September 21

﴾Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер﴿.

Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер. (Аллаһтың разылығына бөлену мақсатында) дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, сол Аллаһтың алдына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Аллаһ сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде﴿. «Бақара» сүресі, 110-аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«Аллаһу Тағала намаз оқуды және зекет беруді Құранда қайта-қайта бұйырған. Құранда қаншама сүре болса да, олардың көпшілігінде намаз бен зекет міндетті түрде айтылып өтеді — кейде бір сүреде бірнеше жерде де қайталанып еске алынады. Бұлар — діндегі ең құрметті де маңызы зор парыздардан.

Сондықтан Аллаһ бұл екеуін алдыңғы пайғамбарлардың да шариғатына енгізді (оларға Аллаһтың сәлемі болсын).

Мысалы, Ибраһим пайғамбардың былай дегенін қарашы: ﴾«Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның арасынан (қаныпезер еместерді) намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарың ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете көр!»﴿. («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

Ал Мұса мен Һарунға былай деген: ﴾«Қауымдарыңа арнап Мысырда (пана тұтып, Аллаһ жолында бас қосатын) бірнеше үй әзірлеңдер әрі үйлеріңді құбылаға қарап, құлшылық ететін орынға айналдырып, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқыңдар. (Уа, Мұса!) Мүміндерді сүйіншіле!» – деп уахи жібердік﴿. («Юнус» сүресі, 87-аят).

Иса пайғамбардың да мына сөзін қара: ﴾«Мені қайда болсам да (адамдарға) жақсылық, құт-береке әкелетін мүбәрак жан қылды. Сонымен қатар маған тіршілігімде (яғни, дүниеден өткенше) намаз оқуды, (жағдайым болса) зекет беруді һәм өзгелерді соған үндеуімді бұйырды»﴿. («Мәриям» сүресі, 31-аят).

Сондай-ақ Аллаһтың мына уәдесін қара: ﴾Расында, Аллаһ Исрайыл ұрпақтарынан берік уәде алған еді. Біз олардың арасынан (он екі рудың әрқайсысынан бір-біреуден) он екі өкіл тағайындаған едік. Сонда Аллаһ оларға былай деді: «Шүбәсіз, Мен сендермен біргемін. Егер сендер намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқысаңдар, зекетті толық берсеңдер, пайғамбарларыма иман келтіріп, қолдау көрсетсеңдер және мал-пұлдарыңды Аллаһ жолында жұмсау арқылы Аллаһқа «жақсы қарыз берсеңдер», онда күнә-қателіктеріңді сөзсіз кешіремін һәм міндетті түрде (жайқалған жасыл бауларының арасынан және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшаларына кіргіземін. Ал енді бұдан кейін араларыңнан кімде-кім (алғыс айтудың орнына) күпірлік қылса, шүбәсіз, тура жолдан адасқан болады»﴿. («Мәида» сүресі, 12-аят).

Намаздың Құранда жиі қайталанып айтылуы — дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші — намаздың пенде мен Раббысы арасындағы терең байланысты білдіретін ерекше құлшылық болуына байланысты. Намаздың ішінде барлық игіліктің түрі жиналған: Раббының құзырында тұру, Онымен сырласу, рукуғ жасау, сәждеде маңдайды жерге тигізу — мұның бәрі Аллаһқа толық бойсұнудың көрінісі. Шын ықыласпен тек Аллаһ үшін дінін арнаған адамға бүкіл дүние-байлықты ұсынса да, ол басқа бір пенде үшін жерге маңдай тигізіп сәжде етпес еді. Тауфиқ тек Аллаһтан.

Зекет — пенде мен Жаратушы арасындағы ғана емес, сонымен қатар пенде мен жаратылыс (адамдар) арасындағы байланыс құлшылығы. Ол жүректерді баурау мен бірлікке себеп болады. Сондай-ақ, өзгелерге деген мейірімділік пен шапағаттың айқын көрінісі.

Сол себепті Аллаһ Тағала намаз бен зекеттің мәртебесін өте жоғары етіп, бұл екеуін ұлық етті. Олардың ісін қадірлі, үкімін абыройлы етті, дәрежесін биіктетті. Сол себепті де оларды Құранның барлық жерінде иманмен бірге атады. Және олардың арқасында адамдар арасындағы бауырластықты бекітті. Бұған дәлел ретінде мына аят бар: ﴾Егер олар тәубеге келіп, хақ дінді мойындап, намаз оқыса һәм зекет берсе, онда олар діндес бауырларың болады. Біз бір нәрсе білетін әрі түсінетін қауым үшін аяттарымызды, міне, осылай егжей-тегжейлі баяндаймыз﴿. («Тәубе» сүресі, 11-аят).

Сондай-ақ, намаз бен зекет — ақылдың өзі де құрмет көретін құлшылықтар. Өйткені намаз — барлық жақсы амалдардың түрін қамтитын ғибадат. Ол — Аллаһқа ең үлкен бойсұну мен мойынсұнудың шыңы. Бұған біз бұған дейін де тоқталғанбыз. Сондықтан бұл — тікелей уахи келмесе де, адамның ақылының өзі мойындайтын іс.

