Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи رحمه الله تعالى
Ол — ұлы имам, аса көрнекті ғалым. Еш күмәнсіз теңдессіз мухаддис. Өз дәуірінің мухаддистерінің шейхы. Өз заманында озық шыққанына жұрт куә болған, фақиһ, сыншыл, тақуа, ұзақ ғұмыр кешкен ғалым. Мысыр елінің ғалымы әрі ең ірі тарихшысы. Қазылардың қазысы, Шейхул-Ислам — Бадруд-Дин Әбу Мухаммад Махмуд ибн Ахмад ибн Муса ибн Ахмад ибн әл-Хусайн ибн Юсуф ибн Махмуд әл-Хәләби.
Туған жері мен өскен ортасы — Айнтаб, кейін Каирде тұрақтап, сол жерде қайтыс болған. Ол «әл-Бадр әл-Ғайни» атымен танылған. Өз дәуірінде нақли және ақли ғылымдарда имам, заманының фиқһ пен усул ілімдерінде теңдессіз дара тұлғасы еді.
Көп еңбек жазуға мүмкіндік берілген ұлы ғалымдардың қатарында ол кең ілімімен, терең зерттеуімен және көркем баяндауымен ерекше көзге түсті. Оның хадис, фиқһ, тарих, араб тілі және басқа да ғылымдардағы құнды еңбектері әлемнің ғылыми қазыналарын толтырды. Бұл еңбектерді ғалымдар ғасырдан ғасырға жалғастырып жеткізіп келеді. Олар авторының асқан шеберлігі мен ұлылығына куәлік етеді.
Оның ірі мұралары мен кең көлемді еңбектері бүгінге дейін мәңгілік қазына, сарқылмас мұра болып, зерттеуші ғалымдардың қолында айналымда жүр. Олар сол еңбектердің нұрлы сәулесімен өздерінің күрделі ғылыми мәселелерін жарыққа шығарады.
„Қараңғы түнде айдың қадірі білінеді“.
Алғашқы кезеңі және өмірінің басталуы
Оның әкесі — жоғарыда аты аталған, тегі баяндалған қазы Шиһабуд-Дин Ахмад ибн Қади Шарафуд-Дин Муса болатын. Ол Халаб (Алеппо) қаласының тұрғындарынан еді. Сол жерде һиджри 725 жылы дүниеге келген. Кейін (Айнтаб) қаласына көшті. Бұл қала Халабтан үш күндік жол қашықтықта орналасқан. Сол жерде қазылық қызметін атқарды. Сол қалада оның ұлы — Бадруд-Дин әл-Ғайни һиджри 762 жылдың Рамазан айының он жетінші күні дүниеге келді. Бұл мәліметті Ибн Хаджар әл-Әсқалани мен Шамсуд-Дин ас-Сахауи айтқан. Ал Әбу әл-Махасин оның Рамазанның жиырма алтыншы күні туғанын жеткізген.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни сол жерде өсіп, тәрбиеленді. Іліммен айналысып, жетілді. Әкесінен және өз еліндегі басқа да ғалымдардан білім алып, фиқһ ілімінде тереңдеді. Біраз уақыт әкесінің орнына қазылық қызметін де атқарып, оны лайықты түрде орындады.
Әкесінің көзі тірісінде де, одан кейін де білім іздеу мақсатында көптеген алыс аймақтарға сапар шекті. Халаб, Шам, Құдс (Иерусалим) және басқа да өңірлерді аралап, ондағы ірі ғалымдардан білім алды.
Һиджри 783 жылы Халабқа барып, сол жердің беделді шейхтарынан дәріс алды. Кейін қайтадан өз еліне оралды. Әкесі һиджри 784 жылы Айнтабта қайтыс болған соң, имам Бадруд-Дин әл-Ғайни тағы да сапарға шығып, Бәһна, Кахта және Малатия қалаларына барып, ондағы ғалымдардан білім алды.
Һиджри 788 жылы қажылық жасап, Хижаз жерлеріне барды. Сондай-ақ Құдс қаласын зиярат етті. Сол сапарында Шығыстың ұлы ғалымы — Алауд-Дин әс-Сирамиймен кездесті. Ол да қажылыққа келген еді. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни оған еріп, бірге жүріп, одан ілім ала бастады.
Дәл сол уақытта сұлтан әз-Захир Барқуқ Мысырға ғалымдарды шақырып, жаңадан салынған үлкен Барқуқия медресесіне ұстаз тағайындамақ болды. Оның ілімі мен тақуалығы туралы хабар жеткен соң, имам Бадруд-Дин әл-Ғайни осы қызметке лайық көрді.
