May 23, 2020

Айт құтты болсын!

Бүгін балалар Ораза айтқа сыйлық дайындауға кірісіп кеткен. Әли ата-анасына сыйлайтын ашық хатын дайындап әбден әлектенді. Бір сурет салады, ұнамайды, екінішісін салады, ұнамайды, өшіремін деп қағазы да мыжылып қала берді. Әйтеуір сабырмен соңына дейін жетіп, қайта салып, әп-әдемі ашық хаттарын бітірді. Омар өзінің жинап жүрген ақшасына анасына орамал, әкесіне тәспі алды. Раяна анасы ерекше гүл жақсы көретінін білетін, сондықтан солып қалмай ұзақ тұруы үшін қолынан анасына гүл жасады. Ал әкесі блокноттарды өте ұзақ әрі өзімен бірге әрқашан да алып жүретіндіктен блокнотының сырты тез ескіріп кететін. Соны Раяна байқап өзі еңбек сабағынан жасап жүрген, киіз сияқты матадан әкесіне қап жасады..Өте әдемі болып шықты.

Әли ұйқысынан тұрса Айт күні таңертең аналары өте керемет таңғы ас жасап қойыпты. Дастархан да көздің жауын алып жайнап тұр. Айттың дастарханын аналары ерекше етіп жасайтын. Мешіттен әкелері мен Омар айт намазын оқып келіп те қойыпты. Дастарханның қасында гүл, түрлі түсті жылтыр қағазбен оралған сыйлықтар Әлидің тағатын таусып, әрі ерекше қуаныш сыйлады. Раяна да ұйқысынан тұрып, анасының ыстық бауырсақтарының иісіне бөлмесінен “мммм, анашымның бауырсақтары” деп анасын құшақтай алды. “Мен тез жуынып келе қояйын” деп секіріп билеп жуынатын бөлмеге кетті.

Үйдегілердің көңіл күйлері ерекше көтеріңкі болды. Алла тағалаға осы күнге жеткізгеніне шүкір айтты. Дастарханға отырып, тамақтарын “Бисмиллахпен” бастап, сүйсіне жеді. Аяқтағанда Әли өзінің дұғасын тақылдап тағы да айтып берді. “Бәрекелді” деп, әкелері “Балаларым, Анасы, сендердің барлықтарыңды Айт мерекесімен құттықтаймын. Алла біздің иманымызды, берекемізді, ынтымағымызды, сүйіспеншілігімізді, қасиетімізді арттыра берсін. Әлемдегі барлық мұсылмандарға осы мерекеде жүректеріне ерекше қуаныш пен тыныштық сыйла, Я, Аллам. Рамазанды шығарып салдық. Иншалла, молынан сауаптарымызды алдық. Балаларым сендер осы оразаны ұстадыңдар, тіпті, Раяна сен соңғы апта бізбен бірге ұстап жарадың. Алтындарым менің, мына сыйлықтар сендерге! Айтымыз мүбәрак болсын!”, деп балаларға әдемі қораптарды үлестірді. Балалар мәз мейрам болып, өздерінің қағаздарын ашып, алған сыйлықтарына қуанып жатты. Әлиге өзі қалап жүрген екі аяқты велосипед, Раянаға әдемі аяқ киім, Омарға “Сахабалар” сериялық кітаптар - үшеуі де қуанышарын жасыра алмай секіріп кетті.

Ендігі кезек балаларға келді. Балалар өздерінің сыйлықтарын ата-анасына үлестіріп, “алғыстарын” айтты. Омар да, Раяна да, Әли де тек әкелері мен аналарына емес, бір-бірлеріне де сыйлық жасапты. Омар Раянаға блокнот, Әлиге түрлі түсті фломастерлер берсе, Раяна Омарға өзі қолдан жасаған кітаптың арасына қоятын бөлгіш, Әлиге қағаздан жасаған үлкен ұшақ сыйлады. Әли екі бауырына да ашық хаттар сыйлады. Осы көріністі бақылап отырған әкесі мен анасы “Алла бәрімізден разы болсын” деп бір-бірінің иығынан қысты.

Түстен кейін ата мен әжелеріне құттықтап барды. Ата-анасының достарымен кездесті. Қай үйге бармасын керемет жайылған дастарxан, жылы лебіз, көтеріңкі көңіл балалардың айтын одан сайын ерекшелендіре түсті! Біз сені сағынамыз, Рамазан! Я, Аллам, келесі жылғы Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!

Балақай, сен ата-анаң мен бауырларыңа айтқа сыйлығыңды дайындадың ба? Қолыңнан ашық xат жасап көр!