Зекет те дәл солай: ол нәпсіні тәрбиелеу мен тазарудың амалы. Бұл да ақылмен ұғынылатын, тіпті ақылдың өзі де міндетті деп қарайтын нәрсе.

Егер сұрақ қойылса: «Зекеттің уәжіптігінде қандай хикмет бар?»

Онда жауап былай болады: Аллаһ Тағала адамға мол дүние беріп, оның ырысын кең етіп, дене-мүшелерін түрлі апат пен кемістіктен аман қылды — міне, сол нығметтер үшін шүкір ету бұйырылды. Яғни зекет — берілген нығметке шүкір ретінде парыз етілген.

Тағы сұрақ қойылса: «Неге Аллаһ пенде мен оның малынан ғана зекет талап етті? Неге басқа нәрседен емес?»

Онда жауап: Егер зекет басқа нәрседен алынатын болса, ол шүкірліктен гөрі бір алмасу, саудаласу сипатына ұқсап кетер еді. Аллаһқа шүкірлікті саудаға айналдыру дұрыс емес. Сондықтан зекет адамның өзінен (денесінен) және дүние-мүлкінен ғана талап етілді. Ал бұл — Аллаһқа шүкір етудің шынайы жолы. Дұрысын Аллаһ жақсы біледі.

Сондай-ақ намаз, зекет және басқа да ғибадаттардың парыз етілуіндегі хикмет мынандай: Аллаһ Тағала адамды ерекше жаратылыста жаратты, оларға Өз нығметтерін жаудырды, жердегі бүкіл нәрсені олардың игілігіне бағындырды. Тіпті әрбір адам өз өмірінде тек Аллаһтың нығметтерін ғана көреді, одан басқа ештеңе көрмейді. Бірақ бұған лайық болатындай ешқандай амалы немесе еңбегі жоқ. Сондықтан бұл нығметке шүкір ету міндет болады.

Осы орайда намаз — бүкіл дене-мүшенің Аллаһқа шүкір етуі. Онда адамның барлық ағзасы Аллаһқа арналады:
— дене — намаз амалдарын орындауға;
— нәпсі — ерікті түрде бойсұнуға;
— жүрек — ниет ету, қорқу және үміт етуге;
— ақыл мен сана — Аллаһты ұлықтап, ұлық тұтуға жұмсалады.

Осылайша, адамның бүкіл болмысы Аллаһтың нығметіне шүкірлік етуге жұмсалады. Ал бұл — Ұлы Жаратушының мейірімі мен жомарттығының белгісі. Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші.

Сондай-ақ адамдар мал-мүлік арқылы бұл дүниеде артықшылыққа ие болып, жайлы өмірдің ләззатын көреді. Сондықтан Аллаһ оларды — сол малынан Аллаһ үшін бөліп шығаруға бұйырды. Өйткені бұл жер мен ондағы нығметтер бүкіл адам баласына қызмет етсін деп бағындырылған. Ендеше, байлыққа ие болмағандармен байланысты үзбеу — парыз. Олар да бұл дүниедегі Аллаһтың жаратылысын пайдалану мен рақатын көруде тең болулары үшін. Аллаһ бұл арқылы екі дүниеде де олар үшін қайырлы болатын жолды белгілеп қойған. Күш-қуат тек Аллаһтан.

(Аллаһтың разылығына бөлену мақсатында) дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, сол Алланың алдына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады﴿.

Бұл аят — муғтазила жамағатының көзқарасына қарсы дәлел. Өйткені олар былай дейді: «Кімде-кім ауыр күнә істесе де, кейін намаз оқып, зекет беріп, Аллаһ жолында жиһад етсе, қажылық жасап, сансыз жақсылықтар істесе — сол істеген жақсылықтарының ешбірін таппайды. Тек бұрын істеген күнәларын ғана табады».

Бірақ мұндай түсінік — Жомарт әрі Кеңпейіл Аллаһтың сипатына мүлде сай келмейді. Аллаһ Тағала Өзін олай сипаттамаған, қайта керісінше сипаттаған. Мысалы, былай деген:

﴾Міне, олар – сондай ізгі жандар, Біз олардың істеген игі істерін қабыл алып, қарымтасын ең игі істеріне қарай қайтарамыз һәм күнә-қателіктерін толық кешеміз. Сөйтіп, оларды жаннаттықтардың қатарына қосамыз. Міне, бұл – оларға бұрын-соңды берілген хақ уәде!﴿. («әл-Ахқаф» сүресі, 16-аят).

Ал муғтазилалар не дейді? Олар: «Аллаһ олардың жасаған жақсы амалдарын қабыл етпейді, жамандықтарын кешірмейді» — дейді. Мұндай сөз — шектен шығушылық. Біз Аллаһтан шектен шығушылықтан да, Ол туралы орынсыз үкім айту мен күмәнді сөз айтудан да пана тілейміз. Қорғау да, табыс та тек Аллаһтың қолында.

Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде﴿.

Яғни, істеген жақсылықтарың мен жамандықтарыңды түгел көреді. Бұл ескерту — жамандықтан сақтандыру үшін. Және жақсылық жасауға қызықтыру үшін. Дұрысын Аллаһ жақсырақ білуші».