November 29, 2018

Ертегі туралы ертегі

Бар екен де, жоқ екен, аш екен де тоқ екен, ерте заманда шал мен кемпір, немересі Ақжолтай үшеуі бірге тұрыпты. Олар ертегі айтып, тыңдағанды сондай ұнатады екен. Бірі ертегі айтқанда, қалғандары ішіп жатқан асын былай ысырып, ауыздарын ашып тыңдайды екен.

Күндердің күнінде олардың өзара айтатын ертегілері таусылып қалыпты. Көңілдері ортайып, «енді бізді бұл тығырықтан кім құтқара алады» дегендей, бір-біріне алаңдай қарап отырып қалыпты. Сол күні олар күнделікті жем шашып, асты-үстіне түсіп, бөбектеп жүрген алтын айдарлы жалғыз тауықтарына да қарамай қойыпты.

–Қыт-қыт-қыт,–деп, есіктен тауықтың өзі кіріп келіпті.—Маған неге жем шашпай қойдыңдар?

Шал мен кемпір, Ақжолтай үшеуі қабаттаса:

–Біз саған жем шашар едік. Ертегілеріміз таусылып, көңілдеріміз болмай отыр,–депті.

Сонда алтын айдарлы тауық:

–Маған үш түрлі жем шашыңдар. Сендерді құтқаруға тырысамын,- депті.

Шал бір уыс бидай шашыпты. Кемпір бір уыс арпа шашыпты.Ақжолтай бір уыс тары шашыпты. Алтын айдарлы тауық ырза болып, ырзықты теріп жепті.

Келесі күні алтын айдарлы тауық келіп:

– Қыт-қыт-қыт, – депті. – Бүгін мен алтын жұмыртқа таптым.

Үйге әкеліп, жылы жерге қымтап қойыңдар.Үш күн күтіңдер.Үшінші күні ішінен ертегі жарып шығады. Қауызынан шыға салып: «шық-шық-шық», деген кезде «ауп» деп ұстай алыңдар. Ұстасаңдар өмірлерің де ертегіге айналады. Ал егер ұстай алмай қалсаңдар, қолдарыңа жұққан сары уызын жалаңдар. Онда ертегіге байисыңдар, – деп , аяқтарын снап басып, шығып кетіпті. Шал мен кемпір, Ақжолтай үшеуі алтын жұмыртқаны әкеліп, үш қабат тонға орап, қымтап қойыпты. Содан үш күн күтіпті. Дұрысын айтқанда, үш күн ойланып- толғанып, үш күн арман-қиял кешіпті. Ойланғанда «ол ертегінің өзі қандай екен» деген сауал кетпепті бастарынан. Қиялдағанда неше бір қиял-ғажайыптар елестепті көз алдарына. Бұрынғы білетін ертегі кейіпкерлерінің бәрін тізіп естеріне алса да, мына болашақ ертегіге ұқсата алмапты.

– Ол жал- құйрығы құлаш-құлаш, жібектей шудаланған, асау аттай тебініп, аласұрған алтын құлыншақ шығар, – депті Ақжолтай.

– Жо-оқ , – депті шал. Ол жезтырнақ не мыстан кемпір де болуы мүмкін.

– Қайдағыны айтпашы, шал, – депті кемпір. Мен білсем ол ұшатын кілемнің нақ өзі.

– Ол мың құбылған тауыс құс не құйқылжыта сайраған бұлбұл болып шықса ше, – депті Ақжолтай.

– Жо-оқ, – депті шал. Ол жалғыз көзді дәу не пері болуы да мүмкін.

– Сен де қайдағыны айтады екенсің, – депті кемпірі. Мен оны сиқырлы алтын сандыққа ұқсатамын. Осылайша үш күн айтыс-тартыспен өтіпті. Ал үшінші күні шал мен кемпір, Ақжолтай алтын жұмыртқаны орталарына алып, «әне-міне» деп тағатсыздана күтіпті.

Ораулы тонды ашқанда үйдің ішін сәулелендіріп жіберген алтын жұмыртқа бір мезет қимылдап балгі беріпті. Үшеуі қолдарын жайып, бассалуға дайындалыпты. Алтын жұмыртқа қақ жарылып, ішінен кемпірқосақтай құбыла, шұғыла шашып «ертегі» шығыпты. Ол «шық-шық-шық» деп ұша бергенде, үшеуі: «ауп-ауп-ауп» деп тап беріпті. Бірақ «ертегі» олардың қолдарының арасындағы саңылаудан сытылып шығып, көзді ашып -жұмғанша ғайып  болыпты. Ал  шал мен  кемпір, Ақжолтай үшеуі алақандарына  жұққан сары уызды жалап –жұқтап қала беріпті.

Әйтсе де, ол жай уыз емес еді. Олардың бойларына сол уызбен бірге ертегі тудыратын қасиет – шексіз арман, ұшқыр қиял дарыпты. Ал арман-қиялға кенелген адам, ертегілерге де байиды екен.

(Д.О. Кеңес)