18-КҮН

Биссмилляһ деп, келесі күнге де аяқ бастық. Бүгінгі күнге, қайта оянғанымызға, деніміздің саулығына, жақын туыстарымыздың амандығына Аллаға сансыз шүкір)

Бүгінгі тапсырма:

  • Бүгін айналаңыздағы жақын жандарға біздің марафоннан үйренген кез келген пайдалы мәліметпен бөлісіңіз, түсіндіріңіз. Жұмыста болсаңыз, түскі ас кезінде кішкене әңгіме-дүкен құрыңыз сол жайында. Үйіңізде болса, балаңызға немесе сіңліңізге айтып беріңіз. Кімге болса да өз еркіңізде) Біреуге түсіндіру арқылы ол ақпарат сіздің миыңызда ұзақ сақталады.
  • Апта басталғалы ата-анаңызға, ата-енеңізге хабарласып, жағдайын сұрадыңыз ба? Тіпті кеше хабарласқан болсаңыз да, бүгін тағы хабарласыңыз, жағдайын сұраңыз. Қандай да бір әрекетіңізді айтып, олардың ойын сұрап қойыңыз. Сонда олар өздерін маңызды сезінеді. Сіз күнде хабарлассаңыз да, олардың ашуына тимейсіз: олар үшін сіз әрдайым баласыз)
  • Бүгінгі аят:
Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле.
  • Бүгінгі жаттайтын Алланың көркем есімдері:

31. Әл-Ләтиф – Жұмсақ, зор кеңшілік Иесі. Өзінің құлдарына өте ілтипатты. Өз құлдарының істерін толық біледі және адамдардың мінездеріне жұмсақтық салады.

32. Әл-Хабир – Толық хабар алушы. Барлық істер оның қалауымен жасалады. Ол ешқашан хабарсыз қалмайды. Жаратушының бұл көркем есімін қайталаған адамды Алла Тағала қанағатты етеді.


Күнделікті орындалатын тапсырмалар:

  • Пайғамбарымызға (с.а.с) салауат айту
  • Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірбаянын оқу
  • Садақа құтысына 100тг салу