May 10

Шейхул-Ислам Ибн Кәмәл Баша әл-Ханафи әл-Матуриди رحمه الله تعالى

Бірінші: оның есімі, тегі және ғылыми қалыптасуы

Ол — ғұлама, зерттеуші, терең талдаушы Шәмсуд-Дин Ахмад ибн Сулейман ибн Кәмәл Баша. Тоқат қаласында дүниеге келген, һижри 940 жылы Қостантанияда жетпіс жасқа таяған шағында, нақтырақ айтқанда алпыс жеті жасында қайтыс болған.

Әкесі әмірлерден, ал атасы уәзірлерден болған.

Ол тәпсір, фиқһ, наху, сарф, мағани, баян, кәлам, мантық, усул және басқа да ғылымдарда аса шебер имам еді. Тіпті осы ғылымдардың әрқайсысын жетік меңгеруде дараланған болатын. Қай ғылым саласын алсаң да, оның сол туралы бір немесе бірнеше еңбегі бар еді.

Ол атасы Кәмәл Башаға қатысты айтылып, “Ибн Кәмәл Баша” (Ибн Кәмәлдің ұлы) немесе “Ибн Кәмәл әл-Уәзир” (Уәзір Кәмалдың ұлы) деп танылды.

Сондай-ақ шариғи ғылымдардың түрлі салаларындағы кең білімі, күшті талдау қабілеті және ерекше зерттеулері мен нақтылаулары себепті “Адамдар мен жындар мүфтиі” деген атпен де әйгілі болды.

Ол һижри 873 жылы Сивас аймағына қарасты Тоқат қаласында дүниеге келді.

Ол абырой мен бедел иелері болған отбасында өсті. Әкесі Сулейман ибн Кәмәл Баша сұлтан Мухаммад әл-Фатих дәуіріндегі ислам әскерінің қолбасшыларының бірі еді. Ол һижри 857 жылы Амасия санжағының әскерімен бірге Қостантанияны жаулап алуға қатысқан. Жаулап алудан кейін сұлтан әскеріне “субашы” дәрежесінде уәкіл болды. Яғни, сұлтан тарапынан қаланың тәртібін қадағалауға жеткілікті қабілеті бар қызмет иесі болатын. Кейін Ыстанбұлда қайтыс болып, әкесі Кәмәлдің медресесінің жанына жерленді.

Сондай-ақ атасы да Осман мемлекетінің әмірлерінің бірі әрі Баязид екіншінің тәрбиешісі болған. Ол сұлтандардың алдында үлкен мәртебеге ие болып, ақырында сұлтандық диуанның “нишанжысы” қызметіне дейін көтерілді.

Ал анасы болса, өз заманындағы атақты әрі артықшылық иесі ғалымдардың бірі болған “Ибн Кубәлу” деген атпен танымал Мухйид-Дин Мухаммадтың қызы еді. Сұлтан Мухаммад әл-Фатих оны кейбір қызметтерді атқарғаннан кейін әскер қазысы етіп тағайындаған, кейін һижри 872 жылы қызметтен босатқан.

Аталған ғалымның екі қызы болған. Біріне мулла Синан Паша үйленсе, екіншісіне Сүлейман Чәләби ибн Кәмал Баша үйленді. Сол әйелден аударылып отырған ғұлама Ахмад дүниеге келген.

Ғұлама бала күнінен осындай абырой мен бедел ортасында өсті. Оның бойында кемелдікке деген сүйіспеншілік басым болды. Сондықтан жастайынан күндіз-түні біліммен айналысты. Өмірінің көктем шағын барлық артықшылықтарды меңгеруге жұмсады, жастық дәуренін түрлі ғылым мен танымды игеруге арнады.

Кейін әскери топқа қосылып, біраз уақыт ғылым ізденісінен алыстап қалды. Әскер қатарында қызмет етіп, дәрежелері жоғарылай берді. Одан әкелері мен аталары секілді мықты әскери қолбасшы шығады деп күтілген еді.

Алайда кейінірек айтылатын бір оқиға оның өмір жолын өзгертті. Ол әскерді тастап, ғалымдарға ілесті. Ірі ғұламалардың мөлдір ілім бұлағынан үздіксіз сусындап отырды. Ақырында ең үлкен ұстаздардың қатарына кіріп, кейін ең жоғары дәрежелер мен мәртебелерге жетті. Оның егжей-тегжейі, Аллаһ қаласа, кейінірек келеді.

