Илон Маск: XXI ғасырдың сиқыршылары
Сөз бергенде есалаң деп таныстырмағаныңызға рақмет. Мен Сіздерге пайдалы болатындай, болашақта көмегі тиетіндей, пайдасы бар не айтуға болады деп ойландым. Ақыр соңында, осы жерге қалай тап болғаным туралы, бұның қалай болғаны туралы айтып беруді жөн көрдім. Мүмкін бұдан бір сабақ алып қаларсыздар. Кейде өзім де осындай жағдайға қалай жеттім деп таң қаламын.
Мен жас кезімде есейген соң немен айналысатынымды нақты білмедім. Адамдар бұл туралы көп сұрайтын. Ақырында түрлі нәрселерді ойлап тапсам керемет емес пе деп ойладым.Бұлай ойлаған себебім, Артур Кларктың: «Кез келген жеткілікті деңгейде дамыған технологияның сиқырдан айырмашылығы жоқ» деген сөзін оқыдым. Шынында да солай. Егер біз үш жүз жылға кері қайтсақ, қазір біз қалыпты деп санайтын дүниелер үшін, бізді... сізді отқа өртеп жіберетін еді.
Ұшу деген ақылға сыймайтын нәрсе болды. Алыстағыны көре алу, байланыс орната алу, ортақ ойлау жүйесі тәрізді тиімді интернеттің болуы, әлемнің бар ақпаратының жердің кез келген нүктесінен қолжетімді болуы. Бұны сиқыр десе де болады - өткен шақта бұны міндетті түрде сиқырға теңейтін еді. Бірақ, меніңше, біз бұдан да асып түстік. Себебі қазір біз қалыпты деп есептейтін дүниелерді сол кездің адамдары елестете де алмаған, бұндай тіпті сиқырдың өзінде болмаған. Сиқырдың мүмкіндіктерінен де асып түстік. Сол үшін осындай кәсіппен айналысатын болсам, яғни технологияларды дамыта алсам – бұны нағыз сиқыр деп атауға болады, солай болса керемет болушы еді.
Мені әрқашан өмірлік сұрақтар мазалайтын. Себебі мен өмірдің мәнін ұғынғым келді. Дүниенің мақсаты не? Сөйтіп, “егер біз әлем туралы танымымызды арттыра алсақ, сана-сезіміміздің шекарасы мен көкжиегін кеңейте алсақ, дұрыс сұрақтар қоя алар едік, сауаттырақ болар едік, бұл – алға жылжудың жалғыз жолы” деген қорытындыға келдім. Сол үшін мен физика мен кәсіпкерлік туралы оқыдым. Себебі ойымды іске асыру үшін әлемнің қалай жұмыс жасайтынын және экономиканың қалай жұмыс жасайтынын білу керекпін. Бұған қоса, бірдеңені ойлап табу үшін айналама менімен бірге жұмыс жасайтын адамдарды жинауым керек болды. Себебі жалғыз жүріп жетістікке жету өте қиын, әсіресе, әңгіме жаңа технологияларды ойлап табу туралы болса.
Сондықтан басында мен Калифорнияға электр көліктері қуатының тығыздығын қалай арттыруға болатынын түсіну үшін, яғни батареяларды алмастыра алатын озық үлгідегі конденсатор іздеп келдім. Бұл тоқсан бесінші жыл еді. Бұл интернеттің пайда бола бастаған кезі. Менде, бұл жерде жетістікке жету оңай емес болғанына қарамай осы технологияның ізiне түссем бе екен, әлде Интернетпен жұмыс жасасам ба деген таңдау болды. Сөйтіп оқуды тастап кеттім.
