген.
«Мухир» – ер тоқымның артқы жағындағы, түйеге мінген адамның басымен тұстас келетін ағаш.
Сутраның қалыңдығы саусақтай болуы керек. Бұл – оның ең төменгі мөлшері. Өйткені одан жіңішке нәрсе қараушыға көрінбейді, сондықтан сутрадан көзделген мақсат орындалмайды.
Сүннет – сутраға жақын тұру. Бұған Пайғамбарымыздың ﷺ: «Сендердің бірің сутраға қарап намаз оқыса, оған жақын тұрсын, шайтан оның намазын үзбесін», – деген сөзі дәлел.
Сутраны екі қасының бірінің тұсына қою керек әрі оған дәл қарама-қарсы тура емес. Өйткені Миқдадтан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етіледі: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ бағанаға не ағашқа қарап намаз оқығанда, оны міндетті түрде оң немесе сол жағына таман қойғанын көретінмін. Ол оған тура қарама-қарсы тік тұрмайтын еді». Яғни, сәл қиғаштанып тұратын.
Егер қадап қоятын нәрсе таппаса, алдыңғы буын ғалымдардың бір тобы жерге сызық сызуды құптамаған. Ал кейінгі ғалымдар оған рұқсат берген. Өйткені сүннетке еру абзалырақ. Себебі сунан кітаптарында Пайғамбарымыздан ﷺ: «Егер жанында таяғы болмаса, онда бір сызық сызсын», – деген хадис риуаят етілген.
Өйткені бұл, жалпы алғанда, көзге көрінеді. Себебі мұндағы мақсат – қиял мен назарды соған байлап, ойдың жан-жаққа шашырап кетпеуін қамтамасыз ету.
Ол сызықты не ұзынша етіп, алдындағы қадаулы ағаш секілді қылады, немесе ғалымдар айтқандай, жарты ай тәрізді көлденең сызып қояды.
Егер жер қатты болып, сызық сызу қиын болса, жанындағы затты ұзынынан алдына тастайды, қадаулы тұрған нәрсе кейін құлап қалғандай етіп. Мұны фақиһ Әбу Джағфар таңдаған.
Ал Һишам былай деген: «Мен Әбу Юсуфпен бірге қажылыққа бардым. Ол намаз оқығанда алдына қамшысын тастап қоятын еді».
Имамның сутрасы — артындағы жамағат үшін де сутра болып есептеледі. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ Әбтахта намаз оқығанда, алдына найза қадап қойылған еді, ал жамағаттың өз алдына жеке сутрасы болмаған.
Намаз оқушы сутра қойған болса да, қоймаған болса да, алдынан өтпек болған адамды итеріп тоқтатпағаны мустахаб. Өйткені намаздың негізі — тыныштық пен сабырлылыққа құрылған. Ал хадистегі өткізбей тоқтату бұйрығы — рұқсатты білдіру үшін келген. Намазда қара және улы екі нәрсені өлтіруге рұқсат етілгені сияқты.
Сол себепті алдынан өтпек болған адамды баспен, көзбен немесе басқа ишарамен тоқтатуға рұқсат етілген. Пайғамбарымыз ﷺ Умм Сәләмәнің екі баласымен осылай істеген. Немесе «СубханАллаһ» деп тәсбих айту арқылы ескертеді. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ: «Сендердің біріңе намазда бір нәрсе болып қалса, тәсбих айтсын», – деген.
Ишара мен тәсбихты бірге қолдану мәкрүһ. Өйткені олардың біреуі жеткілікті.
Ер адам алдынан өтпек болған кісіні қырағатын даусын көтеру арқылы тоқтатады. Тіпті әдеттегі жария оқуынан артығырақ көтерсе де болады.
Ал әйел адам оны ишарамен немесе оң қолының саусақтарының сыртын сол қолының алақанына ұру арқылы тоқтатады. Өйткені әйелдерге тән ескерту тәсілі — шапалақ қағу.
Бірақ әйел адам қырағатта немесе тәсбихта дауысын көтермейді. Себебі оның даусы фитна. Сондықтан мұндай жолмен тоқтатуы талап етілмейді.