Ибн Кәмәл Баша өзі жайында былай деп әңгімелейді:

«Бір сапарда сұлтан Баязид ханмен бірге болдым. Ол кезде уәзір Ибраһим Баша ибн Халил Баша еді. Ол өте беделді уәзір болатын.
Сол заманда “Ахмад бек ибн Ауранус” деген бір әмір бар еді. Оның да дәрежесі өте жоғары болатын, тіпті әмірлердің ешқайсысы одан жоғары отырмайтын.
Мен әлгі уәзірдің алдында тік тұрып тұрған едім, ал аталған әмір оның жанында отырған болатын. Сол сәтте үсті-басы жұпыны, киімі қарапайым бір ғалым келді де, әлгі әмірден жоғары орынға отырды. Ешкім оны тоқтатпады.
Мен бұған қатты таңғалдым да, жолдастарымның бірінен: “Мына әмірден жоғары отырған адам кім?” – деп сұрадым.
Ол: “Бұл — Филибә медресесінде дәріс беретін, мулла Лутфи деген ғалым”, – деді.
Мен: “Оның жалақысы қанша?” – дедім.
Ол: “Күніне отыз дирхам”, – деді.
Сонда мен: “Қалайша жалақысы осынша ғана адам мына әмірден жоғары отырады?” – дедім.
Жолдасым: “Ғалымдар ілімі үшін құрметтеледі. Егер ол төмен отырғанда, бұған әмір де, уәзір де разы болмас еді”, – деді.
Сонда өзіме: “Мен әмірлікте мына әмірдің дәрежесіне жете алмаймын. Бірақ егер біліммен айналыссам, бәлкім осы ғалымның дәрежесіне жетермін”, – дедім де, сол кезден бастап шариғи білім алуға ниет еттім”.
Ол әрі қарай былай дейді:
“Сапардан қайтқан соң әлгі мулланың қызметіне бардым. Ол кезде оған Әдірнә қаласындағы «Дарул-хадис» медресесі беріліп, күніне қырық дирхам тағайындалған еді. Мен одан «Шарху әл-Маталиғ» кітабының хашияларын оқыдым».

Кәфәуи былай дейді:

«Ғұлама ілімді терең ғалымдардың аузынан алды. Түрлі ғылымдарды атақты фақиһтар мен ұстаздардан оқыды. Солардың қатарында жоғарыда аталған мулла Лутфи, мулла Муслихуд-Дин әл-Қасталани, мулла Хатиб задә және молла Муарриф задә бар еді.
Фуруғ пен усул ілімін молла Қасталаниден алды. Ол — мулла Хызыр бектен, ол — мулла Йәканнан, ол — мулла Шәмсуд-Дин әл-Фәнаридан, ол — шейх Әкмалуд-Диннен, ол — имам Қауамуд-Дин әл-Кәкиден, ол — «ән-Ниһәя» кітабының авторы имам Хусамуд-Дин әс-Сығнақиден, ол — шейх имам Хафизуд-Дин әл-Кәбир әл-Бухаридан, ол — Имамдардың күні әл-Кәрдариден, ол — «әл-Һидая» кітабының авторы Шейхул-Ислам Бурһануд-Дин Әли ибн Әбу Бәкір әл-Марғинаниден, ол — Нәжмуд-Дин ән-Нәсәфиден, ол — Әбул-Йуср әл-Бәздәуиден, ол — Әбу Яғқуб әс-Сәйяриден, ол — Әбу Исхақ ән-Науқадиден, ол — Әбу Джағфар әл-Һиндуәниден, ол — Әбул-Қасым әс-Саффардан, ол — Насыр ибн Яхиядан, ол — Мухаммад ибн Самағадан, ол — Әбу Юсуфтан, ал ол — имам Әбу Ханифадан (Аллаһ олардың барлығына рақым етсін) ілім алған».

Міне, бұл — ұстаздар тізбегі арқылы жеткен риуаят жолы. Аллаһ Тағала оны кемелдіктің ең жоғары дәрежелеріне жеткізіп, дүниеде де, ақыретте де Өзінің берген нығметтерімен пайдалантсын.

Ғұлама Ибн Кәмәл Баша сұлтан Сәлім ханмен бірге Мысырды жаулап алу жорығына қатысқанда, әскер қазысы қызметінде еді.

Каирге кірген кезде оны үлкен ғалымдар мен ең беделді фақиһтар қарсы алып, онымен пікірталас пен ғылыми сұхбат жүргізді. Олар оның білімін сынап көрді. Сонда оның тілінің шешендігіне, сөзінің көркемдігіне, баянының күштілігіне және ойын кең түрде жеткізе алуына қатты тәнті болды.

Олар оның артықшылығы мен кемелдігін мойындап, оны аса құрмет әрі ілтипатпен еске алатын болды. Сондай-ақ арабтар арасында оған тең келер ешкім жоқ екенін, әрі ажам мен Рум елдерінің ғалымдары арасында да оған ұқсас адам табылмайтынын айтатын.

Алайда кейбір қызғаншақ адамдар сұлтан Сәлімге оның үстінен жаман сөз жеткізіп, соның себебінен сұлтан оны қызметінен босатты.

Кейін пәтуа ісінің онсыз қиындайтынын түсінген соң, сұлтан оған қайтадан жақсылық жасап, Әдірнә қаласындағы «Дарул-хадис» медресесін берді. Оған күніне жүз дирхам және жыл сайын бағалы сыйлықтар тағайындады.

