May 19, 2020

Қадір түні

Бүгін “Қадір түні” деп балалар ерекше дайындалып жүр. Бұл түн туралы Әли кеше Ерік ағасынан да естігені бар еді. Әкесі де таңертең: “Балаларым, бүгін Қадір түні, мың айдан да хайырлы түн. Жылына бірақ рет болады. Бұл түн туралы Қасиетті Құранда “Қадір” сүресі бар. Қадір түнінде Періштелер жерге көп түскендігі сонша - жерге сыймай қалатындай болады екен. Таң атқанша жерде амандық, тыныштық болады. Жасалған дұғалар қайтарылмайды” деп айтқан еді.

Әли балабақшадан келсе, Омар мен Раяна Алла Тағаладан не сұрайтынын тізіп жазып жатыр екен. Екеуі таласып, “Мен Алладан ата-анамның амандығын тілеймін”, “Мен де тілеймін”, “Мен осы жылы сабағымды өте жақсыға бітірсем екен”, “Мен келесі жылы биология олимпиядасынан 1 орын алайыншы” деп жатыр екен.

Әли де оларға қарап қызығып дұға тізімін жазғысы келді. Бірақ енді жаза алмайды. Ойына керемет идея келді. Сурет салуға болады ғой. Енді не тілейді. Бірінші отбасының барлығы бірге тұрған суретін салды. Екінші велосипед салды. Үшінші футбол добын, төртінші көп чупа чупс, бесінші ойыншықтарын салып еді әрі қарай не салатыны ойына келмей қалды. Омар мен Раянаның әңгімесіне құлақ салды. “Дүниеде тыныштық болсын, жақындарым аман болсын, ата әжем, ата анам денсаулығы мықты болсын” деп жатыр екен, Әли де қолынан келгенше сол тілектерді ұмытып қалмас үшін сала берді.

Балақай сен де бүгін Алладан тілейтін 10 дұға тізіміңді жаса.