Намаз оқушы алдынан өткен адаммен арпалыспайды. Ал хадисте келген: «Сендердің бірің намаз оқып тұрса, ешкімді алдынан өткізбесін. Шамасы келгенше тоқтатсын. Егер көнбесе, онда онымен күрессін. Расында, ол — шайтан», – деген хадис, бұл үкім Исламның алғашқы кезеңінде болған деп түсіндіріледі. Ол кезде намаз ішінде намазға қайшы келетін кейбір амалдарға рұқсат етілген еді. Кейін бұл үкім жоғарыда айтылған дәлелдермен мансух болған.
Егер біреу намаз оқушының сәжде жасайтын жерінен өтіп кетсе, намаз бұзылмайды. Мейлі ол әйел адам, ит немесе есек болсын. Бұған Пайғамбарымыздың ﷺ: «Намазды ешнәрсе бұзбайды. Қолдарыңнан келгенше (алдарыңнан өтпек болған адамды) өткізбей тосыңдар. Расында, ол — шайтан», – деген хадисі дәлел.
Алайда алдынан өткен адам балиғатқа жеткен, ақыл-есі дұрыс кісі болып, мұны әдейі істесе, күнәға батады¹.
Дұрысы — үлкен мешітте (яғни қырық немесе одан да көп шынтақ көлеміндегі мешіт үлкен мешіт саналады) және ашық далада намаз оқушының сәжде жасайтын² орнынан өту мәкруһ. Ал кішкентай мешітте (немесе үйде) алдынғы жағынан қай жерінен өтсе де мәкруһ саналады.
Намаз оқушы мен сәжде орнының арасынан, яғни бір адамның тұратын шамасындай жердің ішінен өту мәкруһ болады. Ал сәжде орнынан ары жерден, мысалы көшеде өту мәкруһ емес. Өйткені адамдардың жолын тарылту бар.
Имам ат-Тахтауидің хашиясынан толықтыру:
¹(Алайда алдынан өткен адам балиғатқа жеткен, ақыл-есі дұрыс кісі болып, мұны әдейі істесе, күнәға батады) деген сөз — балиғатқа жетпеген немесе әдейі өтпеген адам бұл үкімге кірмейтінін білдіреді. Сондықтан ол екеуіне күнә жоқ.
Біліп қой: бұл мәселе төрт түрлі жағдайда болады. Мұны әш-Шилби «әл-Бәдәиғ», ал Ибн Әмир Хаж Ибн Дақиқ әл-Идтен жеткізеді:
Біріншісі: алдынан өтушінің басқа жолмен өту мүмкіндігі бар, ал намаз оқушы өзі адамдар өтетін жерге тұрып алмаған. Мұндайда күнә тек өтушіге ғана болады.
Екіншісі: бұған керісінше жағдай. Яғни намаз оқушы адамдар жүретін жерге тұрып алған, ал өтушінің басқа жолы жоқ. Бұл жағдайда күнә тек намаз оқушыға болады, өтушіге болмайды.
Үшіншісі: намаз оқушы да адамдар өтетін жерге тұрып алған әрі өтушінің басқа жолы да бар. Бұл жағдайда екеуі де күнәһар болады.
Төртіншісі: намаз оқушы адамдардың жолына тұрмаған әрі өтушінің де басқа жолы жоқ. Бұл жағдайда екеуіне де күнә болмайды.
²(Дұрысы — үлкен мешітте және ашық далада намаз оқушының сәжде жасайтын орнынан өту мәкруһ) деген сөзге қатысты Фахрул-Ислам былай деген: «Ол — ықыласпен намаз оқып тұрған адамның көзі түсетін орын» (яғни, үлкен мешітте немесе ашық далада намаз оқушы сәжде орнына қарап тұрған кезде көзінің қыры түсетін аралықтан өтуге болмайды. Бұл шамамен үш не одан да көбірек қатар мөлшері болуы мүмкін. Ал одан ары жерден өтуге рұқсат).
Әт-Тумурташи: «Дұрысы — осы пікір (яғни, Фахру-Исламның таңдаған пікірі дұрыс). Өйткені бұл қағида барлық жағдайда бірдей қолданылады. Қандай мәселені таңдаса да, ол барлық көріністерде тұрақты жүреді. Сондықтан ол — тахқиқ майданында озып шыққан имам», – деген. Мұны «әл-Инаяда» айтқан. Сондай-ақ «ән-Ниһаяда» да осы пікір дұрыс деп таңдалған.