Бірінші байлық
April 25, 2019

Баланың аузынан шығатын жағымсыз иістен қалай құтылуға болады?

Ауыздағы жағымсыз иіс белгілі бір себептен шықпайды. Оған түрлі аурулар әсер етуі мүмкін. Балапаныңыздың аузынан жағымсыз иіс шықса, дереу педиатр, гастроэнтеролог және стоматолог дәрігеріне тексертіңіз. Кей жағдайларда психологиялық ауруларға бейім жандардың да аузынан жағымсыз иіс шығады. Егер балаңыздың аузынан жағымсыз иіс шықса, онда балаңыздың бір мүшесі ауырады деген сөз. Сондықтан да сәбиіңізді жалпы сараптамадан өткізіп, тексертіп алғанның артықтығы жоқ. Егер сараптама нәтижесі оң шығып, ешқандай ауру анықталмаса, онда ауыз қуысының тазалығына мән берініз.

Ауыз қуысын дұрыс күтпегеннен...

Көп жағдайда дұрыс күтім жасалмағаннан ауыздан жағымсыз иіс шығады. Мұндай кезде балаға кішкентай деп қарауға болмайды. Тазалықты кішкентай күнінен бастап қолға алу керек. Жылына 2 рет тіс дәрігеріне тексеріліп, арнайы ем-домын алғанның зияны жоқ. Балаңыз 2 жастан асқан болса, онда оған жеке тіс щеткасы мен пастасын алып беріңіз. Сөйтіп таңертең және кешке, яғни екі мезгіл тісті тазалауды үйретініз. Одан бөлек әр тамақтан соң ауыз қуысын таза сумен шаюды әдетке айналдырыңыз. Бұл әдіс тісті таза ұстауға және ауыз қуысындағы жағымсыз иісті жоюға септігін тигізеді.

Жұтқыншақ ауырғаннан...

Бұл да ауыздағы жағымсыз иістің пайда болуына ықпал етеді. Өйткені тамаққа түскен созылмалы инфекция, бадамша безінің қабынуы, жұтқыншақ пен құлақтың қабынуы да жағымсыз иістің шығуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар асқазан, ішек аурулары кезінде де ауыздан жағымсыз иіс шығады.

Сілекей бездері дұрыс бөлінбегеннен...

Балалардың ауыз қуысының ауруына сілекей бездерінің тікелей ықпалы бар. Сілекей дұрыс бөлінбесе, баланың аузы құрғап, қажетті микроэлементтер бөлінбейді. Негізінде сілекейден ион, амилаз және мальтоз, протеаз, липаз, лизоц, фосфатаз, иммуноглобулин секілді пайдалы заттар бөлінеді. Мұның бала денсаулығына айтарлықтай пайдасы тиетінін білесіздер. Осы құрамының арқасында баланың асқазаны дұрыс жұмыс істеп, тістің эмалін қалыпты сақтайды.

Дәрі қабылдағаннан...

Ауыздағы жағымсыз иіс күйзелістен, ұйқының дұрыс болмауынан, мазасызданудан, бірнеше дәрі қабылдағаннан да пайда болады. Kөп жайдайда аллергияға, іш ауруға, несеп жүргізуге арналған дәрі ішсе, ауыздан жағымсыз иіс шығады.

Мұрынмен дұрыс тыныс алмағаннан...

Мұның да ықпалы бар. Қалай дейсіз бе? Мұрынның қызметін ауамен жұғатын инфекциялық және созылмалы аурулар, тіс аурулары, есте сактау қабілеттің төмендеуі бұзады. Осының әсерінен ауыздан жағымсыз иіс шығуы мүмкін.

Асқазан мен ішек жұмысы бұзылғанда...

Жас балалар тойғанын білмейді. Сосын олар тәттіні шамадан көп жейді. Ата-аналар балаларына ащы, қуырылған, майлы тағамдарды бермейді. Бірақ тәттіден тыя алмайтыны анық. Тәттіні шектен тыс жеген бала міндетті түрде тіс ауруына шалдығады. Tic дәрігерлері тәтті жеген баланың аузын жылы сумен шаюға кеңес береді.

