May 18, 2020

Қонақтар

Бүгін ауызашарға үйге көп қонақтар келді. Балалар әдетінше, аналарына көмектесіп зыр жүгіріп жүр. Ерекше Әли қуанып жүр. Ерік ағалар, Айгүл тәтелер, Әлидің достары Хамза мен Ахмет те келетін болды. Кеш түсті, қонақтар бірте-бірте келе бастады. Омар қонақтарды күтіп алып, киімдерін ілсе, Раяна мен Әли қатар тұрып, амандасып тұрды.

Балаларды әкесі үйреткен еді, “Қонағыңды Қызырдай күт” деп жиі естеріне салатын. Пайғамбарымыз да қонақтарға ерекше ілтипат көрсеткен екен. Хамза мен Ахмет те келді, Әли оларды көріп қуанғаны сонша - "Алақай!" деп айқайлап жіберді. Олардың ата-аналары да Омар, Раяна, Әлиге Рамазанмен құттықтап тәттілер алып келіпті. Қонақтар үстелге отырды.

Аналары дастарханды жайнатып тастаған, барлық тамақ дәмді, әдемі көрінеді. Су ішіп, дұға жасап ауыз да ашылды. Ақшам намаздары оқылып, ыстық тамақ әкелінді. Балалар да үстел жағалап отырған болатын. Төрде отырған Ерік ағай әңгіме бастады. Балалар оның әңгімелерін екрешк сүйіп тыңдайтын. Әли достарымен де ойнағысы келіп тұр, Ерік ағаны да тыңдағысы келіп тұр. Әли бір керемет шешім ойлап тапты. Залдағы есіктің түбінде достарымен ойнайтын болды. Бір құлағы Ерік ағада, оның даусы зор болатын, есіктің сыртына дейін жақсы етіліп тұрды. Әли достарымен машиналарын тізіп гонка ойнап кетті.

Есіл дерті ойынға ауып кете береді, бірақ өзін қайтадан жігерлендіріп Ерік ағаның даусына құлағын түріп қояды. Құран туралы айтып жатыр. Құранның қандай керемет бір кітап екенін, Алланың сөзі екенін. Оның ішінде бізге сабақ боларлық өте көп хикаялар, Алладан тікелей нұсқаулар бар екен. Әли ешқашанда Құран оқып көрмеген. Әлі оқи да алмайды ғой, бірақ қатты оқығысы келіп кетті. Құран Алла Тағала мен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у) сөйлесуі, бұл жерде Пайғамбарымыздың жауап қатқаны аятта кездеспесе де, Алла Тағала жүректердің иесі ғой, Пайғамбарымызға тілмен сұрақ қойдырмастан, жауабын аятпен түсіріп отырған екен.

Ең бірінші рет Жебірейіл періште аят алып келіп, Пайғамбарымызға берген екен. “Оқы” деп келіпті алғашқы аят. Пайғамбарымыз (с.а.у) Құраннан аяттар айтқанда, барлығы ерекше тыңдайды екен. Себебі, ол кезде көп адам сөзге шешен болыпты, сондықтан бұндай әдемі сөздерді адам ойлап таба алмайды, мүмкін емес деп таңғалған екен. Сөйтіп, сол кезде көбісі Алланың барлығына, бірлігіне, Пайғамбарымыз оның елшісі екеніне иман келтіріпті. Рамазан айы - сол айда Құран түскені үшін 12 айдың сұлтаны, Қадір түні - сол түні Құран түскені үшін 83 жылға тең қадірлігі бар, басқа үмметтерге берілмеген, бізге ғана тән Алланың сыйларының бірі.

Бұл түні Алла барлық тілеулерді, ғибадаттарды қабыл етіп, орасан зор сауап береді, иншалла” деп барып тоқтады. Әли мұқият тыңдап қалыпты, қолындағы машиналарын кеудесіне қысып алғанын да байқамапты. Ерік аға әңгімесін аяқтағанда бірақ жан-жағына қарады, сөйтсе достары да болған әңгімеге құлақ асып қалыпты..