Үй алу үшін банктен несие алуға рұқсат бергендерге жауап.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен.
Барлық мақтау Аллаһқа тән. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мен сахабаларына және оның жолын ұстанғандарға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.
Шариғат ілімімен айналысатын кейбір адамдар өсіммен жұмыс істейтін банктерден неисе алуға болады деп пәтуа беріп, қателікке ұрынды. Банк қарыз сомасының белгілі бір пайызын алып, оны «әкімшілік алым» деп атайды. Алым қарыз сомасы көбейгенде көбейіп, азайғанда азайса, ол шын мәнінде өсім (риба) болып табылады. Бұл параны «сыйлық» деп атағанмен бірдей.
Пәтуа иесі өз пікірін барынша қорғауға кірісті. Алайда қатеден қайту — ізгі қасиет. Әсіресе мұндай қатерлі мәселеде пәтуа беруші жұрттың, ал ресми муфти болса, кейде биліктің ризалығын іздеп, Аллаһтың қаһарына ұшырап қалудан қорқуы керек.
Оларға жауап бермес бұрын айтарым, өсімнен арылудың екі жолы бар.
- Банк қарыз аз болса да, көп болса да бірдей алынатын нақты ақы белгілейді. Ол аз және көп қарыздан алынатын ақының орта шамасына сай болып, банктің қажеттіліктері мен шығындарын жабуға жетуі керек (Мысалы, банк қарызды рәсімдеуге 20 000 тұрақты ақы белгілейді. Клиент 2 млн қарыз алса да, 10 млн қарыз алса да, рәсімдеу ақысы бірдей — 20 000. Бұл сома банктің қарызды рәсімдеуге кететін шығындарын өтеуге есептеледі).
- Бұдан да жақсы жолы — банк үйді, пәтерді, көлікті немесе соған ұқсас мүлікті өзі сатып алып, иесіне құнын қолма-қол төлейді. Содан кейін өзі белгілеген тұрақты пайда сомасын қосып, оны алғысы келген адамға сатады. Сатып алушы бастапқы құн мен қосылған пайданы келісілген айлар бойы бөліп төлейді.
Маған пайыздық ақы алуға рұқсат беретін бес беттік зерттеу және онымен бірге «Фиқһ ғалымдары ұсынған шариғи шешімдер. Өсім тарауы мысалында» деген тағы бір зерттеу келіп жетті. Екеуінің де авторын анықтай алмадым.
Оларға жауап бермес бұрын өсімнің харам екендігін кесімді түрде білдіретін дәлелдерді еске саламын. Аллаһу Тағала харам істерді жасағандарды отпен, тозақпен және қаһарымен жазалайтынын ескерткен. Ал екі топқа соғыс жарияланған. Олар — өсім алушылар мен төлеушілер және Аллаһтың әулиелеріне дұшпандық жасаушылар. Құдси хадисте: «Кім Менің бір әулиеме дұшпандық жасаса, Мен оған соғыс жарияладым», — делінген.
- ﴾Өсім жейтіндер (бес күндік дүниеде пайдаға кенелдік деп ойласа да, қиямет күні қабірлерінен) бейне бір шайтан ұрып жынданған адамдай түрегеледі. Бұл олардың: «Сауда-саттық тура өсім сияқты», – деп айтқандығынан. Әйтсе де Аллаһ сауда-саттықты адал, ал өсімді харам қылды﴿ («Бақара», 275-аят).
- ﴾Аллаһ (көп кіріс әкелетіндей көрінетін) өсімге береке дарытпайды, әрі одан түскен дүниені бірте-бірте кемітіп, түбінде, жоқ қылады. Ал (көп адамдар дүниені кемітеді деп ойлайтын) зекет-садақаны керісінше өсіреді (берекелі етіп, еселеп көбейтеді). Аллаһ (харамды адал деп қасарысқан) бірде-бір күнәһар кәпірді жақсы көрмейді﴿ («Бақара», 276-аят).
- ﴾Уа, иман келтіргендер! Аллаһқа қарсы келіп, асы болудан сақтаныңдар (ұдайы тақуалық шеңберінде өмір сүріңдер)! Егер шын мүмін болсаңдар, (өздеріңнен өсім шартымен қарыз алған адамдардың мойнындағы) өсімнен түсетін алашақтарыңды алмаңдар﴿ («Бақара», 278-аят).
- Ибн Масғуд жеткізген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ Аллаһтың өсім алушыны, оны төлеушіні, мәмілені жазушыны және оның екі куәгерін лағынеттегенін айтқан. Хадисті бес хадис жинағының авторы риуаят еткен, әт-Тирмизи оны сахих деп бағалаған. Ән-Нәсәи нұсқасында: «Өсім алушы, оны төлеуші және мәмілені жазушы мұның өсім екенін білсе, Қиямет күні Мухаммадтың ﷺ тілімен лағынеттеледі», — делінген. Дереккөздер: «Муснад» (1/87), Әбу Дәуд (3333), әт-Тирмизи (1206), ән-Нәсәи (8/147), Ибн Мәжа (2277).
- Ибн Масғудтан жеткен, әл-Хаким сахих деп бағалаған хадисте: «Өсімнің жетпіс түрі бар. Олардың ең жеңілі — ер адамның өз анасымен жыныстық қатынасқа түсуі секілді», — делінген. Әл-Хаким (2/37).
Бұл хадистердің мағынасы өсім мәмілесінің жүзеге асуына оның кез келген сатысында жәрдемдескен әрбір адамды қамтиды.
Бұл хадистердің мағынасы өсім мәмілесін жүзеге асыруға оның кез келген кезеңінде жәрдемдескен әрбір адамды қамтиды...
«Баспана — зәру қажеттілік» деген адамға айтарымыз: бұл зәрулікті үй жалдау арқылы немесе қабырғасын балшықтан тұрғызып, төбесін ағаш діңдерімен жабу арқылы, тіпті шатырда тұру арқылы да өтеуге болады.
Содан соң автор фиқһ ғалымдарының банк мәмілелеріне қатысы жоқ бірқатар пікірін келтірген. Бұлар — ижтиһадқа негізделген пікірлер. Олар өсімді харам ететін дәлелдерге қарсы тұра алмайды...
Айтқан сөздерің мен жазғандарыңда Аллаһу Тағала бақылап тұрғанын естен шығармаңдар. Қиямет күні Аллаһу Тағала: ﴾«Тоқтатыңдар оларды! Олар алдымен (дүниедегі істері үшін) жауапқа тартылады»﴿ («ас-Саффат», 24-аят), — дегенде, алдыңғы қатарда сендер боласыңдар.
Олардың сөзін тыңдайтындарға айтарым: өмірден өтіп, елде орны ойсырап қалған, білімі жан-жақты ірі ғалымдар тірі болғанда, мешіттегі ілім алқаларынан тәлім алмай, дипломдарының арқасында алға шыққан осы жас буынның үнін басар еді.
Ескертпе: Мақала қысқартылып аударылды. Фиқһпен арнайы таныс емес оқырманға мәтін жеңіл оқылуы үшін сауда мәмілелеріне қатысты кейбір дәлелдер мен егжей-тегжейлі талдауларды аудармаға қоспай, мақаланың негізгі ойларын бердім. Дәлелдермен толығырақ танысқысы келген оқырман төмендегі сілтеме арқылы шейхтың мақаласын түпнұсқадан оқи алады.