Қуанышыма орай, сіздер оқу бітіріп жатсыздар, сол үшін мені ешкім оқуды тастауға үгіттеп жатыр деп айыптай алмайды. Жалпы, мен интернетте әр жерде тиіп-қашып жүріп, бірдеңелер жасап жүрдім. Солардың бірі Пэйпел еді. Сол үшін, Пэйпелді жасауда маңызды болған дүниелердің бірі бұл істің қалай басталғаны туралы айтып өтсем сіздерге пайдалы болады деп ойлаймын. Басында... Пэйпелді жасаудағы бастапқы ойымыз қаржылық қызметтердің біріккен жүйесін құру болды. Бұл сіздің қаржылық қызметтердегі қажеттіліктеріңіз өзара байланысып, жақсы жұмыс істеп тұруы үшін керек. Біздің бір кішігірім қызметіміз - төлемді электронды пошта арқылы жасау болды. Біз бұны кімге көрсетсек те, әрдайым жүйенің қаржылық қызметтердің байланысы түріндегі күрделі тұсын көрсеттік. Бұны жасау оңай емес және бұған ешкім қызықпады. Кейін біз адамдарға электронды пошта арқылы төлем жасауды көрсеттік. Ол оп-оңай еді. Содан адамдардың қызығушылығы оянды. Сондықтан өз ортаңыздан кері байланыс алу өте маңызды деп ойлаймын. Сіз кері байланыс жүйесінің барлық мүмкіндіктерін қолдана білуіңіз керек. Сол үшін біз электронды пошта арқылы төлемге көңіл бөлдік, оны шынымен де жүзеге асырғымыз келді. Негізі жұмысымызды ілгерілеткен де осы. Бірақ біз адамдардың айтқанына құлақ аспасақ, жетістікке жетуіміз екіталай еді. Сол үшін осындай нәрселерді тауып, оларға көңіл бөлу керек, сосын өз болжамдарыңызға түзету енгізуге тиіссіз.
Пэйпелден кейін адамзаттың болашағына басқа қандай мәселелер әсер ететіні туралы ойландым. Мен “ақша табудың ең тиімді жолдарын” іздемедім, бұлай ойлау - қалыпты нәрсе, бірақ мен шынымен “адам баласының болашағына не әсер етеді” деп ойландым.
Меніңше, Жердегі басты мәселе - тұрақты қуат көзін табу. Егер қуат көзін тұрақты өндіру және тұтыну мәселесін осы ғасырда шешпесек, үлкен қиындыққа тап боламыз. Екінші мәселе - көп ғаламшарда өмір сүре алу үшін, Жер бетінен тысқары өмір сүру мүмкіндігін қарастыру. Сондықтан бұл СпэйсИкс жобасының негізі, ал СоларСити мен Тесла жобалары алдыңғы мәселеге жауапты.
Мен СпэйсИксті алғаш ашқан кезде жалғыз өзім ғарыштық компания құра алам деп ойламадым. Мен сондай ессіз болдым деп айта алмаймын. Бірақ сол кезде НАСАның бюджетін қалай ұлғайтса болады деп ойладым. Бұл менің әуелгі мақсатым болды. Сол үшін мен Марсқа аттанатын “Оазис” деп аталатын қолжетімді жоба жасай алсақ деп ойладым. Ол Марсқа құрғаған қоректі гелдерге отырғызылған тұқымдарды жеткізіп, тұқымдарды ылғалдандырып топыраққа отырғызса. Сонда сіздерде қызыл топырақтағы жасыл өсімдіктердің керемет суреттері болар еді.
Адамдар әдетте бұндай ерекше жағдайларға назар аударады, ал бұл Марстағы және сонша алысқа жеткен алғашқы өмірдің белгісі болар еді. Мен бұл оқиға адамдарды таң қалдырады деп ойладым, сөйтіп осы арқылы НАСАның бюджеті ұлғайса. Әлбетте, мұндай сапардан қаржылай пайда таппайтынымыз анық. Сондықтан біз үшін кез келген оң нәтиже жақсы болар еді.
Сонымен, мен есептен шығарылған құрлықаралық баллистикалық зымыран сатып алам деген үмітпен үш рет Ресейге бардым. Себебі бұл ең ұтымды жол болды. Содан мен 2001 жылдың соңы, 2002 жылдың басында сол жаққа жол тарттым, орыстардың қарулы күштеріне барып, “мен сіздердің ең үлкен екі зымырандарыңызды сатып алғым келеді, жарғыш орналасқан оқтұмсығын алып қалсаңыздар болады, ол маған керек емес” деп айту бір түрлі болды.
