October 17

«Аллаһу Тағала былай дейді: «Әй, Адам баласы! Маған құлшылық етуге уақыт тап, сонда Мен жүрегіңді байлықпен толтырамын әрі мұқтаждығыңды өтеймін».

Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Аллаһу Тағала былай дейді: «Әй, Адам баласы! Маған құлшылық етуге уақыт тап, сонда Мен жүрегіңді байлықпен толтырамын әрі мұқтаждығыңды өтеймін. Ал егер олай етпесең, қолыңды бітпейтін істерге толтырамын, бірақ мұқтаждығыңды өтемеймін»». Хадисті Ахмад пен Ибн Мәджа риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5172) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Яғни, хазіретті Әбу Һурайра жеткізген хадисте айтты: («Аллаһу Тағала былай дейді: «Әй, Адам баласы!) Бұл жерде «Адам баласы» деп тікелей аталуы — адамның асылы құлшылық етуші және тәубе етуші екенін меңзейді. (Маған құлшылық етуге уақыт тап) яғни, жүрегіңді Аллаһтың құлшылығына арна, ойың мен санаңды босат, (сонда Мен жүрегіңді байлықпен толтырамын) яғни, жүрегіңді пайдалы білімдермен, таныммен байытамын. Бұл байлық сені Аллаһтан өзгеден мұқтаж етпейтін күйге жеткізеді (әрі мұқтаждығыңды өтеймін) яғни, адамдардан ештеңе сұрауға мұқтаж болмайсың. (Ал егер олай етпесең) яғни, егер саған бұйырылғандай дүниеден бет бұрып, Раббыңа ықыласпен құлшылық етпесең, (қолыңды) «әл-Джәмиғ» кітабында келген риуаятта «екі қолыңды» деп келген. Бұл жерде «қол» деп аталуы — адам денесіндегі көп іс-қимыл осы мүше арқылы жасалатынына меңзеу (бітпейтін істерге толтырамын) яғни, пайдасыз істермен толтырады, (бірақ мұқтаждығыңды өтемеймін») яғни, қанша шаршасаң да, мұқтаждығың жойылмайды.

Қысқаша айтқанда, сен мал-дүние іздеп көп жүгіріп, өзіңді шаршатасың, бірақ алдын ала тағдырға жазылған несібеңнен артық ештеңе ала алмайсың. Ал Раббыңа құлшылық етпегенің үшін жүрек байлығынан мақұрым қаласың.

(Хадисті Ахмад пен Ибн Мәджа риуаят етті). Хафиз әл-Мунзири «әт-Тарғиб» кітабында былай деген: «Бұл хадисті Ибн Мәджа мен әт-Тирмизи жеткізген, ал мәтін — әт-Тирмизи нұсқасы. Сондай-ақ, әт-Тирмизи «хадис хасан» (яғни, жақсы дәрежедегі хадис) деп бағалаған».

Ибн Хиббан өз «Сахих» жинағында бұл хадисті қысқаша нұсқада келтірген, бірақ онда «екі қолыңды» емес, «қолыңды» деген.

Әл-Хаким бұл хадиске «иснады сахих» (сенімді тізбек) деп үкім берген.

Әл-Бәйһақи бұл хадисті «әз-Зуһд» кітабында келтірген».