August 24

«Қайын туыс - өлім».

Уқба ибн Амир жеткеізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «[Бейтаныс] әйелдерге кіруден сақ болыңдар». Адамдардың бірі: «Уа, Аллаһ Елшісі! Ал қайын туыс ше?», деп сұрады. Пайғамбарымыз ﷺ: «Қайын туыс - өлім», деді». Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3102) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «[Бейтаныс] әйелдерге кіруден сақ болыңдар») яғни, махрам болмаған әйелдерге кіруден сақ болыңыздар, мейлі оқшалану түрінде болсын, мейлі ашық түрде болсын. (Адамдардың бірі: «Уа, Аллаһ Елшісі! Ал қайын туыс ше?») Ибн әл-Мәлик айтты: «Яғни, әйелге қайын туыстың кіруі туралы хабар беріңіз». Қайын туыс деген - күйеуінің әкесі мен балаларынан басқа ер туыстары. Әл-Қади айтты: «Қайын туыс – күйеуінің ер туысы, ағасының баласы немесе басқа ер туыстары». (Пайғамбарымыз ﷺ: «Қайын туыс - өлім», деді») яғни, бөтен әйелге кіру өліммен, апатпен тең. Яғни, қайын туыстар арқылы фитна көбірек, өйткені адамдар олардың оңаша қалуына жеңіл қарайды, аса елемейді. Бұл жағдай «арыстанның апанына кіру – өлім, сұлтанның алдына кіру – от» деген сөзге ұқсайды: яғни, оларға жақындау – өлімге апарар қауіпті нәрсе. Олай болса, өлімнен қалай қорықсаң, бөтен әйелдің қасына (жеке қалуға) соншалықты сақтықпен қара. Әбу Убайда бұл хадис жайлы айтты: «Хадистегі мағына – “Өлсін, бірақ олай істемесін” деген ескерту». Яғни, қайын туысының келінмен оңаша қалуы, оның сол әйелмен зина жасауына себеп болып, нәтижесінде шариғат үкімімен зина үшін тас боран (рәжм) арқылы өлім жазасына лайықты болуына әкеліп соғады». «Шарху ас-Сунна» кітабында былай деп түсіндірілген:«Бұл түсіндірулер (яғни, «қайын туыс» өліммен тең» деген хадиске байланысты түсіндірулер) тек «қайын туыс» деп күйеуінің ағасы немесе соған ұқсас жақын туыстары меңзелген жағдайда ғана орынды болады. Ал кімде-кім бұл хадистегі «қайын туыс» дегенді күйеуінің қайын әкесі деп түсіндірсе, онда бұл асыра сілтеу деп бағаланады. Себебі күйеуінің әкесі – келінге махрам. Егер осындай махрам адамнан (яғни, күйеуінің әкесінен) сақтану қажет болса, өзгелерден (яғни, махрам емес туыстарынан) тіпті де сақ болу керек. Немесе хадистегі тыйым — әйелмен оңаша қалуға қатысты алғашқы қадамның өзі жайлы болуы мүмкін».

Ән-Нәуәуи – Аллаһ оны рахым етсін – былай деді: «Мұндағы «қайын» дегенде – күйеуінің баласынан басқа туыстары меңзеліп тұр. Өйткені қайын туыстар тарапынан қауіп көбірек болады және олардан келетін фитна (бүлік, сынақ) жиірек кездеседі, себебі оларға (үйге, келінге) оңай кіруге мүмкіндік бар, және олар келінмен оңаша қалғанда ешкім онша ескерту жасамайды – бұл бөтен еркектерге қарағанда басқаша. Халықтың арасында кең таралған әдет — бұл мәселеге жеңіл қарау, ал шын мәнінде бұл өліммен тең».

«Әл-Аиқ» кітабында: «Бұл (яғни, қайын туыспен оңаша қалу) – барлық бәлекет пен күнәлардың ең шегі, ең сорақысы».

Сондай-ақ бұл сөз әйелге бағытталған қарғыс (дұға) болуы да мүмкін: яғни, егер әйел сол қайын туысының өзіне кіруіне (яғни, оңаша қалуына) разы болса, онда ол әйел үшін өлім – дәл сол қайынның оған кіруімен тең деген мағынада».

Мен (Мулла Әли әл-Қари) айттым: «Бұл айтылған бірінші пікірді (яғни, «қайын туыс – өлім» дегені ескерту әрі тыйым мағынасында екендігін халық арасында кең таралған «Қайын – қауіп (пәле)» деген сөз де қуаттайды».