Одан кейін, Аллаһ қаласа, оның Әдірнәдағы сұлтан Баязид хан екінші медресесіне екінші рет ұстаз болып тағайындалуы және ақырында Осман халифатының бас мүфтиі қызметін қабылдауы жайында айтылады.

Екіншіден: оның ұстаздық, пәтуа және қазылық қызметтері

Ибн Кәмәл Баша ілімнен сусындауын жалғастырып, өз еліндегі таңдаулы ғалымдардың арасында жүріп білім алды. Ақырында ғылыми қалыптасуы толық жетіліп, өз дәуірінің ең үлкен ғалымдарының қатарына қосылды. Ілімде сондай дәрежеге жетті, адамдар оны нұсқап көрсететін болды.

Ол түрік, араб және парсы тілдерін жетік меңгерген еді. Осы тілдердің әрқайсысында оның көптеген еңбектері болды. Бұл оның көптеген ғылымдардағы терең білімі мен жоғары дәрежесін көрсететін.

Сондықтан ол ұстаздық, қазылық және пәтуа беру қызметтерінде бірінен кейін бірі жоғарылап отырды. Ақырында сұлтандықтағы ең жоғары ғылыми лауазымға жетті.

Һижри 911 жылы Әдірнә қаласындағы «әл-Мәдрәсәту әл-Хажария» деген атпен танымал Али бек медресесіне ұстаз болып тағайындалды. Оған күніне отыз дирхам берілетін.

Сол уақытта сұлтан Баязид екінші оған Осман мемлекетінің тарихын жазуды тапсырды. Бұл тапсырма әскер қазысы болған Абдуррахман ибн Али ибн әл-Муайядтың ұсынысымен берілген еді. Осы қызметі үшін сұлтан оған отыз мың дирхам сыйлады.

Ғұлама Ибн Кәмәл Баша бұл міндетті өте жақсы орындап, түрік тілінде «Тауариху Әли Усман» атты еңбек жазды. Онда Осман мемлекетінің құрылу жылы болған һижри 699 жылдан бастап, һижри 933 жылға дейінгі оқиғаларды қамтыды. Бұл оның қайтыс болуынан жеті жыл бұрынғы уақыт еді.

Һижри 917 жылы қазіргі Грекия аймағындағы Ускуп қаласында орналасқан Исхақ Баша медресесіне ұстаз болып тағайындалды. Онда оған күніне қырық дирхам берілетін.

Ал һижри 918 жылы Әдірнә қаласындағы Халабия медресесіне ұстаз болды. Мұнда оған күніне алпыс дирхам тағайындалды.

Кейін Әдірнә қаласындағы бір-біріне жақын орналасқан екі медресенің бірінде ұстаз болды.

Одан соң Ыстанбұлдағы сегіз үлкен медресенің біріне тағайындалды.

Ақырында Әдірнә қаласындағы сұлтан Баязид екінші медресесінің ұстазы болды. Бұл сол кездегі Осман мемлекетінің ең үлкен медреселерінің бірі еді.

Һижри 922 жылы сұлтан Сәлім бірінші Жәлдиран сапарынан қайтқаннан кейін, Ибн Кәмәл Баша Әдірнә қаласының қазысы болып тағайындалды.

Сол жылдың өзінде сұлтан Сәлім бірінші оны Анадолы аймағындағы жеңімпаз әскердің қазысы етіп қойды. Бұл һижри 922 жылдың Жумадә әл-улә айының төртіне дейін болған. Дәл осы күні сұлтан Сәлім бірінші Каирге жорыққа шыққан еді. Ибн Кәмәл Баша сол сапарда сұлтанмен бірге болып, осы қызметті атқарды.

Мысырда сұлтанмен бірге жүрген кезінде, ондағы істерді реттеу мен ұйымдастыру ісі де оған тапсырылды.

Ал сұлтан Каирден һижри 924 жылы қайтқан соң, Қуния қаласындағы мемлекеттік істерді реттеу және құжаттарын әзірлеу міндеті де оған жүктелді.

Кейбір ғалымдар, соның ішінде жоғарыда аталған Кәфәуи, оны һижри 925 жылы қызғаншақтардың сұлтанға жеткізген жала сөздері себепті Анадолы әскерінің қазылығы қызметінен босатылды деп есептейді.

Ал басқа ғалымдар болса, ол бұл қызметтен өз өтінішімен кеткен дейді.

Сол һижри 925 жылы ол Әдірнә қаласындағы «Дарул-хадис» медресесіне ұстаз болып тағайындалды. Оған күніне жүз дирхам белгіленді.

Кейін сұлтан Сулейман әл-Қануни оған атасы сұлтан Баязид хан екіншінің Әдірнә қаласындағы медресесін екінші рет берді. Бұл һижри 926 жылдан кейін болды.

