ТАҒДЫРДЫ СЫЛТАУ ЕТУ
Алла Тағала біздерге Өзіне сенуді және бағынуды бұйырып, сенбеушілік пен бойсұнбауға тыйым салды. Бұл – бізге жүктелген міндет. Ал біздің пайдамызға не зиянымызға Оның алдын-ала тағдыр еткендеріне келсек, бұлар белгісіз, олар туралы біздер ешнәрсе білмейміз, білуге міндетті де емеспіз.
Адасушылар, бойсұнбаушылар және пасық адамдар өздерінің жасаған жиіркенішті іс-әрекеттерін: «Бұл Алла Тағаланың біздерге тағдыр еткені яки алдын-ала жазғаны немесе Оның қалауы себепті болған», – деп тағдырды сылтау етуі дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Мұхаммед! Оларға): «Амал қылыңдар. Әлі-ақ істеген амалдарыңды Алла, Оның елшісі және мүміндер көреді» де» [«Тәубе» сүресі, 105-аят], – деген.
Тағдыр етілген жайт өмірде кездескен соң, тағдырға сілтеме жасауға болады. Өйткені мұсылман адам Алла Тағаланың шешіміне толығымен бойсұнуымен жаны жай табады. Сонымен қатар Алла Тағаланың тағдыры мұсылман адамға қуанышта да, қиыншылықта да жақсылық әкеледі.