Осылайша, имам Бадруд-Дин әл-Ғайни ұстазы Алауд-Дин әс-Сирамиймен бірге Қаһираға келді. Олар медресенің ашылу рәсіміне қатысты. Сол жерде Алауддин алғашқы дәрісті сұлтанның, әмірлердің және беделді тұлғалардың алдында оқыды. Ол ﴾(Уа, Мухаммад!) Былай деп айт: «Уа, бар билік бір Өзіне ғана тиесілі болған Аллаһ Тағалам! Сен билікті қалағаныңа бересің һәм қалағаныңнан билікті тартып аласың. Сондай-ақ қалағаныңды үстем етесің және қалағаныңды қор қыласың. Жақсылық атаулы бір Өзіңнің ғана қолыңда. Шүбәсіз, Сен барлық нәрсеге толық құдіреттісің»﴿ аятын түсіндіріп, сөзін інжу-маржандай көркем жеткізді. Оның мағынасының көркемдігі мен әсерлілігі соншалық, тыңдаушылардың ақыл-есі таңғалыстан тұрып қалды.
Алауд-Дин өз заманында ақли ілімдерде «ғалымдардың патшасы» саналған. Мұны қазы Нурид-Дин ибн әл-Хатиб әл-Джауһари өз тарихында айтқан. Сұлтан оны құрметтеп, осы медресеге ұстаз етіп тағайындады.
Ал имам Бадруд-Дин әл-Ғайни сол медреседе тұрып, ұстазы Алау-Динге қызмет етіп, одан және Каирдегі басқа да ірі ғалымдардан білім ала берді. Осылайша ол кемеліне жетіп, ілімде толыққанды жетілді.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің ілімдегі ірі ұстаздары
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің ілім жолында көптеген ұстаздары болған. Ол өзі шейхтарының өмірбаянын толық қамтып, «Муджәмғ әш-Шуиюх» атты жеке еңбек жазған. Сол ұстаздарының ең көрнектілерінен:
Олардың бірі — хадис хафизі Зәйнуд-Дин Абдур-Рахим әл-Ирақи. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни одан «Сахих әл-Бухариді» Каирдегі Қалғат әл-Джабалда һиджри 788 жылы Шиһабуд-Дин Ахмад ибн Мухаммад ибн Мансур әл-Ашмунидің оқуымен тыңдаған. Сондай-ақ одан имам Ибн Дақиқ әл-Ғидтің «әл-Илмам фи ахадис әл-әхкәм» кітабын да риуаятпен алған.
Сондай-ақ оның ұстаздарының бірі — хадис хафизі Сираджуд-Дин әл-Булқини. Ол одан өзінің «Махасин әл-Истилах» атты еңбегін және Ибн ас-Салахтың муқаддимасына қосқан толықтыруларын тыңдаған.
Тағы бір ұстазы — Мысыр елінің ірі мусниді әрі мухаддис ғалым Такийуд-Дин Мухаммад ибн Мухаммад ибн Абдур-Рахман әд-Дәджуи. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни одан «Сахих әл-Бухари», «Сахих Муслим», «Сунан Әбу Дауд», «Сунан әт-Тирмизи», «Сунан Ибн Мәжа», «Сунан ән-Нәсаи» — яғни алты негізгі хадис жинағының барлығын тыңдаған. Сонымен қатар «Муснад әд-Дарими», «Муснад Абд ибн Хумайд» және «Муснад Ахмадтың» алғашқы үштен бір бөлігін де алған.
Олардың қатарында — Алауд-Дин Әли ибн Мухаммад ибн Абдул-Карим әл-Фәуи. Ол одан ән-Нәсаидің «әс-Сунан әл-Кубрасын», әд-Дарақутнидің кейбір «Сунан» жинағын және Ибн Мәликтің «әт-Тәсһил» еңбегін риуаят еткен.
Сондай-ақ ұстаздарының бірі — хадис хафизі Нуруд-Дин Әбу әл-Хасан Әли әл-Һәйсами. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни одан көптеген кітаптарды тыңдаған.
Тағы бір ұстазы — Қутбуд-Дин Абдул-Карим ибн әт-Тақи ибн әл-Хафиз әл-Халаби. Ол одан ат-Табаранидің үш (әл-Кәбир, әл-Әусат, ас-Сағир) «Муғджәм» оқыған.
Сондай-ақ шейх, муснид Шарафуд-Дин Мухаммад ибн Мухаммад ибн Абдул-Латиф ибн әл-Куәйк (әш-Шараф ибн әл-Куәйк) — одан қазы Ғиядтың «әш-Шифа» кітабын және Әбу Мухаммад әл-Бухари әл-Харисидің «Муснад Әбу Ханифа» жинағын тыңдаған. Сондай-ақ оның әкесі Ғизз ибн әл-Куәйктен де білім алған.
Тағы бір ұстазы — мухаддис Зайнуд-Дин Тұғри-Бармыш ибн Юсуф әт-Туркмани (әл-Фақиһ деген атпен танылған). Ол одан имам Әбу Джағфар ат-Тахауидің «Шарх мәғәни әл-әсәр» еңбегін риуаят тізбегімен бірге тыңдаған.
Сондай-ақ оның ұстаздарының бірі — шейх, муснид, қазылардың қазысы Нажмуд-Дин Ахмад ибн Ғимадуд-Дин Исмаил ибн Шарафуд-Дин Мухаммад ибн әл-Кашк (ән-Нажм ибн әл-Кашк). Ол одан «Сахих әл-Бухаридің» бас жағын тыңдаған.
«Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің Ибн әл-Кашктан, ол әл-Хаджардан, ол Ибн әз-Зубайдиден риуаят етуі — қызық жайттардың бірі. Бұл төрт кісінің барлығы да ханафилер болған».
Ибн Ражаб «Зәйл табақат Ибн әл-Фәрра» еңбегінде қателесіп, Ибн әз-Зубайдиді ханбалилер қатарына қосып қойған. Бұған себеп — оның білім іздеу барысында кейбір ханбалилермен бірге жүруі еді. Алайда «Сахихты» Әбу әл-Уақыттан бірге тыңдаған әл-Хусайн ибн әл-Мубарак әз-Зубайди мен оның бауыры әл-Хасан — екеуі де ханафи болған. Мұны хадис хафизі Абдул-Қадир әл-Қураши өз «Табақат» еңбегінде олардың өмірбаянында нақты айтқан. Әл-Қураши — «Сахих әл-Бухариді» әл-Хаджардан тыңдаған, сондықтан ол өз шейхының шейхы жайлы өзгелерден жақсырақ білетін адам.
Ибн Ражабтың «Табақатында» мұндай жаңсақтықтар кездесіп тұрады. Бұл мәселеде ас-Сахауидің Ибн Ражабтың сөзіне сүйенбеуі — дұрыс болған. Ал Шамсуд-Дин Мухаммад ибн Тулун оның осы қатесін қайталап, жаңылған.
Бұл — имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің хадис іліміндегі риуаяттарының және ұстаздарының бір бөлігі ғана. Оның бұл саладағы шейхтары — өз дәуірінде сүннет туын көтерген ірі ғалымдар еді.
Ал басқа ғылымдардағы ұстаздарына келсек: ол «әш-Шатибияны» шейх Шамсуд-Дин Мухаммад ибн Әли әз-Заратинидің оқуымен, шейх Фатхуд-Дин Әбу әл-Фатх Мухаммад ибн Ахмад әл-Әсқаләни әл-Муқриғден (әт-Тақи әс-Саиғтың соңғы шәкірттерінің бірі) тыңдаған.
Сондай-ақ Алауд-Дин әс-Сирамиден «әл-Һидаяның» көп бөлігін, «әл-Кәшшафтың» бас жағын, «әт-Талуих әла әт-Таутихты» және «Шарх әт-Талхисті» оқыған. Ол (әс-Сирами) ғұлама Сағдуд-Дин әт-Тафтазани мен Қауамуд-Дин әл-Итқани сынды ғалымдардың шәкірті еді.
Халабта қазылардың қазысы Джамалуд-Дин Юсуф ибн Муса әл-Малтиден Фахрул-Ислам әл-Баздауидің «Усулын» және әл-Хусам әл-Ахсикатидің «Мунтахаб әл-Усул» алған. Сондай-ақ одан «әл-Һидая» кітабын да тыңдаған. Ол (әл-Малти) хафиз Алауд-Дин Муғлатай мен Қауамуд-Дин әл-Итқани шәкірттерінен еді.
Ғұлама фақиһ Иса ибн әл-Хасс ибн Махмуд әс-Сармариден «әл-Кәшшаф» еңбегінің көп бөлігін зерттеп, жетік меңгеріп оқыған. Сонымен қатар әс-Саккакидің «Мифтах әл-Улум» және ғұлама ат-Тыйбидің «әт-Тибйан фи әл-Мәғәни уә әл-Баян» еңбегін алған. Әс-Сармари — ат-Тыйби мен әл-Джарбарди шәкірттерінің бірі болған.
Сондай-ақ ғұлама Хусамуд-Дин әр-Рахауидің «әл-Бихар әз-Захира фи әл-Мәзәһиб әл-Арбаға» атты еңбегін жазу барысында оның дәрістеріне қатысқан. Әз-Замахшаридің «әл-Муфассал» және Садруш-Шариғаның «әт-Тәудих» ғұлама Әсируд-Дин Джибрил ибн Салих әл-Бағдадиден (Қауамуд-Дин әл-Итқани мен Сағдуд-Дин әт-Тафтазанидің шәкірті) алған.
Шейх, зерттеуші Шамсуд-Дин Мухаммад әр-Рағи ибн әз-Заһидтен әл-Амидидің «Румуз әл-Кунуз фи әл-Хикмә», «Шарх аш-Шамсия», қутуб ар-Разидің «әл-Мәтәлиғ», «әш-Шәфия» және «Марах әл-Аруах фи әт-Тәсриф» еңбектерін оқыған. Ол — имам Әкмәлуд-Дин әл-Бабартидің шәкірті еді.
Сондай-ақ шейх Рукнуд-Дин Ахмад ибн Мухаммад ибн Абдул-Мумин (Қазы Қум) — ол «Сахих әл-Бухариге» ерекше әдіспен шарх жазған. Ибн Хажар оның деңгейіне жетуде өзінің әлсіз екенін мойындаған.
