Достар
Омарға қазақ тілінен үй тапсырмасына “Достық” туралы шығарма жазуға берді. Омарға шығарма жазу оңай, ол кітап көп оқығандықтан өзінің ойын өте жақсы жеткізетін. Сондықтан шығарманы әдемі сөздермен өріп жазды. Достық пайдамен, қызметпен өлшенбейді, көңілмен, іс- әрекетпен өлшенеді. Досыңның қиын сәтіңдегі жылы сөзі, созған қол ұшы тез әсер ететін дәріден де артық көмектеседі. Достарыңмен көңіл көтерсең де, ішіңді тарқатып әңгіме айтсаң да жақсы серігіп қаласың. Қазақта “Досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын” деген сөз бар. Сондықтан достарды да жақсы таңдау керек. Досы жақсының өзі жақсы. Мен өз достарыммен мақтанамын” деген сөздері болды.
Жазып отырып ойға батты. Әкесінің қасына келіп Пайғамбарымыздың достары туралы айтып беруін өтінді. Әкесі: “Пайғамбарымыз қандай адам еді. Бүкіл жақсы қасиеттері бойында сіңірілген кермет жан еді ғой. Пайғамбарымыз керемет болса, достары да керемет деген сөз ғой. Пайғамбарымыз достарын ерекше жақсы көретін. Тіпті, "менің достарым, сахабаларым, аспандағы жұлдыз сияқты кімде кім олардың артынан ерсе, адаспайды" деп айтады. Оның сахабалары өте көп болды.
Сахаба деген оның әңгімесін, сұхбатын тыңдап, жүздескен деген мағынаны береді. Достары да Пайғамбарымызды ерекше жақсы көріп құрмет тұтқан. Достарының ішінде Пайғамбарымызбен ерекше жақсын болғандар, Әбу Бәкір Сыддық, Омар, Осман, Әли деген кісілер. Бұлардың ішінде де Әбу Бәкір Сыддықтың, Аллам одан разы болсын, орны ерекше. Пайғамбарымызға Пайғамбарлық 40 жасында келге ғой, бірақ Әбу Бәкірмен пайғамбарлық келмей тұрып тажақын дос болады. Әбу Бәкірдің ерекше ықыласы, мейірімді жүрегі, Пайғамбарымызға махаббаты, Аллаға құлшылығы шексіз еді. Тіпті, үмметімнің жасаған сауабы мен Әбу Бәкірдікін салыстырса, Әбу Бәкірдікі ауыр басады деген.
Екінші әділ халиф - Омар ибн Әл Хаттаб Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын сахабалардың бірі болатын. Ол бұл дүниеде Исламды таратуға көп үлесін қосты. Оны кейде Әл-Фаруқ деп те атайтын, яғни, «жақсыны жаманнан айырушы» дегенді білдіреді. Омар Құранның жиналып бір кітап болып шығарылуына ат салысқандардың бірі. Омар Исламды қабылдағаннан кейін Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қорғауға барынша тырысып, оның жанынан бір елі ажырамайтын болған.
Осман болса, өзінің адалдығымен ерекше танылған кісі болған. Пайғамбарымыз Османнан періштелердің өзі ұялады деп оның ұятының, әдебінің өте жоғары деңгейде болғандығын білдірткен. Ол бір еврейдің меншігіндегі Рума құдығын жиырма мың дирхемге сатып алып, барша мұсылмандарға оны емін-еркін пайдалануға рұқсат берген, қолы да жүрегі де ашық болған.
Ал Әли болса өзінің зеректігімен есте қалған Пайғамбарымыздың туысы әрі жақын досы болған. Пайғамбарымызды қорғап қалу үшін өзінің жанын беретіндей жанкешті болған. Ол ислам қабылдаған кезде жап жас бала болатын.Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әлиді «білім қаласына апарар қақпа» деп атайтын. Себебі, ол тәпсірде, хадистерде және фиқһта орасан зор білімге ие асқан ілімді адам болатын. Сонымен қатар, ол өзінің даналығымен әрі қырағылығымен ерекшеленетін, деді қоңыр даусымен.
Омар Пайғамбарымыздың достарына бір жағынан таң қалып, бір жағынан оларға ерекше құрмет сезініп отырды. Әкесі әрі қарай жалғастырып: “Балам, бұлардың төртеуі де халифа болып, көздері тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалар. Адамның атын кім деп қойсаң, соған ұқсас болады деп сенің атыңды Омар, інің Әлидің есімін Әли деп қойдық” деді. Омардың жүрегін одан сайын мақтаныш, қуаныш кернеді. Өз атыма лайық адам болсам ғой деп ішінен дұға да етті.