Бұл осыдан он жыл бұрын еді. Сол үшін, олар мені есінен ауысқан деп ойлады. Бірақ менің ақшам бар еді, сондықтан бұл қалыпты нәрсе болды. Ресейге бірнеше рет барғаннан кейін, мен өзімнің бастапқы ойларымның қате болғанын түсіндім, себебі мен басында... Жерден тысқары аумаққа шығуға және оны зерттеуге, Марста қоныс құруға, т.с.с. нәрселерге ешкімнің құлқы жоқ деп ойладым. Бұл қате пікір болып шықты.
Шын мәнінде, бұлай жасағысы келетіндердер көп екен, әсіресе АҚШта. Себебі АҚШ - зерттеушілердің елі, адамдар мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған. Меніңше АҚШ - адамзат зерттеулерінің рухы шоғырланған жер. Бірақ, егер адамдар бұны мүлдем мүмкін емес немесе үкіметтің бюджетін құртады деп ойласа, олар бұл қадамға бармайды. Сол үшін, мен өзімнің үшінші сапарымнан кейін “жақсы, біздің негізгі шешуіміз керек мәселе ғарыш кемесін жасап шығару” деп айттым, сөйтіп, СпэйсИксті аштым.
Менің бұл шешімім сөйлескен адамдардың барлығының кеңестеріне қарама-қайшы болды. Бір досым маған зымырандар жарылып жатқан бейнежазбаларды көрсетіп қойды. Негізі, оның сөздерінің шындыққа сай келгенін айтуым керек. Бастапқыда өте қиын болды. Себебі, мен ешқашан зат түрінде ештеңе жасап көрмегем. Әрине мен бала күнімде зымырандардың кішкентай сұлбаларын құрастырғам, бірақ менің ешқашан заттай бірнәрсе жасап шығартын кәсіпорным болмады. Сол үшін осының бәрін басынан бастап үйренуге және лайықты топ құру үшін адам жинауға тура келді. Біз бұны жасай алдық, бірақ үш рет сәтсіздікке ұшырадық. Бұл оңай емес, өте қиын болды. Зымырандар туралы ойлаңыз, жеткілікті көрсеткіш - 100 пайыз. Сіз зымыранды өзі ұшатын шынайы ортада сынақтан өткізе алмайсыз. Меніңше, зымыранды ұшыруға жауапты инженерлердің жұмысын былай елестетуге болады: сіз өте күрделі компьютер қосымшасын жасап шығарғыңыз келеді, бірақ сол қосымшаны бүтіндей етіп іске қоса алмайсыз, жұмыс жасауы тиіс компьютерде тексеріп көре алмайсыз. Бірақ сіз оны алғаш рет іске қосқан кезде ол айна қатесіз жұмыс жасап тұруы керек. Ия, зымыран ұшыру да дәл солай. Сондықтан біздің қолымыздан келе қоймады.
Зымыранды бірінші рет іске қосқанда мен зымыран бөлшектерін ұшу аймағынан жинап алдым. Аздап көңіл-күйімізді түсті. Ары қарай біз әрбір ұшудан сабақ алдық. Ақырында, 2008 жылы төртінші рет зымыран ұшырғанымызда біз орбитаға жете алдық. Біз бұны ең соңғы ақшамызға жасаған едік. Құдайға шүкір, біздің қолымыздан келді. Ер кезегі - төрт болып шықты. Осылайша, біз Фэлкон бірді орбитаға жеткіздік, кейін оны тарту күші бірнеше есе үлкен Фэлкон тоғызға дейін жетілдірдік. Шамамен, миллион фунт тарту күшіне тең. Біз оны орбитаға жеткізе алдық, одан соң Дрэгон ғарыш кемесін ойлап таптық, ол жақында ғарыштағы жерсерікпен байланыс орнатып, жерге қайта оралды.
Бұл бір өзі бізді уайымға салған оқиға болды. Сол үшін иығымыздан ауыр жүк түскендей болды. Бұның жүзеге асқанына әлі де сене алмай жүрмін. Бірақ адамзат ғарыш деңгейінде өркениет құрып, көп ғаламшарлық түрге айналуы үшін әлі де біраз нәрсе орын алуы керек. Меніңше, бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Осында отырғандардың ішінде СпэйсИксте болсын немесе басқа компанияда болсын, осы бастамаға үлес қосатындар бар деп үміттенемін. Себебі бұл біздің сана-сезіміміздің сақталуы мен кеңеюі жолындағы аса маңызды мәселе.