Шейх Микаил әл-Кадуриден, ән-Нәсәфидің «Манзумасын» (ихтилаф мәселелерінде) және Ибн әс-Сағатидің «Мәжмәғу әл-Бахрейн» алған. Ол — әл-Фахр Ильяс пен әл-Әлә әл-Машриқидің шәкірті болған.
Шейх Махмуд ибн Мухаммад әл-Ғайнаби (Айнтаби)дан «әл-Фараид әс-Сираджияны» және «Тасриф әл-Иззи» үйренген. Сондай-ақ әс-Сирадж Умардан «Сихах әл-Джауһари», шейх Зун-Нуннан «Дау әл-Мисбахты», шейх Хайруд-Дин әл-Қасирден «әл-Мисбахты», шейх Хайдар әр-Румиден (Сираджияның шархшысы) білім алған.
Сонымен қатар Малатияда — Бадруд-Дин әл-Кәшшафиден, Бахнаста — Уалийуд-Дин әл-Бахнасиден, Кахтада — Әләуд-Дин әл-Кахтауиден, сондай-ақ шейх Шиһабуд-Дин Ахмад ибн Хасс әт-Туркиден білім алған. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни оны ерекше мақтайтын.
Ол бұлардан басқа да көптеген шейхтардан білім алған. Олардың барлығын өзінің «Муғжам аш-Шуиюх» еңбегінде және тарихи жазбаларында кеңінен баяндаған. Ал біз келтірген мәліметтер оның ұстаздары, тыңдаған кітаптары мен оқыған еңбектері жайлы жалпы түсінік беру үшін жеткілікті.
Әбу әл-Махасин Джамалуд-Дин Юсуф ибн Туғри Бәрди «әл-Манхал әс-Сафи» еңбегінде имам Бадруд-Дин әл-Ғайни жайлы былай дейді: «Ол тәпсір, хадис, араб тілі және басқа да ғылымдарды тыңдап үйренген. Тәпсірде — әз-Замахшари, ән-Нәсәфи, әс-Самарқанди; хадисте — алты негізгі жинақ, «Муснад Ахмад», әл-Байхаки, әд-Дарақутни, «Муснад Абд ибн Хумайд», әт-Табаранидің үш «Муғджәм» және тағы басқа еңбектерді меңгерген.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің шәкірттері және одан ілім алғандар
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің шәкірттері өте көп болған. Себебі ол ұзақ уақыт бойы ілім үйретіп, ұзақ ғұмыр кешкен ғалымдардың қатарынан еді. Тек Муайядия медресесінің өзінде ғана шамамен қырық жыл хадис ілімін оқытқан. Бұдан бөлек, Каирдегі басқа да медреселерде дәріс берген.
Хафиз Шамсуд-Дин ас-Сахауи айтқан:
«Ол хадис риуаят етті, пәтуа берді және дәріс оқыды. Мінезі жұмсақ, кішіпейіл еді. Оның аты кеңінен танылып, даңқы алысқа тарады. Әртүрлі мәзһабтағы білім иелері одан ілім алды».
Хафиз Ибн Хаджар әл-Әсқаләни имам Бадруд-Дин әл-Ғайниден он екі жас кіші болған. Екеуінің арасында замандастарға тән бәсекелестік болғанымен, соған қарамастан Ибн Хаджар әл-Ғайнидің кейбір пайдаларын жазып алған. Тіпті одан «Сахих Муслим» жинағында екі хадис және «Муснад Ахмад» жинағында бір хадис тыңдап, оларды өз «әл-Булданият» еңбегінде жеткізген. Сондай-ақ оны «әл-Мәжмәғу әл-Муассас» атты еңбегінде үшінші қабаттағы шейхтарының қатарында қысқаша атап өткен.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайниден ілім алғандардың ішінде:
— имам, мухаққиқ Камалуд-Дин ибн әл-Һумам
— хафиз, ғалым Қасым ибн Қутлубуға
— хафиз Шамсуд-Дин Мухаммад ибн Абдур-Рахман ас-Сахауи
— хафиз Насируд-Дин Әбу әл-Бақа Мухаммад ибн Әби Бакр ибн Әби Умар әс-Салихи (Ибн Зурайқ атымен танылған, Шам өлкесінің мухаддисі)
— ғұлама Әбу әл-Фатх Мухаммад ибн Мухаммад ибн Әли әл-Ауфи
— шейх Мухиббуд-Дин Мухаммад ибн Мухаммад ибн Абдур-Рахман әл-Мисри
— Әбу Исхақ Ибрахим ибн Әли ибн Ахмад әл-Қураши
— Әбу әл-Уафа Мухаммад ибн Халил әс-Салихи әл-Ханафи
— Бадруд-Дин әл-Хасан ибн Қалқила әл-Хусайни әл-Ханафи
— ғұлама Зайнуд-Дин Әбу Бакр әл-Кахтауи
— қазылардың қазысы Иззуд-Дин Ахмад ибн Ибрахим әл-Каттани әл-Ханбали
— шейх Камалуд-Дин әл-Мәлики әш-Шимни (әт-Тақи әш-Шимнидің әкесі)
— әл-Бадр әл-Бағдади әл-Ханбали
— Қутбуд-Дин әл-Хайдарий
— әл-Бурхан ибн Хидр
— Шамсуд-Дин Мухаммад ибн Ғимадуд-Дин Әбу әл-Фида Исмаил ибн Касбай әл-Ханафи
— қазы Нуруд-Дин Әли ибн Дауд әл-Хатыб әл-Джауһари әл-Ханафи (тарихшы)
— Әбу әл-Махасин Джамалуд-Дин Юсуф ибн Туғри Бәрди әз-Захири (тарихшы)
және бұлардан басқа да өз дәуірінің көптеген ірі ғалымдары бар. Олардың барлығын толық тізіп шығу ұзаққа созылар еді.
