Ана мен бала
April 25, 2019

Жүктілікке дайындықты қалай жүргізу қажет?

Бүгінгі таңда дені сау баланы дүниеге әкелу күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Әйел денсаулығының осылайша тым нашарлап кетуіне не себеп? Табиғаттың ластануы,экология салдарынан деп жатады. Бұлайша экологиядан деп бір жақты қарауға да болмайтын сияқты. Себебі, бұдан бөлек, адамдардың дұрыс тамақтанбауы, сауатсыздығының салдарынан да қоғамда осындай мәселе туындап отыр. Дегенмен, қандай мәселенің болмасын шешілмейтін түйіні болмайды. Осы орайда біз көкейімізде жүрген сауалдарымызды «Гранд» клиникасының гинеколог, репродуктолог. эндокринолог дәрiгeрі Абдраманова Айгүл Ибадуллақызынан сұраған болатынбыз. Бұл сыр сұхбат қыз-келіншектерге үлкен ой салады деген үміттеміз.

- Айгүл Ибадуллақызы, қазіргі кезде көп әйелдер жүкті болуға асығады. Алайда жүктілікке ешқандай дайындық жүргізбейді. Мәселен, шетелдерде екіқабат болғанға дейін, яғни, 6 ай бұрын өз-өздерін күтіп, ішкілікке, темекіге әуестенбейді. Осылайша дені сау баланы дүниеге әкелуге алдын-ала дайындық жасайды. Сіз осы тұрғыда қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Иә, шынында да сіз өте күрделі мәселені көтеріп отырсыз. Өйткені соңғы уақытта әйелдеріміз бала көтергенімен сау баланы дүниеге әкеле алмай жатыр. Дені сау бала дүниеге келмегеннен кейін мәселе күрделене береді. Осындай мәселені болдырмас үшін ерлі-зайыптылар қалай дайындық жасауы керек? Ол үшін әйелдер гинеколог дәрігерге қаралса, ер адамдар уролог маманына баруы тиіс. Гинекология жағынан тексеру өте күрделі жүреді. Алдымен қынаптан мазок алып, инфекцияның бар-жоғын тексеріп, барлық анализдерді аламыз. Мұның бәрі де жүктілік кезінде судың көбейіп не азайып кетпеуіне, кірлеуіне, босану кезінде инфекцияның болмауының алдын алу үшін жасалатын әрекеттер. Осылайша толықтай тексеруден өткеннен кейін ғана бала көтеруге кеңес береміз. Алайда мұнымен тексерілу бітпейді. Дені сау баланы дүниеге әкелгісі келетін әрбір әйелдің ішкі ағзалары да тексерілуден өтуі керек. Мұндайда олар стоматолог, ЛОР, т.б. дерігерлерге қаралып шығады.

Ал, шетелдегідей 6 ай немесе 1 жыл бұрын жүктілікке дайындалуға біз де кеңес береміз. Алайда мұны көп әйелдер орындай бермейді.

- Жүктілікке дейінгі тартқан темекі мен ішкіліктің болашақ ана мен балаға зияны қандай? Осы жөнінде айта отырсаңыз.

- Ішкілік пен темекінің зиянды екені белгілі. Ал, медициналық тұрғыда айтатын болсақ, темекі шегіп, ішімдікке әуестенген әйелдердің қан тамырлары тарылып, қан айналым нашарлай береді. Мұның соңы жүктілікке айтарлықтай зиянын тигізеді. Мәселен, ерте босану мен туылған баланың дені сау болмауын айтуға болады.

- Соңғы уақытта түсік тастайтын әйелдердің саны да күн санап артуда. Сондай-ақ, іште жатқан шарананың өлі туылуы да жиі кездеседі. Бұған не себеп болады?

- Дамымаған жүктіліктің болуы бірінші кезекте жыныстық қатынас арқылы берілетін инфекцияға байланысты. Бүгінгі күні 60 пайыздан жоғары жұптардың арасында хламидиоз, уреаплазма, микоплазма, цитомегаловирус, гарднереллез, трихоманадо сынды инфекциялар жиі кездеседі. Мұның барлығы да дұрыс жыныстық қатынаста болмаудың, сақтанбаудың, сауатсыздықтың әсерінен туындайтын мәселелер. Сонымен қатар, ер адамдардың жыныстық серіктестерінің бірнешеу болуы да себеп болады. Сөйтіп, бұл инфекциялар күйеуінен әйеліне жұғады. Мұндай жағдайда қынаптан анализ алынады немесе қанын тексеру арқылы инфекцияның жедел не созылмалы түрі екенін анықтаймыз. Содан соң күйеуі де, әйелі де бірге емделіп, жүкті әйелдің дені сау баланы дүниеге әкелуіне жағдай жасауға мүмкіндік бар.

Жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулармен қатар, түсік тастауға, шарананың дамымай қалуына ішкі ағза аурулары да себеп болады. Әсіресе эндокринді жүйенің бұзылуы өте көп кездеседі. Қалқанша безі дұрыс жұмыс істемесе әйелдің бала көтеруге мүмкіндігі азаяды. Ал. екіқабат болған жағдайда түсік тастауға, ерте босануға немесе нәрестенің тума қалқанша безінің бұзылуымен туылуы жиі кездеседі.

- Бірінші баладан кейін спираль салдырған кейбір әйелдер бала көтере алмай зардабын тартып жатады. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

- Бірінші баладан кейін қынап жолдарында инфекция болмаған жағдайда ғана спираль салдыруға болады. Спираль - бөтен зат болғандықтан, жатырға салғаннан кейін сырттан инфекция түсіруі мүмкін. Соның салдарынан болашақта бала көтере алмай қалуы ғажап емес. Қазіргі таңда спиральдан бөлек, көптеген сақтануға 100 пайыз көмектесетін препараттар жеткілікті. Алайда гормондарды қабылдауға көп әйелдер қорқады. Мұндай препараттарды уақытылы қабылдап жүрген жағдайда еш зияндығы жоқ. Керісінше спираль 100 пайыз бала көтеруден сақтай алмайды. Сондықтанда бірінші баладан кейін мүмкіндігінше спираль салдырмаған дұрыс.

- Соңғы уақыттағы тағы бір күрделі мәселелердің бірі жас қыздардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі болып отыр. Осындай келеңсіздіктің соңы оларды ана атану бақытынан айырады екен. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды? Мұндай жағдайлар өз тәжірибеңізде кездескен бе?

- Иә, қазіргі уақытта ерте жыныстық қатынасқа түсу көбейіп барады. 18 жасқа толмаған қыздарымыз мұндай әрекетке ойланбай қадам жасауда. Менің тәжірибемде 12, 13, 14 жастағы қыздардың жыныстық қатынасқа барғандары кездескен. Мұндай жаста олар жүктіліктен сақтануды білмейді. Соның әсерінен де гормондар бұзылып, болшақта бедеулікке шалдықтыруы мүмкін. Сондай-ақ. жыныстық қатынас арқылы түрлі инфекциялық ауруларды жұқтыруы да ғажап емес. Содан соң жатыр суықтап, түтікшесіне де айтарлықтай зиянын тигізеді. Мұның соңы жатыр түтікшесінің жабылуына апарып соқтырады. Болашақта мұндай қыздар табиғи жолмен бала көтере алмайтын жағдайға жетеді.

Дәрігер ретінде айтарым, қыздар тек тұрмысқа шыққаннан кейін ғана жыныстық қатынаста болғаны дұрыс. Себебі бұл уақытта қыздардың физиологиялық жағдайы да қалыпқа келеді. Оның үстіне бұл уақытта тек бір ғана жыныстық серіктесі болады. Мұндайда инфекция жұқтыруға да негіз болмайды деп ойлаймын. Тұрмыстағы әйел өзі мен ерінің денсаулығын күтіп, дұрыс жүріп-тұрса, дені сау баланы дүниеге әкеле алады.

- Дәл қазіргі уақытта сіздердің клиникаларыңызда көбінесе қандай аурулармен ауыратын әйелдер тіркеуде тұр?

- Бізге келетін әйелдер өте көп. Соған сәйкес ауруларының түрі де жетерлік. Көбінесе жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулармен ауыратындар келеді. Сонымен қатар, етеккір бұзылысына шағым айтып келетіндер де бар. Бұдан бөлек, гормон ауытқушылығы да жиі кездесетін жағдайлардың бірі. Мұндайда біз әйелдерді тексеруден өткізіп, қажетті емін жасаймыз. Түрлі антибиотиктерді қабылдау арқылы бұл аурулардан айығуға болады. Бір ғана антибиотикпен іс бітпейді. Науқасты физкабинетке апарып, УДЗ-ге түсіріп, барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Жиі-жиі гормондарды тексеруден өткізіп, азайғанын не көбейгенін біліп отыруымыз керек. Әйелдерді босанғанша осылайша бақылауда ұстаймыз. Еуропалық ғалымдардың пайымдауынша қазіргі кезде әр төртінші жұп бедеуліктің зардабын тартуда екен. Ал. 2025 жылға дейін әр екінші жұптың сәби сүюге қауқарсыз болуы мүмкін деген болжам бар. Міне, осындай жағдайдың алдын алу үшін біз қазір қарқынды еңбек етудеміз. Әйелдерге қажетінше кеңес беріп, ұғындыруға тырысамыз.

- Айгүл ханым, алтын уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға тұшымды жауап бергеніңізге үлкен рахмет. Әлемнің байлығы саналатын балалардың санын көбейтуге үлес қоса беріңіздер!