Ол сол жерде Қостантанияның муфтиі болғанға дейін қызмет етті. Яғни, Осман халифатының бас муфтиі әрі Осман мемлекетінің Шейхул-Ислам дәрежесіне жетті.

Бұл һижри 932 жылы «Зәмбилли Әли Әфәнди» деген атпен танымал мулла Әләуд-Дин Әли әл-Джамалидің қайтыс болуынан кейін болды.

Ибн Кәмәл Баша өмірінің соңына дейін пәтуа қызметінде абыройлы, құрметті әрі халық пен ел басшыларының алдында қадірлі күйде болды. Оның заманында ілім мен артықшылықтың жүйесі көркейіп, тәртіпке түсті.

Ол сұлтан Сулейман әл-Қануни дәуірінде қайтыс болды. Аллаһ оны рақымына бөлесін.

Үшіншіден: оның атақты ұстаздары

1 — Мулла Лутфуллаһ әт-Туқаи, «Мулла Лутфи» деген атпен танымал (һ. 900 ж. қайтыс болған)

Ол ғылымдарды Мулла Синан Башадан оқып, одан тәлім алды. Сондай-ақ Әли әл-Қушжиден риязи ғылымдарды меңгерді. Бұл Әли әл-Қушжи Рум өлкесіне келген кезде болған. Кейін Синан Баша да осы ғылымдарды Әли әл-Қушжи арқылы үйренді.

Синан Баша сұлтан Мухаммад хан екінші, яғни Әбул-Фатх дәуірінде уәзір болып тұрған кезінде оны тәрбиелеп, кітапхана қазынасына жауапты етті. Соның арқасында ол көптеген сирек кітаптармен танысты.

Сұлтан Баязид хан екінші дәуірінде оған Бурса қаласында бір медресе, кейін Әдірнәдағы «Дарул-хадис» медресесі, одан соң сегіз үлкен медресенің бірі, кейін Бурсадағы «әл-Мурадия» медресесі тапсырылды.

Ол теңдесі жоқ фақиһ әрі ешкім бәсекелесе алмайтын ғалым еді. Оның бірнеше еңбектері бар. Солардың ішінде «Шарху әл-Маталиғқа» жазған хашиялары мен Сәйид Шәрифтің «Шарху әл-Мифтаһ» кітабына жазған хашиялары бар.

2 — Мулла Муслихуд-Дин Мустафа әл-Қасталани (һ. 901 ж. қайтыс болған)

Ол Рум өлкесінің ғалымдарынан білім алып, кейін Хызыр бектің шәкірті болды.

Бірнеше медреседе ұстаздық еткеннен кейін сегіз үлкен медресенің бірінде дәріс берді. Кейін Әдірнә, Бурса және Қостантания қалаларында қазы болды. Одан соң жеңімпаз әскердің қазысы қызметіне тағайындалды.

Ол өз дәуіріндегі ғалымдардың арасында үлкен мәртебеге ие болған атақты ғалым еді. Адамдарға жағынбайтын және қандай жағдайда болса да ақиқатты айтатын.

Ұстаздық пен қазылық қызметтері оны кітап жазуға толық берілуден тосып қалды.

Һижри 901 жылы қайтыс болып, Әбу Әйюб әл-Ансари (Аллаһ оған разы болсын) мазарының жанына жерленді.

Еңбектерінің қатарында Саъдуд-Диннің «Шарху әл-Ақаид» кітабына жазған хашиялары бар. Сондай-ақ «әл-Мәуәқиф» және оның шархына қатысты жеті мәселені қамтыған бір рисәлә жазған. Бұдан бөлек, Садруш-Шариғаның «әл-Муқаддиматул-арбаға» еңбегіне де хашиялар жазған.

3 — Мулла Мухйид-Дин Мухаммад ибн Ибраһим, «Ибн әл-Хатиб» немесе «Хатиб Зәдә» деген атпен танымал (һ. 901 ж. қайтыс болған)

Ол ғылымдарды әкесінен, ғұлама Әли әт-Тусиден және Мулла Хызыр бектен оқыды.

Кейін бірнеше медреседе ұстаз болды. Сондай-ақ сегіз үлкен медресенің алғаш ұстаздарының бірі еді.

Ол шешен тілді, батыл жүректі әрі пікірталас кезінде өте қуатты әрі анық сөйлейтін адам болатын. Сол себепті өз заманындағы көптеген ғалымдарды ғылыми пікірталаста жеңіп отырған.

Һижри 901 жылы қайтыс болды.

Еңбектерінің қатарында Сәйид Шәрифтің «Хашия шарх әт-Тәжрид» кітабына жазған хашиялары, сондай-ақ оның «Хашия әл-Кәшшәф» кітабына жазған хашиялары және басқа да еңбектері бар.