Сондай-ақ хафиз Джалалуд-Дин ас-Суюти де имам Бадруд-Дин әл-Ғайниден риуаят етеді. Бірақ оның риуаят етуі жалпы ижаза (рұқсат) арқылы ғана болған. Себебі ас-Суюти әл-Ғайни қайтыс болған кезде жас болғандықтан, одан тікелей дәріс оқымаған. Бұл жағынан ол Ибн Хаджардан риуаят етуімен ұқсас.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің ілімдегі дәрежесі және ғалымдардың оны мадақтауы
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни хадис, фиқһ, тарих және араб тілі ілімдерінде терең теңіз іспетті еді — оны ешбір шелек лайлай алмайтындай. Үкім хадистерін жатқа білуде, олардың иснадтары мен мәтіндеріндегі жасырын себептерін ашуда ерекше қабілетке ие болды. Түрлі аймақ фақиһтарының арасындағы қайшылықты мәселелерде дәлелдерді салыстырып, шебер талдайтын.
Ол үмметтің алғашқы буын ғалымдарының мәзһабтарын, имамдардың көзқарастарын — мейлі кең тарағаны болсын, сирегі болсын — терең меңгерген. Зерттеуде ең жоғары деңгейге жетіп, талдауда шегіне жеткен. Мәселелерді жан-жақты қарастырып, соншалықты толық зерттегені — одан кейінгі зерттеушіге ешбір орын қалдырмайтындай еді. Оның еңбектері кең түсіндіру мен айқын баяндау әдісімен жазылғандықтан, қарастырылған тақырыпта басқа кітапқа мұқтаждық қалдырмайтын. Бұған оның кітаптарының өзі айқын дәлел.
Сонымен бірге ол өз мәзһабында берік ұстанымда болды.
Әбу әл-Мәғәли әл-Хусайни оны мақтап былай деген:
«Ол — имам, ғалым, ғұлама, хадистерді жетік меңгерген хафиз, өз дәуірінің шейхы, заманының ұстазы. Өз уақытының мухаддисі, риуаят пен дираятта теңдессіз тұлға. Қарсы келгендерге Аллаһтың дәлелі, бидғатшыларға қарсы айқын белгі. Ол имам әл-Бухаридің «Сахихына» бұрын-соңды болмаған теңдессіз шарх жазды. Сонымен қатар көптеген пайдалы еңбектер мен құнды мұралар қалдырды».
Қорыта айтқанда, ол — өз дәуірінің ең танымал ғалымдарының бірі болып, ілімде, тақуалықта және сақтықта жоғары дәрежеге жеткен, фиқһ пен хадис ілімдерінде үлкен үлесі бар тұлға еді.
Әбу әл-Махасин «әл-Мәнһәл ас-Сафи» еңбегінде былай деген:
«Ол көптеген ғылымдарда жетік, пәтуа беретін, кең білімді, ақли және нақли ілімдерде терең ғалым еді. Оны тек біржақты қараған адам ғана кемсітуі мүмкін. Қай ғылым аталса да, онда оның жақсы үлесі бар еді. Оның еңбектері пайдалы, сөзі тартымды болатын. Жазуы көркем, жазу жылдамдығы жоғары еді. Тіпті өмірінің бастапқы кезеңінде «әл-Қудуриді» бір түнде жазып шыққаны айтылады. Оның қара жобаларының (яғни, черновиктерінің) өзі таза көшірме секілді болатын».
Ал хафиз ас-Сахауи «әт-Тибр әл-Мәсбук» еңбегінде былай дейді:
«Ол — имам, ғалым, ғұлама, тарих пен тіл ілімдерін жақсы меңгерген. Әртүрлі ғылымдарға қатысы бар, оқудан және жазудан жалықпайтын. Көп еңбек жазғаны соншалық — біздің шейхымыздан кейін одан көп кітап жазған адамды білмеймін. Оның қаламы ауызша баяндауынан да мықты еді. Жазуы көркем әрі шапшаң болатын. Тіпті «әл-Қудуриді» бір түнде жазып шыққаны кең тараған хабар. Мұны маған мәзһабтың шейхы әрі қазысы Ғизз әл-Ханбали оның өзінен естігенін айтты».
