Кішкентай ханзада
Сәлем армандас. Менің атым Тони. Саған өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірін айтып бергім келеді. Бала кезімде кітаптан әбжыланның бір жыртқышты жұтып жатқанын көрдім. Содан жабайы жануарларға қызығып пілді жұтып қойған әбжыланның суретін салдым. Бірақ үлкендер оны қалпақ деп ойлады. Сосын оларға түсіндіру үшін әбжыланды ішінен салдым. Бірақ үлкендер маған әбжыланды сыртынан да, ішінен де салудың орнына, георграфия, тарих, есепке, заңгерлікке көңіл бөл деп ақыл айтты. Осылайша, екі суреттен кейін бетім қайтып, суретші болудан бас тартым.
Кейін ұшқыш болдым. Әлемді шарлап жүріп өзге ғаламшардан келгенКішкентай ханзаданы кездестірдім. Ол менің суретімнен қалпақ емес, піл жұтып қойған әбжыланды көрген жан болды.
Кішкентай ханзада өзінің раушан гүлінің қыңыр мінезінен шаршапты-мыс. Уақытылы суарып, жел соққан бетке қалқа қойып, салқын түссе қақпақпен бүркеп жүріп, гүлдің еркелігін көтере алмапты. Содан, білсем, көрсем, үйренсем, жолдас тапсам деп саяхатқа шыққан екен.
Осы сапарда екеуміз де достық пен махаббаттың, жалғыздық пен жақынынан айрылудың не екенін түсіндік. Досымыз түлкі бізге адамды тануды, шынайы жақындықты үйретті. Адамды жақыныңа айналғанда ғана танисың. Ал үлкендердің оған уақыты жоқ, дайын нәрсені сатып алып үйренген. Бірақ достық дүкенде сатылмайды. Ол үшін шыдамдылық таныту керек. Көңіл-күйі түскенде үнсіз ғана жанында болып, үнемі көңіл бөліп, кездесіп қуанту керек. Сонда ғана адам жақыныңа айналады, сенің әлеміңде ерекше орынға ие болады. Кішкентай ханзада раушан бағындағы көп гүлдің ешқайсысы өз гүліндей болмайтынын сонда ғана түсінді. Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу. Жүрек қана қырағы. Ең бастысын көзбен көре алмайсың. Сұлулықты жүрекпен қарағанда ғана көруге болады. Кішкентай ханзаданың жұлдыздарға сонша қарауының себебі енді түсінікті болды. Себебі олардың біреуінде оның раушан гүлі бар. Мына шөлдегі құмның жылтылдау себебі - оның бір жерінде бұлақ жасырылған. Бала кезде үйімізде қазына жасырылған дегенді естуші едім. Бірақ оны ешкім таппады, мүмкін ешкім іздемеген де шығар… Сол күйі жұмбақ болып қалды. Ал менен біреу суретші көрді ме екен… Жүрек қана қырағы. Ең бастысын көзбен көре алмайсың. Есіңде болсын, сен жақындарыңа жауаптысың. Адамдар бұны ұмытқан. Мен де Кішкентай ханзада да жақындарымыздың қадірін олардан айрылғаннан кейін түсіндік.
Кішкентай ханзаданың жол-жөнекей кездестірген үлкендерінен өзімді, өзімнің айналамды көремін: өз-өзіне есеп берудің маңызын біле тұра, өзгені басқаруға асығып тұратын Патша, өзінен басқаны көрмейтін Менмен, ішкіштігін ішімдікпен ұмытқысы келетін Маскүнем, байлығынан өзіне де, өзгеде қайыр жоқ Дүниеқоңыз, өз уәдесінің тұтқыны болған Шырақшы, бірде-бір рет саяхаттап көрмеген Табиғаттанушы. Кішкентай ханзада маған күйбең тіршіліктен ләззат алу мен өз өміріме жауапты болуды үйретті. Арайлап атқан таңды, қызарып батқан күнді, жымыңдаған жұлдыздарды тамашалауды және жұпары аңқыған гүлді сүюді үйретті. Оның өмірлік ұстанымы менің де өмірлік дағдыма айналды. “Ерте тұрасың, жуынасың. Өзіңді ретке келтіріп болғаннан кейін өз әлеміңді ретке келтіруге кіресесің”. Жанартауларды тазалап, баобабтарды отау керек. Баобабтар мен раушан гүлінің бұталары ұқсас келеді, сондықтан ажырата алатындай сәтке келгенде бірден отап тастау керек. Әйтпесе олар ғаламшарыңды жаулап алады.
Өз өміріңе, өз әлеміңе немқұрайлық танытуға болмайды, солай емес пе. Жүрегіміз бен санамызға ұя салғысы келетін жаман ойдан арылып, үміт пен сенім шуағына бөленуіміз керек. Күнделікті тірліктен мағына көріп, жақындарымызға, қоршаған ортаға қамқор болып, арманымызға ұмтылғанда ғана өмір қуанышқа айналады. Жүрек қана қырағы. Бастысын көзбен көре алмайсың. Біреуге ақыл айтқанды су қаным сүймейді. Бірақ мына баобабтардың суретін жан-тәніммен беріліп салдым. “Балақай, баобабтардан сақ бол!”.
Арман жолында Кішкентай ханзаданы міндетті түрде кездестіресің, оған менің сәлемімді жеткіз. Мен оны сағындым, жұлдыздарға қараған сайын оның күлкісін естимін. Раушан гүлі не болды екен? Бұған үлкендердің ешқайсысы қызықпас...