4 — Мулла Синануд-Дин Юсуф, «Ибн әл-Муарриф» немесе «Муарриф Зәдә» деген атпен танымал

Ол Бали Кәср аймағынан еді. Өз дәуірінің ғалымдарынан білім алып, кейін Мулла Хызыр бек ибн Жалалуд-Диннің қызметіне кірді.

Біраз уақыт медреселерде ұстаздық еткеннен кейін сұлтан Баязид ханның ұстазы болды. Сұлтан оны толық қабылдап, қатты жақсы көрді.

Өмірінің соңында көзі көрмей қалған еді. Соған қарамастан сұлтан Баязид хан оның жанынан ажырамаған күйі, ол қайтыс болғанға дейін бірге болды.

Аллаһ оны кең рақымына бөлесін.

Тарихшылар оның нақты қайтыс болған жылын айтпаған.

Төртіншіден: оның атақты шәкірттері

1 — Мулла Мухйид-Дин Мухаммад ибн Бир Мухаммад Баша әл-Джамали (һ. 941 ж. қайтыс болған)

Ол ғылымдарды әкесінен, кейін ғұлама Ахмад ибн Кәмәл Башадан, одан соң бас мүфти Мулла Әләуд-Дин Әли әл-Джамалиден оқыды.

Кейін сегіз үлкен медреседе ұстаз болды. Одан соң Әдірнә қаласының қазысы қызметіне тағайындалды. Сол жерде қазы болып жүрген кезінде қайтыс болды.

Ол биік мақсатты, жоғары дәрежелі, айбынды тұлға әрі әдебі мен салмағы бар адам болатын. Сондай-ақ шариғи ғылымдар мен риязи ғылымдардан да үлесі бар еді.

2 — Мулла Сағдуллаһ ибн Иса, «Сағди Чәләби» деген атпен танымал (һ. 945 ж. қайтыс болған)

Ол өз дәуірінің ғалымдарынан білім алып, кейін Мулла Мухаммад әс-Самсунидің қызметіне кірді.

Кейін бірнеше медреседе ұстаздық етіп, одан соң сегіз үлкен медресенің бірінде ұстаз болды. Кейін Қостантания қаласының қазысы, ал ғұлама Ибн Кәмәл Башаның қайтыс болуынан кейін Шейхул-Ислам қызметіне тағайындалды.

Ол қазылық қызметінде жақсы жол ұстанған, мақтаулы мінезді, тілі таза адам еді. Ешкімді тек жақсы сөзбен ғана еске алатын.

Сондай-ақ барлық уақытын іліммен айналысуға арнаған адамдардың қатарынан болатын.

Оның «Тафсир әл-Байдау» тәпсіріне жазған хашиялары, «Шарх мухтасар әл-Һидая» және «Фәтәуә» атты еңбектері бар.

3 — Мулла Һидаятуллаһ ибн Мауляна Бар Әли әл-Ажами (һ. 948 немесе 949 ж. қайтыс болған)

Ол өз дәуірінің ғалымдарынан білім алды. Солардың қатарында Мулла Бир Ахмад Чәләби, Мулла Муслихуд-Дин Мустафа ибн Халил — Ташкүбри задәның әкесі, Мулла Мухйид-Дин әл-Фәнари және ғұлама Ибн Кәмәл Баша бар.

Кейін көптеген медреселерде және сегіз үлкен медресенің бірінде ұстаздық етті. Одан соң шарапатты Меккенің қазысы болды.

Кейін көзі сырқаттанып, қазылықты тастап Мысырға кетті де, сол жерде қайтыс болды.

Ол түрлі ғылымдарға қатысы бар ғалым еді. Усул ілімдері мен фиқһта білімі болды. Әдепті, зерек, байсалды, жұмсақ мінезді, кішіпейіл, ықыласты, жомарт әрі жақсы мінезді адам болатын.

Аллаһ Тағала оны кең рақымына бөлесін.

4 — Мулла Мухйид-Дин Мухаммад ибн Абдуллаһ, «Мухаммад бек» деген атпен танымал (һ. 950 ж. қайтыс болған)

Ол сұлтан Баязид ханның құлдарының қатарынан еді. Кейін ілім жолына түсіп, өз дәуірінің ғалымдарынан білім алды. Солардың қатарында Мулла шейх Музаффаруд-Дин әл-Ажами, Мулла Мухйид-Дин әл-Фәнари және Мулла Бир Ахмад Чәләби бар.

Кейін ғұлама әрі артықшылық иесі Ибн Кәмәл Башаның қызметіне келіп, оның дәрісін қайталап түсіндіруші болды.

Одан кейін көптеген медреселерде ұстаздық етті. Кейін ақыл-есі сырқаттанып, ұстаздықты тастап Мысырға сапар шекті.

Сол жерде христиандардың қолына тұтқынға түсіп қалды. Кейін достарының бірі оны олардан құтқарып алды. Содан кейін Қостантанияға қайта оралып, ұстаздықпен айналысты.

Ақырында һижри 950 жылы Күтаһия қаласында қайтыс болды.