Өз дәуірінің әдебиетшісі Шамс Мухаммад ибн әл-Хасан ән-Нәуәджи әш-Шәфиғи имам Бадруд-Дин әл-Ғайни жайлы былай деп, көркем түрде мақтаған:
“Ей, қазылардың қазысы! Сен сондай артықшылықтарға ие болдың —
менің сөзім де, баяным да оған жете алмайды.
Сені адамдар шығыста да, батыста да мадақтайды,
сен әрбір тілде әрдайым мақтаулы бола бер”
Оны өмірбаянын жазған барлық ғалымдар имамдық дәрежесімен, кең ілімімен және асқан шеберлігімен сипаттаған. Олардың сөздерін толық келтіру ұзақ әрі қайталау болар еді. Себебі оны өз дәуіріндегі және кейінгі барлық биография жазған ғалымдар толық немесе қысқаша түрде баяндаған.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни күрделі мәселелерді шешуде және қиындықтарды тарқатуда соңғы жүгінер тұлға болды. Оның пәтуасы шыққанда, маңызды істер мен ауыр жағдайларда Ислам елдерінің патшалары соған тоқтайтын.
Ол өз пәтуаларымен мемлекетті талай қауіп-қатерден құтқарған. Соның бірі — әл-Мәлик әл-Әшраф Барсбай дәуірінде болған оқиға.
Шығыс билеушісі Шахрух ибн Әмір Темір (Темірлан) әл-Әшрафтан өзінің нәзірін орындау үшін Қағбаны жабуға (киімін — кисуасын жасауға) рұқсат сұрайды. Ал Қағбаның кисуасын жасау ежелден Мысыр патшаларының құзырында болып, оған арнайы уақыптар да бөлінген еді. Ислам елдерінің билеушілері бұл қызметте бір-бірімен жарысатын, кейде осы себепті араларында қақтығыстар да болатын.
Осы өтініштен кейін Каирде үлкен алаңдаушылық туып, халық абдырап қалды. Ғалымдар да бұл мәселе жөнінде тығырыққа тірелді.
Сонда имам Бадруд-Дин әл-Ғайни пәтуа беріп: бұл нәзір дұрыс саналмайды және оны орындау міндет емес деп үкім шығарды.
Қазы Нуруд-Дин ибн әл-Хатиб әл-Джауһари өз «Нузһат ән-Нуфус» атты еңбегінде айтқан: «Осыдан кейін түйін шешіліп, мәселе айқын болды».
Өмірден өтуі
Ол Әл-Әзһар маңындағы Кәтәмә көшесінде өз үйіне жақын медресе салды және кітаптарын сол жерге білім талап етушілер үшін уақып етті. (Бұл кітаптардың қалған бөлігі кейінірек «Дарул-Кутуб әл-Мисрия» қорына көшірілген).
Оның қайтыс болуы досы Ибн Хаджар әл-Әсқаләни қайтыс болғаннан үш жыл кейін болды. Һиджри 855 жылдың (миләди 1451 жылға сәйкес) Зул-Хижжа айының төртінші күні, сейсенбі түні ол 93 жасында дүниеден өтті. Ертеңінде оған әл-Әзһар мешітінде жаназа намазы оқылып, өз медресесіне жерленді. Жаназасына көп адам жиналып, халық қатты қайғырды.
Ас-Сахауи кейбір кейінірек қайтыс болған белгілі ғалымдардың өмірбаянында: «Бағдадтық ханбали ғалым Бадруд-Дин (әл-Бағдади әл-Ханбали) әл-Ғайнидің жаназасында: “Енді алаң бос қалды”», – деп ишара жасағанын айтады.
Оның сақалы бар еді, әрі ол ілімнің үлкен қоймаларының бірі болатын. Аллаһ оның топырағына разылық бұлттарын молынан жаудырсын. Оның жанында біраз уақыттан кейін мухаддис Шихабуд-Дин әл-Қасталани әш-Шәфиғи жерленді.
Ас-Сахауи Бадруд-Дин әл-Ғайнидің өмірбаянының соңында:
«Ол өз жинағында өзіне тең келер ешкімді қалдырмады», – деген.
Өмірінің соңында жағдайы тарылып кеткен. Өзі қараторы, бойы аласа, сәл еңкіш келген адам болған.
Аллаһ оны кең рақымына бөлесін. Өйткені ол пайдалы ілім қалдырды және мәңгілік еңбектер жазды. Бұл еңбектер оның ілімділігі мен артықшылығына куәлік етеді. Аллаһ оған және мұсылмандардың имамдарына ең қайырлы сыйын берсін.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайнидің еңбектері
Оның еңбектері өте көп болған, соншалықты – замандастарының ішінде кітап жазу жағынан оған ешкім тең келмеген. Тек Ибн Хаджар әл-Әсқаләни ғана оған жақындай алады. Мұны Шамсуд-Дин ас-Сахауи өз еңбектерінің бірнеше жерінде растайды.
Оның ең ұлы еңбектерінің бірі – «Умдату әл-Қари» атты Сахих әл-Бухари кітабына жазылған шархы. Бұл еңбек автордың бөлінісі бойынша жиырма бір томнан тұрады. Ол – оның ең кең, ең толық, әрі ең терең зерттелген шархы.
