Асхат Аймағамбетов: Болашақтың кілті ұстаздардың қолында
Құрметті түлектер, оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы әлемдегі барлық оқушылар, студенттер үшін оңай болған жоқ. Дүниежүзілік білім жүйесі пандемия сияқты үлкен сынақтан өтті. Сіздердің мұғалімдеріңіз де, біз де осы жаңа жағдайға бейімделу үшін, сіздерге сапалы білім беру үшін барынша тырыстық.
Бүгін алтын ұяларыңызбен қоштасайын деп тұрсыздар. Біреулеріңіз жоғарғы оқу орындарына, біреулеріңіз колледжге түсесіздер, біреулеріңіз жұмысқа орналасасыздар. Бірақ қалай болғанда да барлықтарыңыздың алдарыңызда жаңа өмір мен жаңа мүмкіндіктердің болатыны анық.
Мен линейкаға қатысып, өзімнің дәл осындай сіздер секілді мектеп бітіріп тұрған кезімді көзіме елестетіп тұрдым. Сол уақыттағы жүрегімді қорқыныш, үрей, сол уақыттағы үміттер мен армандар. Әрине, қазір сол кездегі үрейдің негізсіз екенін түсініп отырмын. Бүгін мен өзім осыған қатысты кейбір тәжірбиелеріммен бөліскелі отырмын.
Біріншіден, ешқашан қиындықтардан мойымаңыздар. Кім не десе де, кім қалай айтса да, өздеріңіздің алған бағыттарыңыздан қайтпаңыздар. Мен өмірімдегі бір оқиғаны айтып берейін. Дипломды алғаныма тек қана екі жұма болды. Кездейсоқ жергілікті газеттен маслихат депутаттығына сайлау жүретіні туралы хабарды көзіме іліп алдым. Одан кейін достарыма барып, сайлау туралы айтып, оған қатысамын деген шешім қабылдадым. Сол кезде, жиырма бір жастағы мен, кешегі студент бала қолыма өтінішімді алып, жергілікті сайлау комиссиясына барғанда комиссия мүшелері күлкісін жасырмады. Қарсыластарым да дәл солай менсінбей қараған болатын. Сайлаушыларыммен болған алғашқы кездесуім де есімде. Осындай аулаларда сайлаушыларды жинап, “жиырма бір жастағы үміткер” деп мені шақырғанда, бір сөзімді естімей-ақ, жиналған қауымның жартысы үйіне қайтып кетті. Менің штабымда болған өз достарымнан басқа ешкім жеңісіме сенген емес. Өзіме қарсы он бір басшы, қоғам қайраткерлері болғанына қарамастан осы сайлауда жеңіп шықтым. Мен үшін сайлаудағы жеңістен де үлкен жеңіс болды. Әрине, бұл сайлаушыларым мен өзімнің өзіме деген сенімімнің нығая түсуі. Сондықтан, сіздерге айтарым. Естеріңізде болсын, адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да, қайта тұрып, алған бағыттан қайтпау керек. Тағдыр мақсаты айқын және алғанынан қайтпайтын адамдарды жақсы көреді.
Екіншіден, қателіктерден қорықпау керек, барлық адам қателеседі. Бірақ ең маңыздысы сол қателіктерді табу, оларды анықтау және оларды түзеу. Сол қателіктерден сабақ алып, алға қарай жүру. Мектеп бітіргеннен кейін, университетке құжатымды тапсырдым. Бірақ сол жылы грант ала алмадым. Жақсы балл алсам да, профильді пән бойынша оқуға түсе алмадым. Әрине, бұл ол уақытта үлкен күйзеліске алып келді, осымен өмір аяқталған сияқты болды. Соған қарамастан сабыр қылып, оны емтихан ретінде қабылдап, бір жыл күтіп, дайындалып, тағы да ҰБТ-ға қатысып, келесі жылы грантты жеңіп алдым, университетке түсіп, қызыл дипломмен аяқтадым. Сондықтан, өз күшіңізге деген сенім әрдайым болуы керек.
Үшіншіден, басқалардан ерекше болуға ұялмау керек. Өздеріңіз қандайсыздар, өз армандарыңыз қалай, соған жету үшін жұмыс жасау керек.
Ата-аналарыңызға қамқор болыңыздар, сыйлаңыздар, аға-бауыр, іні-қарындастарыңызбен қарым-қатынастарыңызды үзбеңіздер. Әрине, қазір олардың сөздері сіздерге түсініксіздеу болуы мүмкін. Бірақ, мүмкін, он бес, мүмкін, жиырма жылдан кейін сол сөздердің дұрыс екеніне көздеріңіз жетеді.
Бойларыңызда жаңа әдеттер қалыптастырыңыздар, денсаулықтарыңызды нығайтыңыздар. Шындыққа адал болыңыздар, себебі әділдік кез келген адамды мықты етеді. Абай атамыз айтқандай: “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!”.
Қазір сіздер қай университетті, қай мамандықты таңдау жайлы ойда жүрсіздер. Бұл өте маңызды. Енді ЖОО мемлекеттік емес, өз дипломдарын беретін болады. Бұл дегеніміз, болашақта жұмыс берушілер дипломды қажет етпейді, оларға керегі сіздерді білікті маман болуларыңыз. Сол себепті, жоғарғы оқу орнын таңдаған кезде университеттің беделіне, репутациясына, тарихына, жұмыс берушілермен танылуына көңіл аударсаңыздар болашақтарыңыз жарқын болары сөзсіз.
Өмір атты белесте тек қана бір білім алу керек деген қағида қазір жұмыс істемейді. Қазір әлем өте тез дамуда, сондықтан біз де күнделікті оқуымызды, ақпарат алуды, өмір бойы білім алуды жалғастыруымыз керек.
Білім және ғылым министрі ретінде бір нәрсе айтқым келеді. Ең үздік түлектерге мұғалім мамандығын таңдауды ұсынамын. Неге? Өйткені болашақтың кілті ұстаздардың қолында. Еліміздің дамығанын қаласақ, бізге мықты мұғалімдер керек. Осыған біз жағдай жасап жатырмыз. Мемлекет басшысының қолдауымен, мұғалімдердің жалақысы өсіп жатыр, мұны әлі де өсіреміз. Оларды өздеріне тән емес жұмыстарынан арылтып жатырмыз. Болашақ мұғалімдердің стипендиясы - ең жоғарғы стипендия. Сіздерді ұстаздық жолын таңдайды деп үміттенемін.
Құрметті жас түлек, алдыға қойған мақсаттарыңызға, армандарыңызға жетіңіздер, батыл болыңыздар, бәрі өз қолдарыңызда, осы қағида естеріңізден кетпесін.
Сөз соңында айтарым, өздеріңізді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңыздар. Сонда ғана толағай табыстарға жететін боласыздар. Сіздерге ақ жол тілеймін, жолдарыңыз ашық болсын!