Ол әдебиетке жақын, ілім мен ғалымдарды жақсы көретін адам еді. Сондай-ақ ақли және риязи ғылымдардан да үлесі бар болатын.

5 — Мулла Мухаммад ибн Абдулуаһһаб ибн Абдулкәрим (һ. 955 ж. қайтыс болған)

Оның атасы Абдулкәрим сұлтан Мухаммад хан Әбул-Фатх мемлекетінің әскер қазысы болған. Ал әкесі Абдулуаһһаб сұлтан Сәлім хан дәуірінде дафтардарлық қызметін атқарған.

Ол өз дәуірінің ғалымдарынан білім алды. Солардың қатарында Мулла Исрафил Зәдә, Мулла Джәуи Зәдә және муфти Әбу әс-Суғуд бар.

Кейін өз заманында адамдар білім алу үшін ағылатын орынға айналған, ілім үйретуде ерекше танылған атақты Мулла Кәмәл Баша задәның қызметіне келді.

Сөйтіп ғылымдарда тереңдеп, қатарластарынан озып шықты. Кейін ұстаздық және қазылық қызметтерін атқарды.

Алпыс жас шамасында қайтыс болды.

Ол бірнеше тілде өлең жаза алатын. Сондай-ақ оның бірнеше еңбектері болған. Оларды Ибн Бали атап өткен.

6 — Мулла Әбу әс-Суғуд ибн Мухаммад ибн Мустафа әл-Ғимади (һ. 982 ж. қайтыс болған)

Ол Ибн Кәмәл Башаның ерекше шәкірттерінің бірі еді. Сондай-ақ оныншы һижри ғасырды іліммен көркейткен мухаққиқ ғалымдардың соңғыларының бірі болатын.

Ол Ибн әл-Муайядтан, Ибн Кәмәл Башадан және Мулла әл-Қарманиден білім алды. Оған ғылыми ижазаны Ибн Кәмәл Баша берген.

Біраз уақыт ұстаздықпен айналысқаннан кейін Бурса мен Ыстанбұлда қазылық қызметін атқарды. Кейін Рум Елі аймағындағы әскер қазысы болды.

Оның ғылыми мәжілістерінде көптеген үлкен ғалымдар, әдебиетшілер және ақындар тәрбиеленіп шықты. Солардың қатарында Мулла Сағуд-Дин, атақты ақын Бақи және Ибн әл-Хиннаи бар.

Оның көптеген еңбектері мен пайдалы рисәләлері болған. Ең танымал еңбектерінің бірі — «Иршаду әл-ғақл әс-сәлим илә мазаия әл-Қуран әл-Кәрим» атты басылып шыққан тәпсірі.

Және бұлардан бөлек те оның көптеген атақты әрі ірі шәкірттері болды. Олар түрлі ғылым салаларында танылып, Осман мемлекетінің ұстаздық, қазылық және пәтуа қызметтерінде жоғары дәрежелерге жеткен еді.

Бесіншіден: оның ғылыми дәрежесі және ғалымдардың оны мақтауы

Ғұлама Ибн Кәмәл Башаға мына жайттың өзі жеткілікті: ол ғалымдардың қайнар көзі, әдебиетшілердің жиналатын орны және артықшылық иелерінің мекені болған Каирге кірген кезде, ондағы ғалымдар оның тілінің шешендігіне, сөзінің көркемдігіне және баянының күштiлiгiне тәнті болды.

Олар оның артықшылығы мен кемелдігін мойындады. Сондай-ақ Каирдегі кейбір хадис ғалымдары оған ижаза берді. Ол жерде өзі де ілім үйретіп, өзі де ілім алды. Биік иснадтарға қол жеткізді.

Оған көптеген артықшылықтар мен маңызды ғылымдардың барлығындағы мықты меңгерушілігі куәлік етілді. Ғалымдар оны аса зор құрмет және ілтипатпен еске алатын.

Ғұлама Ибн Кәмәл Баша араб тілі, тәпсір және кәлам ғылымдарында өте жоғары дәрежеге жетті. Оның еңбектері осы ғылымдардағы тереңдігін және сол салалармен айналысқан ғалымдар арасындағы биік орнын айқын көрсетіп тұр.

Оның кейбір еңбектеріне қысқаша ғана көз жүгірткен адамның өзі-ақ оның ғылыми дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін аңғарады.

Сондықтан біз Ибн Кәмәл Башаны әс-Суюти, Әбу әс-Суғуд, Ташкүбри Зәдә және өз дәуіріндегі немесе соған жақын замандағы басқа ғалымдармен салыстырудың қажеттілігін көрмейміз.

Өйткені әрбір ғалымның өзі терең меңгеріп, сол арқылы танылған жеке саласы болған. Сонымен қатар олар басқа ғылымдарға да қатысып, солар жайында еңбектер жазған, тіпті ол салаларда ерекше танылмаған болса да.

