July 7, 2020

«ҚҰРАНДЫ БАСЫП НАНДЫ АЛУ» ДЕГЕНДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

«Құранды басып нанды ал» деген сөз адам өмірінің қаншалықты құнды екендігін көрсету үшін салыстырмалы түрде айтылған. Аштықтан үзілуге шақ қалған жан жоғарыда тұрған бір үзім нанды көрсе, соны алып, өмірін құтқарып қалуы тиіс. Әлгі теңеу сол мақсатта айтылған. Одан бөлек, «Құранды баса берсін» немесе «нан Құраннан үлкен» дегендік емес.

Нан – қадірлі. Құран – қасиетті және киелі. Бірі тән азығы, екіншісі – жан азығы. Шындап келгенде, ешбір қазақ нанды Құраннан жоғары санамайды. Өйткені, Құран – ырзық-несібе беруші Жасағанның сөзі. Ол әмәндә биік тұрары сөзсіз. Қасиетті Құран – бүкіл әлемді жоқтан бар етуші, оны әсем түрде шеберлікпен жаратқан Алла Тағаланың пенделерге жіберген теңдессіз қазынасы, баға жетпес асылы, таусылмас байлығы. Онымен ешнәрсені салыстыруға келмейді. Оның қаншалықты қымбат дүние екендігін Алла Тағала мына сөздерімен-ақ білдірген: «Егер осы Құранды бір тауға түсірсек, Алладан қорыққандығынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы ойлансын деп келтіреміз» [«Хашыр» сүресі, 21-аят].

Сондықтан «Құран наннан төмен!» немесе «Құранды басып нанды алуға болады» деу қателік. Себебі Құранды ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Мұсылман адам мұндай жаңсақ пікірлерге жол бермеуі тиіс.