Ана мен әке маxаббаты
Бүгін Раянаның көңіл күйі болмады. Өзін ерекше мұңды сезінді. Анасы бұл жағдайды байқап Раянанаың қасына келді. “Қызым, мұңайып жүргеніңді байқадым, не болды?” деп сұрады. Раяна да: “ана мен сізге қатты ренжіп отырмын” деді. Алғашқыда анасы Раянадан бұндай жауап күтпеген еді, сондықтан не айтарын білмей сәл абдырап тұрды да: “Ммм, ренжіген себебін білуге бола ма?” деді жұмсақ үнмен.
Раяна да: “Иә”, деп жылап жіберді. “Мені жақсы көрмей кеткен сияқтысыз. Мен шақырсам маған келмейсіз, Әлиге көп көмектесесіз. Маған көңіл бөлмей кеттіңіз ғой. Әли шақырса, бірден барасыз”,- деді аузы бұртиып. Анасы Раянаны құшағына алып, “Ботам сол! Мен сені түсінемін. Сен қатты ренжіп отырсың маған. Саған көңіл бөлмей кеткенім үшін сенен кешірім сұраймын. Менің саған қолым тимей кетсе, жақсы көрмей кеттім деген сөз емес қой. Менің жүрегім мына екі қолымның арасы сияқты өте кең. Қараш менің құшағыма үшеуің де сыйып кетесіңдер.
Жүрегімде Аллаға деген махаббат та, Пайғамбарымызға, сахабаларға, сендердің әкелеріңе, Омарға, саған, Әлиге де, екі ата-әжелеріңе де, бауырларыма, достарыма барлығына орын бар. Мен олармен күнде хабарласып, көріспесем де, оларды жақсы көремін. Әлиге көп көмектессем, ол сенен төрт жас кішкентай. Білмейтін нәрселері өте көп, әрі біз, әкең, Омар, сен де ерекше қамқорлық көрсететін жаста. Сен де Әлидің жасында болғанда, семен өте көп ойнаушы едік қой, Омар да саған қарайтын, есіңде ме?” деді анасы Раянаның шашын сипап отырып.
Раяна расымен де ата-анасымен көп ойнайтынын, бұрынырақта өте көп бірге уақыт өткізгенгенін есіне алды. Анасы: “Қызым, мен сені қатты жақсы көремін!”. Раяна: “Мен де сізді қатты жақсы көремін. Сізге деген махаббатым қандай екенін білесіз бе?”, деді анасының тізесіне қолын қойып. Анасы: “Қандай?”, деп қызыға сұрады. Раяна екі қолын екі жаққа жайып “мынандай” деді. Анасы менің саған деген махаббатым “Мынандаай” деп екі қолын екі жаққа жайды. Анасының құшағы Раянадан қарағанда ұзын еді, Раяна бірден түрегіліп тұрды, қолын жоғарыға созып “менікі болса мынандай” деп көрсетті.
Анасы да тұрып қолын созды да “менікі мынандай” деп еді, анасының махаббаты ауыр басты. Раяна бөлмеге көзін жүгіртіп, “Менікі болса, мына бөлменің үлкендігіндей” деді. Анасы: “Менікі мына үйдегі барлық бөлмелердікін қосқандағы көлемдей”. Раяна: “Менікі осы тұрғын үйдің көлеміндей”, анасы: “осы қаланікіндей”, Раяна: “менікі жердің көлеміндей”, анасы: “Менікі галактиканың”. Раяна “Мәссаған қандай көп”,- деп ойлады. Анасына бір мезет жалт қарап: “Бәрімізге де сондай көп па махаббатыңыз”,- деді. Анасы: “Әрине, ботам! Әке мен аналардың жүректерінің сондай ерекше сиқыры бар, барлық баласына үлкен махаббатты сыйғыза алады”,-деді, жәй ғана. Анасы мен қызы тағы да бір-бірін құшақтай түсті.