Сонымен қатар, тоқ, аш ішектің бұзылысы, асқазан аурулары, бауыр, ұйқы безі, өт қабының жұмысында өзгерістер болса да ауыздағы иіске кері әсер етеді.

Жағымсыз иістен арылу үшін не істеу керек?

Ауыздағы жағымсыз иісті кетіру үшін алдымен нақты неден пайда болғанын анықтап алу керек. Соған орай амал жасалынады. Ешқашан өз бетіңізше ем жасамаңыз. Міндетті түрде дәрігердің кеңесін алыңыз. Алдымен педиатр дәрігерге барыңыз. Оның нұсқауымен қай дәрігерге, қандай ем алуға болатынын білесіз.

Дәрігер не дейді?

Нұрманова Сандуғаш Болатбеккызы, «Доктор Байтов» тіс емханасының стоматолог дәрігері:

- Балалардың аузындағы жағымсыз иіс көп кездесе беретін жағдай емес. Негізінде ауыз қуысында тіс жегісі болса, ауыз қуысының тазалығын дұрыс сақтамаса, ішкі құрылыста қандай да бір өзгерістер орын алып жатса, ауыздан жағымсыз иіс шығады. Одан арылу үшін дәрігердің тексерілуінен өту керек. Диагноз нақтыланғаннан соң қажетті емді жүргіземіз.

Алдымен ауыз қуысын емдеп, сауықтыру қажет. Сөйтіп ауызға қалай күтім жасау керектігін үйрету лазым. Кез келген адам жылына 2 рет тіс дәрігеріне тексеріліп тұруы керек. Қажет болса кальций дәрумендерін қабылдау керек. Одан бөлек физиологиялық емнің де артықтығы болмайды. Бұл тек балаларға ғана берілетін кеңес емес. Маман ретінде әрбір адамға айтарым осы.

Қазірде байқасаңыз, жас буындардың тісін жұлып, орнына жасанды тіс салып жатырмыз. Ертеңгі күні жастары 60-қа жетпей-ақ, протез киетіндері айдан анық. Мұның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан, ауыз қуысына қажетті күтімді жасамағаннан орын алып жатады. Жасыратыны жоқ, кешке жатар алдында тістерін жууға ерінетіндер бар. Tic жууға арнайы уақыт бөлудің кажеті жоқ. Бар-жоғы 2-3 минут қана жетеді.

Жағымсыз иістен арылтатын тағамдар

1. Қатты көкөністер мен жемістер

Нақтылап айтсақ, алма мен сәбіз. Бұлар адам ағзасы үшін аса бағалы дәрумендер мен пайдалы элементтерге бай. Сонымен қатар, қызыл иекке массаж жасап, қан айналымды жақсартады әрі заталмасуды реттейді. Tic ауруларының алдын алып, тазалайды.

2. Көктер (ақжелкен, аскөк, балдыркөк)

Егер көктерді үзбей қолданып жүрсеңіз, онда тістің, қызыл иектің қанауын болдырмайды. Мәселен, ақжелкен тісті ағартатын қасиетке ие болса, ал аскөк жағымсыз иістен арылтады.

3. Жаңғақ жартылай қаныққан майлы қышқылдар мен ақуызға бай. Сонымен бірге А. Е жене В тобындағы дәрумендернің қайнар көзі. Бұл тағамнан тісіміз үшін аса қажет калий, кальций, магний, фосфор, темір секілді элементтерді алуға болады.

4. Сүт тағамдары тісті ағартып, әдемі күлкі сыйлайды.

5. Теңіз өнімдері тісті фтормен байытады.

6. Жұмыртқа құрамындағы бағалы заттарының арқасында тісті қатайтып, саулығын сақтайды.

7. Көк шай тісті тіс жегісінен сақтайтын фтор береді.

8. Ананас - тістегі сары дақтарды кетіріп, ауыз қуысын керемет тазалайды.