Айтып өтейін, Жер шамамен төрт миллиард жыл бұрын пайда болды. Ал жазу қалыптасқан сәттен бастап есептесек, өркениетке шамамен он мың жыл болды деп айтуға болады, бұның өзі асыра сілтеу. Сол үшін Жердегі өркениет пен біздің түсінігіміздегі сананың пайда болғанына көп бола қоймады. Меніңше, меніңше... Негізі мен Жердің жарқын болашағына сенемін. Сондықтан мен адамдардың “Маск біз әні-міне дегенде жойылып кетеміз” деп ойлайды деген жалған пікірде болғанын қаламаймын. Мен Жердің жағдайы, шамамен, әлі де ұзақ уақыт бойы жақсы болады деп ойлаймын. Нақты емес, бірақ шамамен солай болады.
Бірақ тіпті бұлай болу ықтималдылығы тоқсан тоғыз пайызға тең болса да, қалған бір пайыз ғаламшарды қорғауға және биосфераны сақтап қалуға күш салуымызға тұрады. Мен бұны, шынымен де, маңызды нәрсе деп ойлаймын. Ал бұны жүзеге асыру үшін үлкен серпіліс орын алуы керек. Марсқа баратын жылдам әрі көп рет қолдануға жарамды транспорт жүйесін жасап шығару. Бұл орындалуы мүмкін емес дейтін дүниелердің бірі. Бірақ біз СпэйсИксте осыған ұқсас дүниені жасап шығарумен айналысып жатырмыз.
Ал Теслаға келсек... Тесланың мақсаты электр көліктерінің неге жарайтынын көрсету, себебі адамдардың электр көліктері туралы ойы қате қалыптасқан. Бізге адамдардың электр көліктеріне қатысты түсінігін өзгерту керек болды. Себебі адамдар оларды баяу, ұсқынсыз, ұзақ жолға жарамайтын гольфке арналған көлік сияқты деп ойлады. Сондықтан біз оның жылдам, әдемі әрі ұзақ жолға жарамды бола алатынын көрсету үшін Тесла Родстерді жасап шығардық.
Бәрінен бұрын таңғалдыратын нәрсе адамдарға бір нәрсенің жұмыс жасайтынын, жүргізген есептердің нақты екенін қағазға түсіріп көрсетсең де, адамдар оны қолмен ұстап көрмейінше, рөлге отырмайынша қабылдамайды. Сондықтан одан пайда жоқ.
Егер сіз компания құрамын деп шешсеңіз, сіздің ең алғашқы қадамыңыз жұмыс жасайтын прототип жасап шығару болуы керек. ПауэрПойнтта бәрі күшті. Онда кез келген нәрсе жұмыс жасауы мүмкін. Бірақ сізде қарапайым болса да, көрсете алатын дүние болса, бұл адамдарды сендірудің әлдеқайда тиімді жолы.
Содан біз Тесла Родстерді жасадық. Жақында Модель Эсті көрсетеміз. Төрт есікті седан. Себебі біз Родстерді жасаған соң, адамдар бізге “әлбетте, біз сіздердің бұндай көлікті жасай алатындарыңызға еш күмән келтірмедік, ол қымбат, дауысы тыныш, кішкентай т.б, бірақ кәдімгі көлікті бәрібір жасай алмайсыздар” деп айтты. “Жақсы біз оны да жасаймыз”. Жалпы, ол жақын арада шығады.
Сонымен жалпы жағдай осылай болды. Бұдан сабақ алуға болады деп үміттенемін. Мен айтқым келген басты нәрсе: сіздер, жастар - жиырма бірінші ғасырдың сиқыршысысыздар, сіздерді ешнәрсе тоқтатпасын. Қиял ғана шекара. Сондықтан алға! Ғажайыпты күтпеңіздер, оны өздеріңіз жасаңыздар!
Рахмет.