Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар!
Әнас ибн Мәликтен {Алла оған разы болсын}:
Пайғамбар {ﷺ}: «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар! Қуандырыңдар, жеккөрінішті етпеңдер!» – деп айтқан.
«Сахих әл-Бухари», І том, 163-бет; «Сахих Муслим», «Жорық және сияр бөлімі», ХІІ том, 42-бет
Имам ән-Нәуәуи «Шарх сахих Имам Муслим» кітабында былай деп айтқан: «Бұл хадисте Алланың кеңшілігін, құлдарына жазылатын зор сауапты, Раббының асқан мейірімін, Өзінің құлдарын мол сыйға бөлейтінін айтып сүйіншіле деп келген. Бірыңғай Алланың қаһарын, жазасын айтып қорқыта берудің дұрыс еместігі айтылған. Сондай-ақ бұл хадисте жақында Исламды қабылдаған адамды тәрбиелеудің жолы және оған насихат айтқанда салмақ түсірмеу керектігі баяндалған.
Сонымен қатар балиғат жасына жақындаған, балиғатқа толған немесе күнәларына тәубе еткен адамға көркем мәміле жасап, оларды құлшылыққа біртіндеп дағдыландыру керектігі айтылған. Исламның бұйрықтары адамдарға біртіндеп міндеттелген. Құлшылықты орындауға ниет білдірген адамға дін талаптары біртіндеп үйретілсе, оның ғибадатқа деген қызығушылығы артады. Нәтижесінде құлшылықты көбірек орындауға ынталанады. Ал егер оған дін талаптарын бірден жүктесе, құлшылықтан айнып қалу қаупі бар. Ондай адам құлшылықты орындағанмен, амалы ұзаққа жалғаспауы мүмкін. Құлшылықтың ләззатын сезіне алмайды».
Хафиз ибн Хажар «Фатх әл-Бари» кітабында былай деп айтқан: «Білімді біртіндеп үйреткен жөн. Өйткені қандай да бір нәрсе басында жеңіл болса, адам сол нәрсеге қызығушылықпен кіріседі. Амалды артығымен орындауға жігерленеді. Адамға салмақ түсірген жағдайда амалдан жиреніп қалуы мүмкін».