Бұл шархта ол хадистерді толық келтіру әдісін ұстанады (имам әл-Бухари қысқартқан жерлерді толықтырады), хадистің кітаптағы түрлі орындарын көрсетеді, әртүрлі риуаят жолдары мен олардың қайталанған жерлерін нақтылайды. Бұл зерттеуші үшін үлкен көмек.
Сондай-ақ, риуаятшылар арасындағы айырмашылықтарды көрсетеді, хадис жеткізушілер (рижал) туралы толық мәлімет береді, есімдер мен нисбаларды дәл анықтайды. Бұл жағынан оның еңбегі басқа кітаптарға жүгінуді қажет етпейтіндей деңгейде.
Ол тілдік мәселелерді, грамматиканы (иғраб) өте анық түсіндіреді, мағына мен баяндаудың түрлі қырларын көркем тәсілмен ашады. Кейде оқырман осы кітаппен шектеліп, басқа кең түсіндірмелерге мұқтаж болмай қалатындай деңгейде баяндайды.
Хадистен үкім шығару жолдарын кеңінен талдап, арнайы тақырыптармен құнды пайдаларды бөліп көрсетеді. Иснадтағы нәзіктіктерді (жоғары/төмен тізбек, мәдиналық, шамдық риуаяттар т.б.) атап өтеді.
Фиқһтағы қайшылықты мәселелерде әр мәзһаб ғалымдарының дәлелдерін кеңінен келтіріп, салыстырып, талдайды. «Сұрақ-жауап» әдісімен хадистен алынатын үкімдердегі қабылдау мен қайтару тұстарын көрсетеді.
Өзіне дейінгі шархтардан ең пайдалы жерлерді іріктеп алып, толық зерттеп береді. Жалпы алғанда, хадистерді барлық қырынан түсіндіріп, жан-жақты ашып берген.
Кім нақли (мәтіндік) ілімді қаласа – осы шархтан табады және қли (ақылға қатысты) мәселелерді іздеген адам да одан толық пайда алады. Барлық тақырыптарды арнайы бөлімдерге бөліп, іздеуді жеңілдеткен.
Ол хадис іліміне тікелей қатысы жоқ терминологиялық мәселелерді артық қоспайды және қажетсіз ұзақ тізбектерді келтірмейді. Тек қажет болған жағдайда ғана, риуаяттардың айырмашылығын анықтау үшін келтіреді.
Оқырманды басқа кітаптарға жиі сілтеме жасап шатастырмайды.
Имам әл-Ғайни өз шархын һиджри 821 жылы бастап, 847 жылы аяқтаған. Бұл – Ибн Хажар әл-Әсқаләни өз шархын бітіргеннен бес жыл кейін.
Шын мәнінде, екі ғалымның да шархтары өте құнды. Ғұлама Ибн Халдун бұрын: «Сахих әл-Бухариге толық шарх жазу – үмметтің мойнындағы қарыз, оны ешкім толық өтей алмады», – деген. Егер ол осы екі шархты көргенде, бәлкім, бұл қарыз орындалды деп айтар еді.
Кім оның шархының тереңіне бойласа, өзін ілімдердің тоғысқан теңізінде жүргендей сезінеді. Әр ғылым саласының ғұламалары сол жерде жиналып, түсінуді нұрмен жарықтандырып тұрғандай әсер береді.
Онда тіл, грамматика, риторика, үкім шығару, рижал ілімі, есімдер мен нисбалар, хадис пайдалар, иснад нәзіктіктері, негіздік және тармақтық мәселелер, ақли және нақли дәлелдер – барлығы қамтылған.
Аллаһ олардың еңбектерін қабыл етсін және үмметті сол еңбектер арқылы пайдаға кенелтсін.
– «Нухбат әл-әфкәр фи танқих мәбәни әл-ахбар» – имам Әбу Джағфар әт-Тахауидің «Шарх мәғәни әл-әсәр» кітабына жазылған шарх. Он томнан тұрады. Үкім хадистері жөнінде жазылған ең кең еңбектердің бірі, фақиһтар үшін аса қажетті кітап
– «Мәғәни әл-ахйар фи рижал мәғәни әл-әсәр» – екі томдық, рижал іліміндегі ең пайдалы әрі жақсы жүйеленген кітаптардың бірі. Онда сахабалар, табиғиндер және әтбағут-табиғиндер әрқайсысы жеке-жеке бөлімдерде берілген. Сондай-ақ әт-Тахауидің кейбір шейхтары «алты кітап» имамдарымен ортақ болғандықтан, бұл кітапта «Ситтада» жоқ кейбір риуаятшылар да қамтылған, сондықтан фақиһ пен хадисші оларды тануға мұқтаж болады.
– «Шарх Сунан Әбу Дауд» – екі том. Онда үкім хадистері мен олардың риуаятшыларын кеңінен талдаған. Өте тартымды шархтардың бірі, бірақ толық аяқталмаған.
– «Тәкмил әл-Атраф» – бір томдық еңбек, автордың терең білімін көрсетеді.
