July 11, 2020

ҚҰРАН ОҚЫҢДАР!

Омар ибн Хаттаб {Алла оған разы болсын} риуаят еткен хадисте Алла елшісі {ﷺ}:

«Алла Тағала бұл Кітап арқылы бір қауымның дәрежесін көтерсе, енді бірінің дәрежесін түсіреді», – деген.

Алла Тағала Құранға иман келтіріп, оны құрметтеген, ондағы талап етілген үкімдерді ықыласпен орындаған қауымның дәрежесін көтеріп, оларды бұл дүниеде және ақиретте құрметке бөлейді. Ал Құранға иман келтірмей теріс айналып, оны өзгелерге көрсету немесе мақтан үшін оқитын, ондағы үкімдерге амал етпейтін басқа бір қауымды төмен әрі қор қылады.

Әбу Умәма әл-Бәһили: «Алла елшісі {ﷺ}: «Құран оқыңдар! Өйткені ол қиямет күнінде өз иелеріне шапағат етеді», – деп айтты», – деген.

Демек, Құран бұл дүниеде өзіне назар салып, Алла Тағаланың разылығы үшін оқыған, мағынасына ой жүгірте отырып, соған сай өмір сүрген пенде үшін қиямет күні Алла Тағаладан оны мейіріміне бөлеп, күнәларын кешіруін сұрайды.