Мысалы, ғұлама Ибн Кәмәл Баша әс-Суюти секілді нақли ғылымдарда тереңдеуді қалады, бірақ діттеген мақсатына толық жете алмады. Ал әс-Суюти болса ақли ғылымдарда тереңдеуді қалады, алайда ол да көздеген деңгейіне толық жете алмады.

Сондықтан екеуінің арасындағы салыстыру болатын болса, ол жалпы кітаптарының көптігі мен ғылыми талдауларының күштілігі тұрғысынан ғана болуы мүмкін. Ал бұл мәселеде қайсысының таразысы ауыр басатыны жөнінде көзқарастар әртүрлі.

Тәмими Ибн Кәмәл Башаны әс-Суютиден артық санаған. Ол былай деді:

«Менің ойымша, Ибн Кәмәл Баша әс-Суютиден де тереңірек ойлайтын, түсінігі де жақсырақ әрі ғылымдарда еркінірек әрекет ететін ғалым еді. Алайда екеуі де сол дәуірдің көркі әрі заманның мақтанышы болатын. Екеуінен кейін олардың орнын басар ешкім келмеді. Аллаһ Тағала екеуін де рақымына бөлесін».

Ал ғұлама Әбул-Хасанат Абдул-Хай әл-Ләкнауи (һ. 1304 ж. қайтыс болған) болса, таразыны имам әс-Суюти жағына ауырлатқан. Ол Тәмимидің сөзінен кейін былай деді:

«Айтарым: Ибн Кәмәл Баша әдебиет пен усул ғылымдарындағы кең білімі жағынан әс-Суютимен тең болуы мүмкін. Алайда хадис ғылымдарында оған тең келе алмайды. Өйткені әс-Суюти бұл ғылымдарда одан да, тіпті барлық замандастарынан да кеңірек ойлайтын әрі тереңірек түсінетін ғалым еді. Тіпті менің ойымша, одан кейін оған ұқсас адам келген жоқ.
Ал аудармасы беріліп отырған ғалымның хадис ғылымындағы үлесі әлсіздеу. Бұл екеуінің еңбектерін оқыған адамға жасырын емес. Сондықтан олардың арасы аспан мен жердей алшақ».

Алайда сонымен қатар ол ақли ғылымдардың үлкен имамы еді. Қаншама ғалымдардың пікіріне сын айтты, қаншама имамдарға жауап қайтарды, қаншама жаңа мәселелерді көтеріп, түрлі тақырыптарды зерттеді. Жаңалық енгізген мәселелерінде пайда беріп, зерттеген тақырыптарында кең түсіндірмелер жасаған.

Доктор Хасан Итрде осы мағынаға жақын сөз айтқан. Ол екі ғалымды салыстырған ғалымдардың пікірлерін келтіргеннен кейін былай деді:

«Олар бұл екеуін де өз дәуіріндегі барлық ғалымдардан артық санауда келіскен. Алайда бірінің екіншісінен артықшылығы жайында келіспеген.
Не Ахмад ибн Сүлейман әс-Суютимен толық тең, не одан кейінгі орында. Екеуінің арасына ілім мен артықшылықта ешкім кіре алмайды.
Шын мәнінде, олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен кейбір ғылымдардағы артықшылығы бар. Әсіресе әс-Суютидің хадис ғылымдарындағы орны әлдеқайда жоғары екенінде күмән жоқ.
Дегенмен, екеуінде де ұлы қайыр мен мол ілім бар. Аллаһ Тағала екеуін рақымына бөлеп, Ислам мен мұсылмандар атынан ең жақсы сый берсін».

Ғұлама Ташкубри задә (һ. 968 ж. қайтыс болған) былай деді:

«Ол барлық уақытын ілімге арнаған ғалымдардың бірі еді. Күндіз-түні іліммен айналысатын. Қаламы бір сәт те тоқтамайтын. Маңызды әрі күрделі ғылыми мәселелер жайында көптеген рисәләләр жазды.
Сондай-ақ көркем мінезді, толық әдебі бар, ақылы кемел және қысқа да нұсқа, көркем жеткізе алатын адам еді. Оның ғылыми талдаулары өте қабыл етілген болатын. Себебі ол қысқа жазса да, мақсатын анық жеткізетін».

Ал Ибн әл-Ханнаи, яғни ӘлӘуд-Дин Әли ибн Мухаммад (һ. 979 ж. қайтыс болған) өзінің «Табақату әл-Ханафия» кітабында атақты ғалымдардың есімдерін жеке-жеке буындарға бөліп жазған. Солардың бір буынының атауы ретінде ғұлама Ибн Кәмәл Башаны қойған.

Бұл ісінің өзі оның ғылымдағы өте жоғары дәрежесін көрсетеді. Ол былай деді:

«Кейін фиқһ ілімі ар-Раббани ғалым, адамдар мен жындардың муфтиі Ахмад ибн Сулейман, яғни Ибн Кәмәл Баша деген атпен танымал ғалымның буынына өтті».