– «Кәшф әл-литам ған сира Ибн Һишам» – толық аяқталмаған. Шамсуд-Дин әс-Сахауи бұл еңбектің үлкен бір бөлігін имам Бадруд-Дин әл-Ғайни шархтағанын және оны адамдар жеткізгенін айтқан.
– «әл-Биная фи шарх әл-Һидая» – имам Әл-Марғинанидің «әл-Һидая» кітабына жазылған шарх. Он томдық. Үкім хадистерін талдау мен мәзһабтар пікірлерін кеңінен қамтиды.
– «әд-Дурар әз-заһира фи шарх әл-бихар әз-захира» – ұстазы әр-Рахауидің еңбегіне шарх, төрт мәзһабқа қатысты, екі том.
– «Ғурар әл-әфкәр фи шарх дурар әл-бихар» – сондай-ақ төрт мәзһаб бойынша.
– «әл-Мустажмағ фи шарх әл-Мужмағ» – үлкен бір том.
– «Рамз әл-Хақаиқ фи шарх Кәнз әд-Дақаиқ».
– «әл-Уасит фи Мухтасар әл-Мухит» – екі том.
– «Мухтасар әл-фәтәуә аз-Захирия».
– «Минхату әс-сулук фи шарх Тухфат әл-Мулук».
– «әл-Ғилм әл-Һайиб фи шарх әл-Кәлим ат-Таййиб» – Ибн Таймияның «әл-Калим әт-Таййиб» еңбегіне шарх. Бұл кітап Мысыр патшаларының мәжілістерінде оқылатын, сондықтан оны арнайы белгілі ғалымдарға оқытатын.
– «Тухфат әл-мулук фи әл-мәуәғиз уә әр-Рақаиқ».
– «Зайн әл-мәджәлис уә шарих әс-Судур» – сегіз том.
– «әл-Кәшшаф», Әбу әл-Ләйс әс-Самарқандидің тәпсірі және әл-Бағауи тәпсіріне жазылған хашиялар.
– «Шарх әл-Манар» (усул ілімінде).
– «Ғиқд әл-джуман фи тарих аз-заман» – «Тарих әл-Бадри» деп аталатын үлкен тарихи еңбек, жиырма бес том. Кейбір деректе алпыс том делінген.
– «ас-Сайф әл-муханнад фи сира әл-мәлик әл-муайяд Шейх».
– «ар-Рауд әз-захир фи сира әл-мәлик әз-Заһир».
– «Сира әл-мәлик әл-Әшраф Барсбай».
– Ибн Халиканның «Уафият әл-Ағиян» еңбегінің мухтасары.
– Ибн Әсәкирдің «Тарих Димашқ» еңбегінің мухтасары.
– Аруз іліміне қатысты: Саауи қасидасына шарх, Ибн әл-Хажибтің еңбегіне шарх, арузға кіріспе, сондай-ақ «Әлфия» шархтарындағы мысалдарға арналған үлкен (2 том) және кіші (1 том) еңбектер – ғалымдар осы кітапқа сүйенген.
– «Әлфия» шархына, «әт-Таудих», «әш-Шафия» шархына жазылған хашиялар.
– «Шарх әл-Ғауамил әл-Джуржания».
– «Шарх марах әл-аруах» – оның алғашқы еңбегі, оны 19 жасында жазған.
– Ибн Мәликтің «Тәсһил» кітабына ұзақ және қысқа шархтар.
– Наху мен сарфқа қатысты еңбектер: «Тәзкира Нахуия», «Муқаддима фи әт-Тасриф».
– «ән-Нәуәдир» және тағы басқа көптеген еңбектер.
Сондай-ақ Ибн Насыруд-Дин әд-Димашқидің «әр-Радд әл-Уәфир» кітабына жазған алғысөзі бар. Шамсуд-Дин әс-Сахауи:
«Әл-Ғайнидің бұл алғысөзі – Ибн Тәймияны қорғауда ең күшті жазбалардың бірі», – деген.
Ол Ибн Таймияны ілімінің кеңдігі мен қабілетін мойындап құрметтеген, бірақ оның кейбір шектен шыққан пікірлеріне ермеген.
Сондай-ақ Ибн Наһидтың «әс-Сира әл-Муайядия» еңбегіне де алғысөз жазған.
Жалпы, осы айтылғандар – бұл ұлы имамды жалпы танып-білу үшін жеткілікті. Оның өмірбаянын Әбу әл-Махасин «әл-Манһал әс-Сафи» кітабында, Шамсуд-Дин әс-Сахауи «әд-Дау әл-Ләмиғ», «әт-Тибр әл-Мәсбук», «Зәйл әл-Қудат» еңбектерінде, сондай-ақ Мухаммад ибн Тулун, әл-Кафауи, әс-Суюти, Ибн әл-Ғимад және басқа да тарихшылар жазған.
Аллаһ олардың барлығына разы болсын, күнәларын кешірсін, бізді олардың ілімдері мен берекелері арқылы пайдалы етсін. Әмин. Барлық мадақ Аллаһқа тән.