«Әйел шайтан кейпінде келеді және шайтан кейпінде кетеді...»
Хазіретті Джәбир риуаят еткен хадисте: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Әйел шайтан кейпінде келеді және шайтан кейпінде кетеді. Егер сендердің біреулеріңді әйел таң қалдырса және бұл оның жүрегіне түссе, әйеліне барып қосылсын, өйткені бұл оның жүрегіндегі нәрсені кетіреді». Хадисті Муслим жеткізген.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3105) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Әйел шайтан кейпінде келеді) яғни, алдынан көрген кезде (және шайтан кейпінде кетеді) яғни, артынан көрген кезде. Әйелді азғыру және адастыру сипаттарында шайтанға ұқсатты, өйткені қай тараптан болмасын әйелге қарау фитнаға себеп. (Егер сендердің біреулеріңді әйел таң қалдырса) яғни, сендердің біреулерің бір әйелді ұнатып қалса деген бе? Иә, өйткені әйелге таңдана қараудың түпкі мақсаты – оны ардақ тұту, ұнату болып табылады, (және бұл оның жүрегіне түссе) яғни, оның жүрегінде ол әйелге құштарлық пен махаббат оянса, (әйеліне барып қосылсын) яғни, жыныстық қатынасқа түссін, (өйткені бұл) яғни, өз әйелімен жыныстық қатынасқа түсу (оның жүрегіндегі нәрсені кетіреді»). (Хадисті Муслим жеткізген) сондай-ақ Ахмад пен Әбу Дәуітте: «Сендердің біреулерің бір әйелді көріп, ол оған ұнап қалса, әйелімен қосылсын. Өйткені бұл — нәпсісіндегі сезімді басуға көмектеседі», - деген. Ән-Нәуәуи, Аллаһ оны рақымына алсын, айтты: «Ғалымдар бұл хадистің мағынасы — нәпсі мен құмарлықтан сақтандыру және шайтанның азғыруына тосқауыл қою деп айтқан. Себебі Аллаһ Тағала еркек табиғатына әйелге ынтық болу, оларға қараудан ләззат алу сынды сезімдерді орнатқан. Әйел өзінің келбетімен еркекті азғырып, күнәға итермелеу тұрғысынан шайтан секілді рөл атқарады. Осыдан келіп мынадай қорытынды шығады:
– Әйел зәрулік болмаған жағдайда сыртқа шықпауы тиіс.
– Егер сыртқа шығуға мәжбүр болса, сәнденіп, көз тартарлық киіммен шықпауы қажет.
– Ер адам бөтен әйелге тіпті киіміне де қараудан бас тартуы керек.
– Сондай-ақ, егер ер адам күндіз жыныстық қатынасқа мұқтаж болып, әйелі үй шаруасымен айналысып жатса да, оған қосылуды сұрауына рұқсат етіледі. Бұл — шаһуаттың тым күшеюі салдарынан еркектің тәніне¹ немесе жүрегіне² зиян келуі мүмкін болғандықтан рұқсат етілген»».
¹Эякуляцияның толық болмауынан жыныс мүшесінің нашарлауы сияқты.
²Ол әйелді қайта-қайта ойлау, нәпсіқұмарлығының артуы, шаһуатын басу үшін тыйым салынған нәрселер көру, маструбация жасауға бару. Нәтижесінде мұның бәрі еркекті психлогялық күйзеліске түсіріп жүрегі қарайтады, намазда хушуғын кетіреді.