«Тек үш мешітке бару үшін арнайы сапарға шықса болады...» Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди
«Тек үш мешітке бару үшін арнайы сапарға шықса болады – әл-Харам Мешітіне, менің мешітіме және әл-Ақса мешітіне» (екі «сахих» жинақта).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкәт әл-Масабих» (хадис нөмірі: 693) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Яғни, басқа мешіттерге сапарға шықпаңыздар, өйткені үш мешіттен басқа мешіттердің дәрежелері өзара бірдей және абзалдық жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Басқа мешіттерге сапарға шығу бос әурешілік және ауыртпашылық. Муслимнің «Сахихына» жазған ән-Нәуәуидің түсіндірмесінде Әбу Мухаммад былай деген: «Үш мешіттен басқаға сапарға шығуға тыйым салынады». Бұл қате. Кейбір ғалымдар бұл хадисті шәһидтер мен әулиелердің қабірлерін зиярат ету үшін сапарға шығудың харам екендігіне дәлел ретінде қолданған. Маған олардың бұл пікірлері дұрыс емес екені түсінікті болды, бәлки (Пайғамбарымыз ﷺ) қабірлерді зиярат етуге бұйырған: «Бұған дейін мен сендерге қабірлерді зиярат етуге тыйым салғанмын, енді зиярат етіңдер» (әт-Термизи, 5\545). Хадисте тек үш мешіттен басқа мешітке сапар шегуге тыйым салынғандығы айтылған, өйткені барлық мешіттердің дәрежесі\абзалдығы бірдей (яғни, үш мешіттен басқа мешіттерде оқылған намаздың сауабы бірдей) және бірде-бір мешіті жоқ ел жоқ, сондықтан басқа мешітке барудың аса қажеті жоқ. Ал әулиелердің\шәһидтердің қабірлеріне келсек, олар өзара тең емес, бірақ олардың қабірлерін зиярат етудің сауабы олардың Аллаһтың құзырындағы дәрежесіне байланысты әртүрлі болып келеді. Сонда мен әулиелер мен шәһидтердің қабірлерін зиярат етуден тыйған адамдар Ибраһим, Муса және Яхья сияқты пайғамбарлардың қабірлеріне зиярат етуіне тосқауыл бола ма, жоқ па, соны білгім келеді. Егер олар пайғамбарлар мен әулиелердің қабірлерін зиярат етуге рұқсат берсе, онда бұл сапардың мақсаты оларды зиярат етуден басқа нәрсе емес. Ғұламаларды тірісінде зиярат ету мақсаттардың бірі болғаны секілді¹».
¹Яғни, егер қабірлерге зиярат ету үшін сапарға шығуға тыйым салушылар пайғамбарлардың қабірлерін зиярат етуге рұқсат берсе, онда сол зиярат үшін сапарға шығуға неге тыйым салады, егер зиярат етушінің ниеті тек зиярат болса? Тірі ғалымды зиярат еткенде адамның ниеті зиярат болғаны секілді, зияратқа шыққан адамның ниеті тек зиярат қой.