«Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Әйел адамға бір күн бір түндік жолға махрамсыз шығу жоқ».
Әбу Һурайрадан риуаят етті: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Әйел адамға бір күн бір түндік жолға махрамсыз шығу жоқ». Хадисті Бухари мен Муслим риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2515) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Әйел адамға бір күн бір түндік жолға махрамсыз шығу жоқ») мына жердегі жоққа шығару тыйым салу мағынасында. Кейбір риуаяттарда ашық түрде «тыйым» түрде келеді.
«Әл-Һидая» кітабында: «Әйелге сапар өлшемінен (яғни, үш күн үш түннен: шамамен 90 км.) аз қашықтыққа махрамсыз шығуына рұқсат» делінген (біздің мәзһабта негізгі ұстаным осы пікір). Ибн әл-Һумам, Аллаһ оны рақымына алсын, айтты: «Бұл мәселені екі сахих хадис жинақта келген хадиспен ұштастыру қиындық соқтырды: «Әбу Сағид әл-Худриден, Аллаһ одан разы болсын, келген хадисте: «Әйелге екі күндік жолға күйеуі немесе махрамсыз шығуына болмайды». Және хазіретті Әбу Һурайрадан, Аллаһ одан разы болсын, келген хадисте: «Аллаһқа және ақырет күніне иман еткен әйелге бір күн бір түндік жолға махрамсыз шығуына болмайды». Муслимнің басқа нұсқасында: «тек түндік жол», кейбірінде: «бір күндік жол» деп, ал Әбу Дәуітте: «бәрид», яғни, екі фарсах: 12 мил шамасында деп келеді. Бұл Ибн Хиббан сахихында және әл-Хаким: «Бұл – Муслимнің шарты бойынша сахих» делінген. Табаранидің жинағында үш мил деп келген. Біреу: «Халық үш күн деп айтады ғой», – дегенде, ол: «Олар қателескен», – деп жауап берді. Хафиз әл-Мунзири былай дейді: «Бұл риуаяттарда қарама-қайшылық жоқ. Себебі Аллаһ Елшісі ﷺ әртүрлі жағдайда, әртүрлі сұрақтарға байланысты әртүрлі айтқан болуы мүмкін. Немесе бұл сандар мысал ретінде, ең аз уақытты білдіру үшін айтылған: Бір күн – ең аз мөлшердің шегі, екі күн – екіліктің ең басы және ең азы (араб тілінде жекеше мен көпше түрмен бірге «екілік» бар) және үш күн – көпше түрдің басы және ең азы (яғни, араб тілінде көпше түр үштен басталады және көпшенің ең аз мөлшері де осы үш болып табылады). Бұл аз уақыт болса да, әйелге махрамсыз сапарға шығуына болмайтынына ишара. Ал егер одан ұзақ қашықтық болса, тіпті болмайды».
Қорытынды: Бұл хадистер әйелдің махрамсыз елден тыс жерге сапарға шығуына тыйым салуды білдіреді. Ал тілдік мағынадағы сапарға (яғни, араб тіліндегі «сапар» сөзі қысқа жолға да қолданылады), кез-келген қашықтыққа тыйым жайлы келген хадис – Бухари мен Муслим Ибн Аббастан, Аллаһ одан разы бослын, риуаят еткен хадис: «Әйелге махрамсыз ешқашан сапарға шығуына болмайды».
Ат-Тыйби айтты: «Әйелге қарауға және онымен сапарда бірге бола алатын махрам - некелесу мәнгі бақи харам болып табылатын ер кісі. Мұндай харамдық шариғат бойынша адал себеппен болуы керек. Мәселен, ер адамның әйелінің әпкесі немесе әкесінің әпкесі (жеңге/апа) – мәңгілік харам, бірақ олар махрам болмайды... Ал хадистегі «бір күн бір түндік жол» деген сөз нақты қашықтықты білдіру үшін емес. Бәлки, кез келген «сапар» деп аталатын жолда әйелдің жанында күйеуі немесе махрамы немесе тақуа әйелдер болуы керек (аудармашыдан: тақуа әйелдермен сапарға шығу рұқсаты шәфиғи мәзһабында, біздің мәзһабта рұқсат емес), мейлі әйел жас не кәрі болсын, бәрібір. Бірақ, әйелге дінін ашық ұстануға мүмкіндік бермейтін кәпір елінен (дарул-куфр) махрамсыз һижрат жасауына рұқсат етіледі».
Мұны (яғни, әйелдің кәпір елінен махрамсыз һижрат жасауына рұқсат болуын) хазіретті Ади ибн Хатимнен риуаят етілген хадиспен ұштастыруға болады: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Жақында Хирадан (Ирак жерінен) шыққан әйел жалғыз өзі тек Аллаһтан ғана қорыққан күйде Қағбаға келетін күндер болады» (Бухари). Хадистің мағынасы – жаудың қолынан босап шыққан мұсылман әйел ислам жеріне жеткенге дейін махрамсыз сапарда болса рұқсат деген.
Қазы әл-Ғйяд (әл-Мәлики), Аллаһ оны рақымына алсын, айтты: «Әйелге қажылық пен умрадан басқа сапарларға махрамсыз шығуына болмайтынына ғалымдар бірауыздан келіскен (біздің мәзһабта қажылық пен умраға да махрамсыз шығу рұқсат емес). Тек дінін ашық ұстану мүмкіндігі жоқ кәпір елінен һижра үшін ғана рұқсат етіледі. Өйткені мұндай жерде қалуы – харам». Бұл үкім жас не кәрі әйелге бірдей. Себебі әйел – фитнаға себеп: «Әр құлаған нәрсені көтеретін біреу табылады» (мақал)».
Бейшара пақыр аудармашыдан: Бұл мәселеде біздің мәзһабта негізгі ұстаным әйел адам үш күн үш түн (шамамен 90 км.) қашықтыққа махрамсыз шығуы мәкруһ тахрим, тіпті қажылыққа да, бірақ одан азына рұсқат. Әйтседе бір топ ғалымдар одан да аз қашықтыққа тыйым салған, яғни, кез-келген сапарға махрамсыз шығу рұқсат емес. Енді күнімізде әйел адамдардың махрамсыз одан да алыс сапарға шығуларының үкімін ойлай беріңіз!