«Үш адам елді мекенде не далада жамағатпен намаз оқымаса, онда шайтан оларды иемденеді. Сондықтан жамағатпен бол! Себебі қасқыр отардан бөлінген қойды жейді».
Хазіретті Әбу Дарда, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Үш адам елді мекенде не далада жамағтпен намаз оқымаса, онда шайтан оларды иемденеді. Сондықтан жамағатпен бол! Себебі қасқыр отардан бөлінген қалған қойды жейді». Хадисті Ахмад, Әбу Дәуіт және ән-Нәсәи жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1067) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Үш адам) яғни, ер адамдар. Өйткені тек әйелдерден құралған жамағаттың өз ішінен имам шығарып, жамағатпен намаз оқуы — мәкруһ. Үш адаммен шектелу — бұдан көп адам болса, соғұрлым намазды жамағатпен оқу міндеттілік күшейе түсетініне ишарат. Бұл — ауылдағы адамдардың ең аз санына қарай алынған. Сонымен қатар, үш адам — жамағаттың ең аз мөлшері, өйткені екі адаммен де жамағат болуы мүмкін болса да, үш адам — жамағаттың толығырақ әрі кемел түрі (елді мекенде не далада жамағатпен намаз оқымаса) яғни, қыр далада. Хадистің жалпылама келуі — біздің мәзһабтағы көзқарасты қуаттайды: жамағатпен намаз оқу — жолаушы үшін де сүннет. Бірақ жолаушы тоқтаған кезде ғана, ал жол үстінде болса, жамағатпен оқу міндеттелмейді, өйткені бұл жағдайда ауыртпашылық.
Ибн Хаджар айтты: «Егер олар бір жерде тұрақтаса, жамағатпен намаз оқу міндет болады. Ал егер олар тұрақтамаса, онда жамағатпен оқу міндет емес»; (онда шайтан) оларға Аллаһты еске алуды ұмыттырды. Аллаһ Тағала айтты: ﴾Мені еске алу мақсатында намаз оқы!﴿. Ибн әл-Мәлик айтты: «Өйткені шариғаттың бұйрығын себепсіз тәрк ету — шайтанға еру болып саналады»; (оларды иемденеді) яғни, оларды бағындырып, үстемдік етеді. (Сондықтан жамағатпен бол) яғни, жамағатқа берік бол. Өйткені шайтан жамағаттан аулақ жүреді және одан бөлінген адамға үстемдік етеді. Ат-Тыйби айтты: ««Сондықтан жамағатпен бол!» — деген бұйрық жалпы мұсылмандарға арналған...». (Себебі қасқыр) Бұл жерде «қасқыр» дегенді «шайтан» деп түсіну дұрыс емес, — дейді Ибн Хажар, өйткені мәтінде тікелей қасқыр туралы айтылып тұр (отардан бөлінген қойды) яғни, отардан бөлініп, алыста жүрген қой — бақташыдан қашық болғандықтан (қауіпке ұшырайды). Өйткені бақташының назары отарды қорғаушы. Сол себепті Пайғамбарымыз ﷺ айтқан: «Аллаһтың қолы жамағатпен бірге», яғни: Оның жәрдемі мен қорғауы жамағатпен жүргендерге болмақ, жамағаттан алыстағандарға емес»; (жейді) басқа риуаятта «отардан бөлінген қойды алады» деп келген.
(Хадисті Ахмад, Әбу Дәуіт) Мирак айтты: «Бұл хадис жайлы имам Әбу Дәуіт пен Мунзири үндемеді». Сондай-ақ бұл хадисті Хаким келтіріп, сахих деген. Имам ан-Нәуауи де: «Иснадынды сахих», — деген (және ән-Нәсәи жеткізді).
Ибн Хаджар айтты: «Бұл хадисті Ибн Хиббан сахих деп айтқан», – деді. Ал Ғазали, егер бір адам өзін барлық намазында ықыласпен оқитынына сенімді болса, бірақ жамағатта оқығанда ойын бөлу себепті ықыласын жоғалтатынын білсе, онда ол үшін жеке оқу артық деген пәтуа берген. Бірақ ғалымдар бұл пікірді терістеді. Оған (Ғазалидің пікіріне) Ибн Абдус-Сәләм де ілесіп, «таңдаулысы осы» деген. Шын мәнінде дұрыс пікір – жамағатпен оқу артық. Бұл – сүннеттің анық мәтінінен белгілі. Сондай-ақ, бұл пікірді қабылдасақ, үлкен бір қауіпті есік ашылып кетеді. Сондықтан да: «Жамағаттың берекесі – бөлінушілікті жоюда» делінген»».