Ал оның шәкірті ғұлама Әбу әс-Суғуд әл-Ғимади (һ. 983 ж. қайтыс болған) оны былай сипаттаған:

«Ол — ар-Раббани ғалым, патшалыққа тән терең таным иесі, Рум өлкесінің ең абзал ғалымы, барлық ғылымдарда озық шыққан, шығыс пен батыстың шейхы әрі адамдар мен жындардың мүфтиі Ибн Кәмәл Баша».

Тақиуд-Дин әт-Тәмими (һ. 1005 ж. қайтыс болған) ол туралы былай деді:

«Ол — имам, ғалым, ғұлама, ілім үшін сапар жасалатын тұлға, аса терең түсінік иесі, өз дәуіріндегі теңдессіз адам әрі өз заманындағы елдің көркі еді. Одан кейін оның ұқсасы келген жоқ. Көздер де оның кемелдігі мен артықшылығын жинаған адамды көрмеді.
Аллаһ Тағала оны рақымына бөлесін. Ол тәпсір, фиқһ, хадис, наху, сарф, мағани, баян, кәлам, мантық, усул және басқа да ғылымдарда ерекше шебер имам еді.
Тіпті осы ғылымдардың әрқайсысын жетік меңгеруде дараланған болатын. Қай ғылым саласын алсаң да, оның сол туралы бір немесе бірнеше еңбегі бар еді.
Ол әр ғылымда имам, әр өнерде озық тұлғаға айналды. Адамдар оған ілім үшін сапар шегетін әрі оның айналасына жиналатын еді».

Алтыншыдан: қайтыс болуы

Ғұлама Ибн Кәмәл Баша һижри 940 жылдың Шәууәл айының екінші күні, бейсенбі күні, күн шыққаннан кейін Ыстанбұл қаласында қайтыс болды.

Сол күні бесін намазынан кейін оған сұлтан Мухаммад хан мешітінде жаназа намазы оқылды. Аллаһ оған рақымы мен разылығын нәсіп етсін.

Оның қайтыс болу жылына байланысты жүмәл есебі бойынша бірнеше сөз айтылған:

“Оған Хақтың рақымы түсті”.

Тағы бір сөзде:

“Ұлы ғалым қайтыс болды”.

Тағы бірінде:

“Ғылым Кәмәлмен бірге көшті”.

Қабіріне:

“Бұл — Ахмадтың орны”, — деп жазылды.

Ал кебініне:

“Бұл — ең соңғы киім”, — деп жазылды.

Осы сөздердің барлығы жүмәл есебі бойынша оның қайтыс болған жылын білдіреді.

Сондай-ақ ол жан тәсілім етер сәтінде:

“Уа, Жалғыз Аллаһ! Бізді қорыққан нәрселерімізден құтқар”, — деп айтып жатқан еді.

Кейін бұл сөз де есептелгенде, оның қайтыс болған жылына сәйкес келген.

Кейбір өмірбаян жазушылар оның қайтыс болғаны туралы хабар Шам өлкесіне жеткен кезде, һижри 940 жылдың Зулқағда айының екінші күні Дамаск мешітінде оған ғайып жаназа оқылғанын айтқан. Сол сияқты Харам мешітінде де оған жаназа намазы оқылған.

Аллаһ Тағала оны рақымына бөлеп, күнәларын кешірсін.

Жетіншіден: оның еңбектері

Автор энциклопедиялық ғалымдардың және өте көп еңбек жазған авторлардың қатарынан еді. Ол ғылымның бірде-бір саласын қалдырмай, сол туралы қалам тартқан ғалымдардың бірі болатын.

Бұған бізге жеткен көптеген кітаптары мен рисәләлері дәлел болады.

Алайда бұл жерде маңызды бір мәселеге ескерту жасау қажет. Ол — осы ғұламаға шын мәнінде өзінікі болмаған көптеген кітаптар мен рисәләләрдің телінуі.

Тіпті кейбіреулер, соның ішінде әт-Тәмими де, оның еңбектерін үш жүзден асырып жіберген.

Бірақ мұқият зерттеу мен терең тексеруден кейін анықталған нәрсе — шын мәнінде оған тиесілі еңбектер бұл әсіреленген сандардан әлдеқайда аз (араб тіліндегі еңбектері шамамен 130-ға жуық).

Сондай-ақ оның парсы және түрік тілдерінде көркем жазу мен өлең шығаруда да ерекше орны болды.

Оның барлық еңбектері халық арасында қабыл етілген еді.

Өзі де көркем мінезді, толық әдебі бар, ақылы кемел, қысқа да нұсқа әрі көркем жеткізе алатын адам болатын.

Оның ғылыми талдаулары өте жоғары бағаланған. Өйткені ол қысқа жазса да, айтпақ болған мағынасын анық жеткізетін.