August 14

«Ұлымды жоғалтсам да, ұятымды жоғалтпадым».

Абдул-Хабир ибн Сәбит ибн Қайс ибн Шәммәс өзінің әкесінен, ал ол атасынан риуаят еткен хадисте айтты: «Пайғамбарға ﷺ ниқаб киген бір әйел келді, оның есімі – Умм Халлад еді. Ол өзінің өлтірілген ұлы жайлы сұрау үшін келген болатын. Сонда сахабалардың бірі: – Ұлың туралы сұрауға келіп тұрып, бетті жауып алғансың ба? – деп таңырқап сұрайды. Сонда әйел: – Ұлымды жоғалтсам да, ұятымды жоғалтпадым, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз ﷺ: – Сенің ұлыңа екі шейіттің сауабы жазылады, – дейді. Әйел: – Ол не үшін, уа Аллаһ Елшісі? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз ﷺ: – Себебі оны Кітап иелері өлтірді, – деп жауап берген».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» («жиһад» бабы, №2488) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Пайғамбарға ﷺ ниқаб киген) яғни, жүзі жабылған (бір әйел келді, оның есімі Умм Халлад еді) яғни Халадтың анасы. Ол – Қурайза оқиғасында қайтыс болған Халад еді. Оның үстіне қамалдың төбесінен тас лақтырылып, басы жарылып мерт болған. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ: «Ол үшін екі шейіттің сауабы жазылады», – деген. Бұл тасты оған Қурайзалық әйел – Банана есімді кісі лақтырған дейді. Кейін Пайғамбарымыз ﷺ Қурайза руынан балиғатқа жеткен ерлерді жазалаған кезде, сол әйелді де өлтірткен. Ол – Ислам тарихында жазаланған жалғыз әйел. ( Ол өзінің өлтірілген ұлы жайлы сұрау үшін келген болатын. Сонда сахабаларының бірі: – Ұлың туралы сұрауға келіп тұрып, бетті жауып алғансың ба? – деп таңырқап сұрайды) яғни, егер ұлыңнан айырылу сияқты қайғыға душар болған болсаң, әдеттегідей басыңды ашып, жүзіңді көрсетіп отырар едің [сахабаның таң қалу себебі, өйткені надандық дәуірде біреу қаза тапса немесе ауыр қайғыға душар болса, әйелдер өз қайғысын ашық көрсету үшін киімін жыртып, шашын жайып, бетін ашып, айқайлап жылап ұятсыздық жасайтын]. (Сонда әйел: «Ұлымды жоғалтсам да, ұятымды жоғалтпадым», деп жауап береді») яғни, маған қандай қайғы келсе де, ұятымнан айырылған жоқпын, расында, Аллаһқа шүкір, ұятым әлі де бар. (Пайғамбарымыз ﷺ: – Сенің ұлыңа екі шейіттің сауабы жазылады, – дейді. Әйел: – Ол не үшін, уа Аллаһ Елшісі? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз ﷺ: – Себебі оны Кітап иелері өлтірді, – деп жауап берген»)».