May 21, 2020

Фатиxа

Бүгін Әли кестесі бойынша “Фатиха” сүресін жаттамақ болды. Бірақ неше рет қайталап, тырысса да мүлде есіне сақтай алмай-ақ қойды. Өте қиын сияқты. Кешке Омар ағасына жаттағанын тапсыратын еді. Кеш те таяп қалды, Әли әлі жаттай алмай жүр. Анасына келіп: “Анашым, мен мына сүрені жаттамай-ақ, қояйыншы?”,- деді. Анасы Әлиге мұқият қарады да: ”Не болды? Тым қиын бе екен?”,- деп сұрады. Әли жасырмай: “Тілім келмей-ақ қойды. Бағанадан бері қайталап отырмын”,-, деді.

Анасы:”Иә, мен сені түсінемін, арабша жаттаған қиын болуы мүмкін. Бірақ сен осыған дейін 2 сүре жаттап алдың ғой, кішкене тырыссаң, қолыңнан келеді. Сен өте зерексің ғой”,- деді. Әли ойланып тұрып: “Анашым, мен қазақшасын жаттайыншы?”,- деді. “Қаласаң, қазақшасын да жатта. Бірақ намазда болсын, дұға ретінде айтқың келсе де, зікір ретінде айтқың келсе де міндетті түрде арабшасын айту керек. Қазақша мағынасы өзің үшін, айтып отырғанда мағынасын біліп отырасың”. Әли: “Неге міндетті түрде, арабшасын айту керек?”,- деді.

Анасы: “Жақсы сұрақ, Әлижан. Себебі, Құран - араб тілінде түскен, Алланың сөзі. Егер барлық елдер өз тіліне аударып айтатын болса, мағынасы басқаша болып өзгеріп кетеді. Ал Құран - барлық кемшілік, өзгертулерден, бұрмаланудан Алла тарапынан сақтылған киелі кітап. Сондықтан да сүрелерді біз қазақшаға аударып алып айтпаймыз. Бірақ ішімізден дұға ететін болсақ, қалауымызды өз тілімізде Алладан сұрай береміз. Алла біздің тілектерімізден, ойымыздан, ниетімізден хабардар”,- деді. Әли: “Онда Құранның ішінде сүре көп қой, мен басқасын жаттайыншы, Фатиханы емес” деді бұлдана.

Анасы: “Мен саған Фатиха сүресі туралы айтып берейін, кейін жаттап жаттамайтыныңды өзің шешершің, жарай ма?” Әли жәй дауыспен “жарайды” деп келісті. “Фатиха сүресі, Құранның ең алғашқы сүресі, оны “Құранның анасы” дейді. Бұл сүренің ұлылығы сондай - әр намазға қосып, күніге жоқ дегенде 40 рет айтамыз. Фатихасыз намаз толық болмайды.Бұл сүре - адамзатқа бұрын соңды берілмеген тек біздің Пайғамбарымызға (с.а.у.) ғана берілген сыйлық. Алла Тағала былай деген: «Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім, жартысы Маған, жартысы құлыма әрі құлыма сұрағаны тиесілі. Егер де ол: «Әл-хамду лилләһи роббил ъаләмийн» десе, Алла: «Құлым Маған мадақ айтты, Мені мақтады», – дейді. Егер де ол: «Әр-рахманир рахим» десе, Алла: «Құлым Маған шүкірлігін айтты, алғыс айтты», – дейді. Егер де ол: «Мәәлики иәумиддин» десе, Алла: «Құлым Мені ұлықтады», – дейді. Егер де құлым: «Ийәкә нәғбуду уә ийәкә нәстәғийн», – десе, Алла Тағала: «Бұл Мені мен құлымның арасындағы нәрсе әрі құлыма сұрағаны тиесілі, Мен оған сұрағанын беремін», – дейді. Егер құл: «Иһдинас сыратал мустәқийм. Сыраталләзинә әнғамта ғаләйһим ғойрил мағдууби ғаләйһим уәләд-дооллийн», – десе, Алла: «Бұл құлымдікі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді», — деген. Осыдан кейін ғалымдар кім Фатиха сүресін түсініп, оған амал жасаса, ол адамға Алла тағала дүниеде де, ақиретте де қалағанын береді деген екен”, - деп анасы Фатиха сүресін айтып берді.

Әли қызығып тыңдап қалыпты. Әли “Фатиха” сүресінің мағынасын толық түсінді. Анасынан тағы да қайталауын сұрады. Анасы сүрені тоқтап, тоқтап қайталап айтып берді. Бір-екі рет тағы да қайталап, Әли жаттап алды. Қуанышында шек жоқ. Әлидің сүре жаттауына бұл сүре туралы білмеуі кедергі болған сияқты.

Балақай, бүгін сен де Фатиха сүресін жаттап ал.